$ 494.87  520.65  4.91

«Бозжыра шын мәнінде отель емес, шлагбаумы бар блокпостқа зәру болып отыр» - саяхатшы-журналист

Ол жерге атқа мінген полиция, киіз үйде тұратын қорықшы мен экология маманын қою керек.
Фото: Влад Ротмистров
Фото: Влад Ротмистров

Атақты Бозжыра шатқалына қонақүй салу жобасы тек экологтар ғана емес жалпы жалпы қазақ қоғамының жаппай қарсылығын тудырып жатыр деуге болады. Тіптен, шетелдік сарапшылар да үн қосып, аталмыш аумаққа құрылыс салудың арты үлкен экологиялық апатқа ұрындыратынын айтып жатыр. Өкінішке қарай, экологтардың ерекше табиғи ескерткіштің тағдыры Қарақия ауданы тұрғындарын ғана емес, бүкіл Қазақстан халқын алаңдатады деп шыр-пыр болып жатқанына қарамастан, қонақ үй салуға ниеттеніп отырғандар алған беттерінен қайтар емес, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Айтпақша, бұл мәселеге белгілі журналист, саяхатшы әрі қоғам белсендісі Влад Ротмистров та өзінің пікірін білдірген. Оның айтуынша,  Бозжыраға қонақүй салынса мұндай бірегей өңірдің туристік тартымдылығы жойылады. Арқарлар мен қарақұйрықтар ол жерден мәңгіге кетеді. Влад Ротмистровтың бұл жазбасын қоғам белсендісі Қуаныш Еділхантегі өзінің facebook парақшасында аударып жариялаған. 

«Бозжыра туралы айтыс басталғаны мәселені "шешкіштер" тарапынан менің пікірімді ешкім сұрамаса да, бәрібір көзқарасымды білдірейін.

Мен жыл сайын 2005 жылдан бастап Бозжыраға барамын, барған сайын туроператорлар мен туристер оны қандай күйге түсіріп жатқандарын көріп жүрмін.

Айналасын көліктерімен ала шаңға айналдырады, квадроцикл, мотоциклдерімен ең жоғарғы "тістеріне" шейін өрмелейді, айналасына денелерінен шыққан нәжістерін тастайды, жалпы ойларына келгенін жасап жүр. 

Соған қарамастан Бозжыра өзінің алғашқы әсемдігі мен балғын келбін әзірге сақтап келе жатыр...

Оның жанынан отель салу деген сөз оны сол балғын бейнесінен айыру ғана емес, табиғи көркемдігін жою деген сөз. Бөтен нәрсенің пайда болуы көзге шыққан сүйелдей болады. Құрылыс салу барысында және кейін оны пайдалану кезінде отельдің сол аумаққа антропогендік кері әсері бірнеше есе ғана емес, жүздеген есе өседі, мұндай бірегей өңірдің туристік тартымдылығы жойылады. Арқарлар мен қарақұйрықтар ол жерден мәңгіге кетеді.
Мен Маңғыстаудың табиғаты мен Бозжыра туралы аз фильм мен ролик түсірген жоқпын. Және жыл сайын бақылаусыз өсіп отырған туристердің ағыны осындай борлы тыныштық патшалығын қалай біртіндеп құртып жатқанын көріп отырмын.

Сондықтан менің пікірім мен қорытындым.

Бозжыраға отель емес, шлагбаумы бар блокпост, атқа мінген полиция, киіз үйде тұратын қорықшы мен экология маманын қою керек.

Шыңнан 5 км қашықтықтан көліктер тұратын алаңқай, палаткалар тігетін орын дайындау керек. Әрі қарай жаяу жүрсін. Жүре алмайтындар атқа, түйеге немесе электрокарға мінсін.
Қатаң маршрутпен жүрсін және қатаң бақылансын.

Және ақшасына қызмет көрсетілсін. Сұлулық үшін төлеу керек. Анығында, оны қорғау мен тәртіпті сақтау үшін әр адамнан мың теңге ешкімге де салмақ сала қоймас. 

Оқи отырыңыз: «Жабайы туризмді тоқтатпасақ Бозжыраның табиғи қалпын сақтай алмаймыз» - эколог

Ал "қызыл сызықты" кесіп өтер алдында міндетті түрде нұсқаулықтан өтсін. Белемниттерді қазуға болмайды. Арқарды үркітуге болмайды, тастарға тиіспесін, тіпті жерден ештеңе көтермесін, борпылдақ беткейлерге өрмелемесін, шар-тастарға жазып-сызбасын...
Келдің, көрдің, медитация жасадың, ашық аспан астында жұлдызды түнде түнедің, енді кет, сенің болған ізің де білінбейтін болсын.

Қайдағы отель?
Бірінші кезекте блокпост ғана қою керек.
Ал ережені қатаң сақтау керек!
Ол үшін сол ережені алдымен жасақтау керек.

Ал нағыз отель қойғың келіп бара жатса, оны жоғарыға, жан-жақ түгел алақандағыдай көрінетін алаңқайға қою керек. Айтқандай оның үстінде Аран бар. Оны да қорғау, жойылып кетуден сақтау керек.

Кім жоғарыда болған болса менің не туралы айтып жатқанымды түсінеді. Отель тіпті үстіне керегірек болар еді. Шың жиегінен сәл кейінірек. Төменнен қарағанда көрінбейтін жерде. Бекет-атадағы сияқты. 

Бұл менің пікірім және осылай болғанын қалаймын.
Бозжыра үшін күресіп жатқандарға деген құрметпен, Влад Козлов-Ротмистров. 
Бозжыра және басқа да Маңғыстаудың бірегей объектілері туралы алғашқы фильмнің авторы.

Бөліскендеріңіз дұрыс болар еді», - деп жазған ол өзінің facebook парақшасында.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары