Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев билікке келгелі екі жылдан астам уақыт болды. Небәрі екі жыл дегенмен де, осы уақыт аралығында Президент атқарған жұмыс аз емес. Skifnews.kz ақпарттық порталы Мемлекет басшысының өзі бас болып кіріскен маңызды қадамдарын саралап көрген еді.
Президент Тоқаев осы уақыт аралығында сенім үдесінен шыға білді. 12 маусымдағы ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде Президент өзінің саяси платформасы – Қазақстан азаматтарының басты сауалдарына жауап екенін атап өтті.
«Мен ең алдымен, Қазақстанның Үшінші жаңғыруы, Бес институционалдық реформасы мен мемлекеттің өзге де стратегиялық маңызы бар құжаттарын жүзеге асыру үшін жұмыс жүргіземін. Тұрақты дамудың жаңа деңгейіне шығу үшін жаңа амал-әдістер мен жаңа шешімдер керек», деді Президент сол жолы.
Мемлекет басшысы елде өткір тұрған әлеуметтік мәселелерді шешумен қатар, қазақстандық кәсіпкерлерді қолдап, іскерлік белсенділікті ынталандырумен, кең ауқымды орта тапты қалыптастырумен, қоғамның бірлігін қамтамасыз етіп, әр азаматтың құқығын қорғаумен айналысатынын мәлімдеді.
«Тәуелсіздік бәрінен қымбат»
«...Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Бұл – қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тарих тұрғысынан алғанда, отыз жыл – көзді ашып жұмғандай қас-қағым сәт. Дегенмен, бұл көптеген халықтар үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады. Біз де осындай жолдан өтіп келеміз».
Президенттің дәл осылай басталатын «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы Қазақ елінің алдағы бағдары мен даму жолын айқындап берді. Негізгі мақсат – келер ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау, елдік істерді шашау шығармай лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу екенін нығырлап айтқан мақал болды.
Арыстағы жарылыс
2019 жылдың 24 маусымында Түркістан облысының Арыс қаласында әскери базалардағы оқ-дәрілер жарылды. Дәл сол күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Арыс қаласына ұшып, онда эвакуацияланған азаматтармен кездесті. Мемлекет басшысы шаһар қалпына келтірілетінін, Үкімет барлық жұмыстарға қаражат бөлетінін айтты.
«Дәл осы режимде жұмысты жалғастырыңыздар. Үкіметке қалаға, ең бастысы - тұрғындарға көмектесу міндеті тапсырылды. Қазір ең бірінші орында адамдардың, қала тұрғындарының қауіпсіздігі тұруы керек. Екіншісі - көмек көрсету. Бүкіл Қазақстан Арысқа көмектеседі, арнайы қор ашылады. Қала жұртшылығына, ардагерлерге алғыс айтамын. Олар халықпен жұмыс істеп жатыр. Жарылыстың себептерін, оқиғаның не үшін болғанын анықтауымыз керек. Қылмыстық іс ашылып, тергеу басталды. Егер кінәлілер болса, олар заңның бүкіл қатал баптарымен жауапқа тартылады. Келешекте Арыс жарылғыш құрылғылардың бәрінен таза қалаға айналуы керек», деді Президент.
Президенттің тапсырмасымен Арыс қаласындағы қоймалардан оқ-дәрілер шығарылып, 1 тамызға дейін қаладағы барлық бұзылған ғимарат жөнделіп, қалпына келтірілді. Үкіметтік комиссияның бақылауымен жүргізілген қалпына келтіру жұмыстары сапалы әрі уақтылы орындалды. Арыста 7 634 ғимарат бүлініп, оның 500-ге жуығы толық жарамсыз болып қираған. Олар қайта салынды. Қаланы қалпына келтіруге 56 миллиард теңге жұмсалса, оның ішінде барлық 45 мың тұрғынға өтемақы ретінде 100 000 теңге, сондай-ақ шағын және орта бизнестің 472 субъектісіне 10 миллион теңгеге дейінгі жеңілдетілген несиелер берілді.
Жәкішевке бостандық
Соңғы жылдары елде болған митингілер мен пикеттер арасында саяси тұтқындарға бостандық беруді талап еткендер көп болды. Олардың арасында Мұхтар Жәкішевтің бостандыққа шығуы белсенділердің бас мақсаты болған еді.
3 наурыз күні Семей қалалық сотының 2010 жылғы жемқорлық бойынша айыптау үкімінен соң түрмеде отырған «Қазатомөнеркәсіптің» бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевті мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы өтінішті қанағаттандырды. Ал, осыған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жәкішевтің денсаулық жағдайынан хабардар екенін айтқан болатын. Ол БАҚ-қа берген сұхбатында:
«Бұл тек соттың құзыретіндегі мәселе. Мен, әрине, Жәкішевтің денсаулығына байланысты бірнеше рет мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы өтініш бергенін білемін. 3 наурызда сот отырысы өтеді. Соттың шешімін күтейік, оның әділ болатынына сенімдімін», – деген болатын. 19 наурызда Жәкішев түрмеден босап шықты.
Алғашқы Жолдау
Президент Тоқаев 2019 жылдың 2 қыркүйегінде Қазақстан халқына Жолдау жариялады. Ол сонымен қатар, қазақстандықтардың ортақ міндеті - азаматтардың конструктивті сауалдарына жедел әрі тиімді жауап беретін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру екенін, билік пен қоғамның тұрақты диалогы жолымен ғана қазіргі геосаясаттың контексіне қарай үйлесімді мемлекет құруға болатынын жариялады. Ол үшін азаматтық қоғамды қолдап, нығайтып, оны мемлекетке ортақ ең маңызды талқыға тарту қажет. Дәл осы мақсатта ротациялық қағидатпен жұмыс істейтін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды. Құрамына халық алдында беделі артқан, өзіндік көзқарасы мен жеке пікірі қалыптасқан, елдің көкейінде жүрген мәселелерге үнемі басымдық беріп жүрген азаматтарды тартқан бұл кеңесте бүгінде бірқатар түйткілді мәселелер талқыланып, заңды тұрғыда шешімін тауып келеді.
Кредиттер кешірілді
Қасым-Жомарт Кемелұлының кемелдігін танытқан елдік шешімдерінің бірі – көпбалалы отбасылардың 300 мың теңге көлеміндегі бірреттік несиесін өтеп беруі туралы шешімі болды. Сонымен қатар, көпбалалы отбасыларға берілетін АӘК мәселесін шешуге алғашқы қадам жасалды. 2020 жылы бұл мақсатқа 326,9 млрд теңге бөлінді (республикалық бюджеттен – 279,9 млрд теңге, жергілікті бюджеттен – 46,9 млрд теңге). 2019 жылы АӘК төлеуге 244,2 млрд теңге бөлінген болатын.
Осы орайда «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануы - ұстаздар қауымын бір серпілтіп тастағанын да айтпай кетуге болмайды. Жаңа заң жалақыны кезең-кезеңімен арттыруды көздейді. Педагог мамандардың айлығы 2020 жылдың қаңтарынан бастап орташа есеппен 25%-ға өсті. Заң нормативті оқу жүктемесін 18 сағаттан 16 сағатқа дейін төмендетеді. 2024 жылға дейін бұл заңды жүзеге асыруға 5,4 трлн теңге жұмсалатын болады.
«2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы алдағы үш жылдық бюджет стратегиялық бағдарламаларды және Президенттің биылғы Жолдауында көрсетілген маңызды әлеуметтік-экономикалық мақсаттарды іске асыруға арналған. Яғни, дәрігерлердің жалақысы үш жыл бойы жыл сайын 30%-ға, медбикелердің жалақысы 2021 жылы 20%-ға өседі, ал 2022 және 2023 жылдары 10%-ға өседі. Сонымен қатар, мұғалімдердің жалақысы жыл сайын 25%-ға өсіп отырады. Педагогтардың жалақысын өсіруге, үстемеақыларды қоса алғанда, 2021 жылы 305 млрд теңгеден астам қаражат бөлінетін болады.
Президент жоғары оқу орындары студенттері стипендиясын арттыру өзекті мәселелердің бірі екенін, стипендия 2016 жылдан бері көтерілмегенін атап өтті.
«Оның объективті себептері болды. Сондықтан студенттерді қолдау үшін 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап бакалавриат, магистратура және докторантура студенттерінің стипендиясын 25%-ға көтеру қажет. Бұл барлығы 133 мыңға жуық адамды қамтиды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Әкімдер - әлеуметтік желіде
Қасым-Жомарт Тоқаевты жұрт әлеуметтік желіні белсенді пайдаланушы ретінде таниды. Қоғамның өзекті мәселелеріне назар аударып, парақшасында мәлімдеме жасау арқылы бұрынғы Сенат спикері біраз шенеунікке үлгі болған еді. Мемлекет басшысы лауазымына келгеннен бастап ол бұл үлгіні атқарушы биліктен, соның ішінде жергілікті атқарушы басшылардан талап ете бастады.
Президент Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында аудан әкімдерін сайлау мәселесін көтерді. Ол бұл сайлауды 2024 жылы ұйымдастыруды тапсырды. Ақорда зор мән беріп отырған бұл сайлау, елімізді демократияландыруға және жергілікті басқару институтын нығайтуға елеулі үлес қосады және ауыл мен аудан әкімдерін сайлау халық билігін орнатудың айқын көрінісі болмақ.
«Бәріне қарсымын»
Қасым-Жомарт Тоқаевтың тағы ерекше қадамдарының бірі - VII шақырылымдағы Парламент сессиясында сөйлеген сөзінде сайлау бюллетендеріне «бәріне қарсымын» деген жазудың енгізілуін қадап айтуы болды. Президент ел алдындағы басты мақсаттардың бірі – адам құқықтарын толық қорғау, азаматтардың таңдау еркіндігін барынша қамтамасыз етудың өте маңызды екенін айта келе, баламалы пікір және бәріне қарсы дауыс беру ұғымы біз үшін де қалыпты нәрсе болуға тиіс екенін жеткізді.
«Әлемдік тәжірибеде адамның қандай да бір сайлауға келіспейтінін немесе үміткерлердің бәріне қарсы екенін заңды түрде білдіру құқығы кеңінен қалыптасқан. Шын мәнінде, баламалы пікір және бәріне қарсы дауыс беру ұғымы біз үшін де қалыпты нәрсе болуға тиіс. Сондықтан, барлық деңгейдегі сайлау бюллетендеріне «бәріне қарсымын» деген жазу енгізгені жөн. Бұл бастама азаматтардың сайлау құқығын қорғауға жағдай жасайды», деді Президент.
Мемлекет басшысы осы отырыста саяси партиялардың мәжіліске өту шегін төмендетуге қатысты бастама көтерді. Ол «саяси партиялардың Мәжіліске өту шегін 7%-дан 5%-ға төмендетуіміз керегін, осындай шешімді қабылдайтын уақыт жеткенін, өйткені аталған норма заң жүзінде тіркелген партияларды алдағы сайлауларға қатысуға ынталандыратынын» мәлімдеді.
Тоқаев дәл осы Жолдауында жемқорларды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салуды тапсырды. Бұл да Мемлекет басшысы жасаған ерек қадамдардың бірі болды. Ол 2021 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің, депутаттардың, судьялардың шетел банктерінде есепшотқа ие болуы, қолма-қол ақша және бағалы заттар сақтауына қатысты жемқорлықпен күрес аясында жаңа шектеулер енгізу керегін айтты.
«Жемқорлықпен күрес мәселелері жөніндегі кеңесте сыбайлас жемқорлық бойынша сотталғандарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға заң жүзінде тыйым салуды тапсырдым», - деп жазды Тоқаев.