$ 494.87  520.65  4.91

«Қазақстанда «утильсборға» алынатын алым Жапониядан 82 есе жоғары» - журналист

Ол бюджетке түссе мейлі ғой, жеке жеке қалталарға кетеді.
Фото: kolesa.kz
Фото: kolesa.kz

Соңғы кездері еліміздегі көлік бағасы, алдын ала төленетін утилизациялық алым мен тіркеу құнының тым қымбат екендігі жиі айтыла бастады. Сарапшылардың айтуынша, Қазақстандағы утилизациялық алым мен тіркеу құны еуропа елдерімен салыстырғанда әлдеқайда қымбатқа түседі, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Журналист Бекболат Қаржанның жазуынша, Қазақстанда «утильсборға» алынатын алым Жапониядан 82 есе жоғары екен.

«Жапонияда "утильсбор" қалай іске асады?

Жапонияда утильсборға қолыңызға арнайы сертификат береді. Оларда арнайы сақтандыру компаниялары жұмыс жасағанымен, утильсборға, мемлекеттік тіркеу мен алымдарға қатысты барлық қаражат елінің ұлттық бюджетіне түседі. Жапонияда біздегі сияқты алаяқ дистрибюторлар мен ұрлық жасайтын ЖШС-ға ешқашан да жол берілмейді. Ол - Жапония, ал біз - Қазақстан. 

Жапонияда көлігіңізге парковкаға да арналған анықтама қағазы беріледі. Бұл қағаз алдымен сізде болуы керек, осы анықтамасыз сіз еш жерден көлік сатып ала алмайсыз. 

Көлігіңізге техникалық байқау бойынша да сертификат беріледі. Бұл міндетті құжат екі немесе үш жылға беріледі. 

Ал, негізгі құжатқа келейік. Бұл утильсборға қатысты құжат. Мысалы мынау суреттегі MAZDA CX-8 көлігіне мемлекет тарапынан ұсталатын қаражат көлемі 120 доллармен ғана шектеледі. Бұл Жапония бойынша утильсборға төленетін ең жоғары қаражат болып табылады. Бұдан артық ештеңе де төленбейді», - деп жазған ол өзінің facebook парақшасында.

Сондай-ақ ол аты утилизациялық алым деп аталғанымен сол қаржының көп бөлігі мемлекет бюджетіне емес, жеке компаниялардың қалтасына кетіп жатқанын айтады.

«Ал енді салыстырмалы түрдегі біздегі төлемдерді Жапониядағы немесе АҚШ-тағы төлемдермен өлшеп, есептеп, қорытындысын жазайық. Алдыңғы постта мен АҚШ-тан келген Toyota Camry V50-дің 3,9 миллион тұратынын айтып едім. Бұл баға Жапонияда да сол шамалас, яғни 3,7-3,9 миллион тұрады. Ал, біздің елге келгенде оның бағасы 9 миллионға шығады. Біз Toyota Camry V50-ға утильсбор үшін мемлекеттің бюджетіне емес, жеке делдалдарға 4 132 000 теңгені қолына оп-оңай ұстата салады екенбіз. 

Оқи отырыңыздар: «Кәрістің хюндайы мен киасын әкелу үшін Смағұлов пен Балушкиннің батасын алу керек» - қоғам белсендісі

Есептейік:
Жапонияда утильсбор 120 доллар, қазіргі бағаммен;
120х420=50400
Яғни Жапонияда утильсборға біздің теңгемен 50400 теңге ғана төлейсіз. Бұл олардағы ең жоғары баға. 

Ал, бізге келейік:
Бізде утильсборы бар, алғашқы тіркеуі бар, НДС-і бар, басқа да ұсталып қалатын (әдетте мемлекеттік деп аталатын бір атауы да қосарлана айтылады) алымдары бар. Барлығы 4 132 000 теңге болады. Сонда утильсбор алымынан сатып алып келген көлігіңізден де асып кеткен бағаны көресіз. 
Ал енді Жапониядан біздікі қанша есе жоғары екенін математикалық жолмен есептеп шығарайын.
4 132 000 : 50400 = 82

Сонда сіз Жапониямен салыстырғанда 82 есе көп қаражатты делдал компанияларға тапсырасыз, яғни төлейсіз. Ол бюджетке түссе мейлі ғой, жеке жеке қалталарға кетеді», - деп атап өткен жазба авторы. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары