АҚШ президенті Джо Байден ABC News-ке берген сұхбатында өзінің ресейлік әріптесі Владимир Путинді қанішер деп санайтынын айтты, деп хабарлайды Stan.kz.
Жүргізушіге берген сұхбатында Байден Владимир Путинді «білемін», ал Ресей президенті өз кезегінде «мені біледі» деді.
Журналистің Байден Путинді қанішер деп санайтынын немесе олай санамайтынын сұрағанда, АҚШ президенті: «Ммм ... хм ... мен солай деп санаймын» деп жауап берді.
Байден сонымен қатар Путиннің АҚШ-тағы 2020 жылғы сайлауға араласқаны үшін «жауап беретінін» айтты. «Ол жауап береді», - деді АҚШ президенті.
Сонымен бірге, РИА Новостидің хабарлауынша, Мемлекеттік Думаның төрағасы Вячеслав Володин Байденнің Путин туралы сөздерін ресейліктерді қорлау және қорғансыздықтан туған ыза деп атады.
Мемлекеттік Думаның халықаралық істер комитетінің басшысы Леонид Слуцкий АҚШ-тың Ресейге жасаған қоқан-лоққы әрекеті ескерусіз қалмайтынын, Ресей Федерациясы нақты әрі дұрыс жауап табатынын айтты.