$ 444.22  476.38  4.82

Ахметжан Есімов зейнетке шықты

Бүгін Есімов мырзаның Самұрық-Қазына ұлттық әл-ауқат қорының тізгінін басқаға өткізіп, қарапайым зейнеткерлер қатарына қосылғаны ресми түрде хабарланды.

«Самұрық-Қазына ұлттық әл-ауқат қорының төрағасы Ахметжан Есімов зейнетке кеткелі жатыр» деген сыбыс ақыры рас болып шықты. Бүгін Есімов мырзаның Самұрық-Қазына ұлттық әл-ауқат қорының тізгінін басқа өткізіп, қарапайым зейнеткерлер қатарына қосылғаны ресми түрде хабарланды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

БАҚ құралдарының жазуынша, оны Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі алғыс айтып, шығарып салған. «Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ахметжан Есімовке "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы лауазымында атқарған жемісті қызметі үшін алғыс білдірді.

Нұрсұлтан Назарбаев Есімовтің басшылығымен "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры дамудың жаңа сапалық деңгейіне көтеріліп, БҰҰ есебінде алдыңғы қатарлы халықаралық үздік жиырма қордың қатарына қосылғанын атап өтті.

Ұлттық әл-ауқат қорын басқару жөніндегі кеңестің Төрағасы бұл нәтиже негізінен Есімовтің жоғары жауапкершілігі мен зор кәсіби тәжірибесінің арқасында мүмкін болғанын айтты. Сондай-ақ Есімовтің басқа да маңызды мемлекеттік лауазымдарда жүктелген міндеттерді барынша тиімді орындағанына тоқталды», - деп жазады tengrinews.kz порталы. 

Өз кезегінде Ахметжан Есімов өзіне артылған жоғары сенімі үшін Елбасына алғыс айтқан. Ол Қордың жеткен жетістіктері Тұңғыш Президенттің халықтың тұрмысын жақсарту және мемлекетімізді гүлдендіру бағытында жүргізген саясатының арқасында еліміз қол жеткізген толағай табыстың шағын бір бөлігі ғана екенін атап өткен.

Ахметжан Есімовтің орнына яғни Самұрық-Қазына қорының жаңа басшысы болып Алмасадам Сәтқалиев тағайындалған. Жаңа басшыны ұжымға Премьер-министр Асқар Мамин таныстырған.

Ахметжан Есімов - 2001 жыл мен 2006 жыл аралығында Ауылшаруашылық министрі, ҚР премьер-министрінің орынбасары қызметтерін атқарды. 2006 жылы ҚР Ауылшаруашылық министрлігін қайта басқарды. Министр қызметіне дейін Бенилюкс мемлекеттеріндегі ҚР Төтенше және өкілетті елшісі болды.

1998 жылы Президент әкімшілігін жарты жыл басқарды. 1996 жылы мемлекеттік хатшы болып үлгерді. 1996 жылдан 1998 жылға дейін премьер-министрдің бірінші орынбасары, сонымен қатар 1997 жылы премьер-министр болды. 

Ал 2008 жылдың сәуірінен 2015 жылдың тамызына дейін Алматы қаласының әкімі болған.

Алмасадам Майданұлы Сәтқалиев 1970 жылы 31 қазанда Алматы қаласында туған.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін "механик, қолданбалы математик" мамандығы бойынша, Назарбаев Университетінің Жоғары бизнес мектебін, Стэнфорд университетінің Жоғары бизнес мектебін бітірген. Экономика ғылымдарының докторы, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының шетелдік мүшесі.

1997-2001 жылдары "ҚазТрансОйл" ұлттық мұнай тасымалдау компаниясы" АҚ-да менеджер, клиринг департаментінің бастығы, жобаларды басқару департаментінің бастығы, басқарушы директор, экономика жөніндегі вице-президенті болып жұмыс істеді.

2001-2006 жылдары "KEGOC" электр желілерін басқару жөніндегі қазақстандық компания" АҚ қаржы директоры, экономика жөніндегі вице-президенті және бірінші вице-президенті лауазымдарын атқарды.

2006-2007 жылдары "Самұрық" мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі қазақстандық холдингі" АҚ-ның электр энергетика активтерін басқару жөніндегі директоры болды.
2007 жылғы қаңтарда Қазақстан Республикасының энергетика және минералдық ресурстар вице-министрі, "Самұрық" мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі қазақстандық холдингі" АҚ директорлар кеңесінің мүшесі болып тағайындалды.

2008-2009 жылдары - "KEGOC" электр желілерін басқару жөніндегі қазақстандық компания" АҚ бірінші вице-президенті, 2009-2011 жылдары – "Электр желілерін басқару жөніндегі қазақстандық компания" АҚ президенті.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары