Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында Шыңжаңдағы туыстарына іздеу салып, акция өткізіп жүргендердің наразылығына 32 күн болды. 11 наурызда акцияға келгендердің бірнешеуінің қан қысымы көтеріліп, екеуі талып қалды. Оларға жедел жәрдем көлігі шақыртылды, деп жазады Азаттық.
57 жастағы Күлбара Өмірәлі Қытайда “намаз оқығаны үшін қамалған” інісі туралы сұхбат беріп жатып, талып қалды. Оған жедел жәрдем қызметкерлері көмек берді.
- Інімнің 1995 жылғы баласы намаз оқып үйренгені үшін 15 жылға кесілген. Осы сияқты балалар көп. Іздеусіз қалғандары қаншама, - деді ол.
Былтырдан бері Қытайда сотталған інісін босатуды талап етіп келе жатқан белсенді Байболат Күнболатұлының анасы да басы айналып отырып қалды. Тағы бір-екі адамның қан қысымы көтеріліп, денсаулықтарына шағымданды. Медицина қызметкерлері оларға да көмектесті.
8 ақпаннан бері (демалыс күндерінен бөлек) күн сайын консулдық алдына келгендер Қытай билігінен сол жақта жоғалған немесе “намаз оқу" сияқты "негізсіз айыптармен” сотталған жақындарын босатуды, құжатынан айырылып шекарадан өте алмағандарды елге қайтаруды талап етіп отыр. Олар Қазақстан билігінің де араша түскенін қалайды. Кейбірі халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдарына барып, көмек сұрау үшін ақша жинауға да кіріскен.
Қалида Ақытхан есімді әйел 1979, 81, 83 жылғы үш баласының Қытайда қамауда отырғанын, келіндерінің үйқамақтан шыққанын айтты.
- Қазақстанға 2006 жылы келдім. Балаларымның кейбіреуі Қазақстанға келіп-кетіп жүрген. 2018 жылы үшеуін де ұстады. Біреуі мүгедек еді. Лагерь жоқ дейді. Балаларым қайда онда? Не қазақтар, не Қытайлар шығып жауап бермейді, - дейді Қалида Ақытхан.
Бейсенбі күні наразыларға жергілікті әкімдік пен прокуратурадан екі қызметкер келіп, "шараның заңсыз" екенін айтып, ескерту жасады. Маңайда штаттық киім киген қызметкерлер, консулдықтың жалдамалы күзетшілері оқиғаны бақылап тұрды.
Қытайдың Шыңжаң аймағында қалған туыстарын іздеген қазақстандықтар бірнеше жылдан бері Қазақстанда жиын өткізіп, пикеттерге шығып, туыстарына араша сұрап келеді. Олар Қазақстан сыртқы істер министрлігінен "Қытайда қамалғандар - Пекиннің ішкі ісі, оған араласа алмаймыз" деген жауап алған. Ал Қытай консулдығы жауап бермеген.
Наразылардың кейбірі туыстарының Шыңжаңдағы "саяси қайта тәрбиелеу" лагерьлеріне қамалғанын айтса, кейбірі "негізсіз айыптармен" ұзақ жылға сотталғанын, бірі Қытай билігінің құжаттарын тартып алып, Қазақстанға жібермей жатқанын айтқан.
25 ақпанда Нұр-Сұлтан мен Пекиннің Қытайда қамалған қазақтардың мәселесін онлайн режимде талқылағаны хабарланды. Алматыдағы консулдық алдында пикет өткізіп жүргендер "бұл мәселе екі жақ арасында қаншама рет талқыланды, нәтиже жоқ, туыстарымыз түрмеден шықпайынша акцияны тоқтатпаймыз" деген.