Белгілі заңгер, қоғам белсендісі Айгүл Орынбек өзінің Facebook парақшасында Шымкент қаласындағы ұзақ жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан бірқатар мәселелерді көтеріп, тағы бір бейнежазба жариялады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Заңгердің айтуынша, Шымкент қаласының дәл орталығында әлі күнге дейін жол төселмеген, кәріз құбыры тартылмаған көшелер бар. Керек болса, дәл әкімдіктің түбінде орналасқан бұл көшенің атауы да жоқ екен.
«Әкімдіктің дәл түбінде атауы, кәріз құбыры, жолы төселмеген көше бар десе сенесіздер ме?
Президент әкімшілігінде отырғандарға айтсаң сенбейді.
Себебі әкімдер өз есептерінде бәрін қатырып жатырмыз деп есеп береді.
Мәслихат депутаттары, Наурыз тойлауға 570 миллион бөлдіңіздер, мына көшелерге сметалық жоба жасау үшін қаражат бөлдіңіздер ме?
Әлде тағы да ендігі жылға қалды ма?
«109 - Айкөмекке хабарлассаңдар мәселенің бәріне жауап береміз, шешіледі» деп жарнаманы қатырған едіңіздер, «жауап ала алмай отырмыз» деп халық қайта менен көмек сұрап шығыпты.
Әкімдік өз жұмысын заңды істеп, халықтың шағымы дер кезінде қаралып жатса, бұлар мені іздемес еді...
Маған шағым айтып келді ме, халықтың сөзі тыңдалмай, жергілікті билік құлақ аспай жатыр деген сөз!», - деп жазған ол өзінің facebook парақшасында.
Келесі бір жазбасында заңгер қала әкімі халықтың бұл шағымына құлақ аспаса, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа барып шағымданатынын айтқан.
«Әйтенов құлақ аспайды, Сарыағашта демалып жатқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа барамыз!
Шымкент қаласы Нұрсат мөлтек аудан тұрғындары шағым айтуда!
«Үніміз жергілікті билікке жетпейді, тек отписка! Прокуратура адам өлсе ғана қараймыз», дейді .
Ал ашынған халық Сарыағашта демалып жатқан Елбасыға бармақшы.
Жергілікті атқарушы билік жұмыс істемесе, халық үніне үн қатпаған соң, халық осындай жолға көшеді.
Әр әкім келгенде ауыса беретін қаланың бас жоспары, қала халқын әбден әбігерге түсірді-ау!
Осының бәрін жергілікті әкімдіктегілер көрмей, естімей отыр дегенге сенесіздер ме?», - деп атап өткен жазба авторы.