$ 446.49  475.38  4.79

Қытай консулдығы алдындағы наразылықты түсірген белсенді полицияға шақыртылды

"10 наурыз Қытай консулдығы алдына шықтың" деп маған 5 видео көрсетті. Бесеуінде де мен жоқпын.
Фото: azattyq.org
Фото: azattyq.org

Қытай консулдығы алдында Шыңжаңдағы туыстарына араша сұрап жүрген әйелдердің акциясын видеоға түсірген белсенді Серік Әжібай полицияға шақыртылды, деп жазады Азаттық

Белсендінің Азаттыққа айтуынша, Алматының Медеу аудандық полиция басқармасы қызметкерлері 28 наурыз түнде хабарласып, ертесі бөлімшеге келуін сұраған. Бірақ Әжібай "ертесі туған күні екенін" айтып, сол күні түнде барған.

– Маған орысша жазылған қағаз берді. Орысша түсінбеймін. Сондағы жігіттердің айтқаны: "10 наурыз Қытай консулдығы алдына шықтың" деп маған 5 видео көрсетті. Бесеуінде де мен жоқпын. Мен сол консулдық алдында аналарды қорғау мақсатында жүргеніме екі айдың жүзі болды. Байболат [Күнболатұлы] екеуіміз кезек-кезек түсіреміз. Олар неге мен жоқ видеоларды көрсетіп, өтірік арыз жазып отыр? Түсінбеймін, - дейді Серік Әжібай.

Медеу аудандық полиция басқармасының бастығы Д.О.Өтебаевтың қолы қойылған қағазда Серік Әжібайдың 1 ақпаннан бері бір топ адаммен Қытай консулдығы маңында "Қытай азаматтарын қорғап, рұқсат етілмеген пикет өткізіп жүр" деп жазылған. Арыз иесі Әжібайды Әкімшілік кодекстің 488-бабы бойынша жауапқа тарту мәселесін алға тартқан.

– Олар мені "Қытай азаматтарын қорғап жүр" деп айыптайды. Ресейдің тілімен маған арыз жазғанын ысырып қояйын, осы айтқандары адамның сөзі ме? Консулдық алдында наразылық өткізгендердің барлығы Қазақстанның толыққанды азаматтары. Ал Қытайдағы қазақтар біздің қандасымыз, керек болса жалғызымыз, – деді Серік Әжібай Азаттық тілшісіне.

Ол адам құқығы ұйымдарының жан-жақтан хабарласып, заңдық тұрғыда көмектесуге дайын екенін айтып жатқанын да жеткізді. Полиция қызметкерлері Әжібайға жақын арада хаттама толтырылып, істің сотқа жіберілетінін де айтқан.

Оқи отырыңыз: Қытай консулдығы алдында акция өткізіп жүргендердің денсаулығы сыр бере бастады

Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында Шыңжаңдағы туыстарын қайтаруды талап еткен бір топ адамның наразылық өткізіп жатқанына 50 күннен асты. Осы уақыт аралығында консулдықтан оларға ешкім шықпады.

Бұған дейін Қазақстан сыртқы істер министрлігі наразылардың мәселесін шешу бойынша Қытай тарабына өтініш айтылды деп мәлімдеген. Ал Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо Шыңжаңда қамалған қазақтардың "Қытай азаматы" екенін және олардың "заң бұзғанын" айтқан еді.

Наурыз айының басында Қытай консулдығы алдында наразылық өткізіп жүргендерді АҚШ-тың Алматыдағы бас консулдығы қабылдаған.

Халықаралық ұйымдар Пекинді Шыңжаңда түркітілді мұсылмандарды қудалағаны үшін айыптап, бірқатар батыс елдері Қытайға санкция салған. Құқық қорғау ұйымдары Қытайда негізсіз қамалғандар көбейгені жайлы ірі зерттеу де жариялаған. Ал Қытай батысты "елдік ішкі ісіне араласты" деп сынайды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары