$ 494.87  520.65  4.91

Астанадағы заңсыз базарлар сүріліп, орнына қоғамдық орындар салынады

Тұрғындар жергілікті атқарушы мекемелерден  бұл маңайға шағын гүлзар немесе саябақ салу туралы өтінді.

Елордада заңсыз сауда орындарымен күресуде. Мәселен  «Шапағат» коммуналдық базарының жанындағы заңсыз саудаға тұрғындар шығымдануда.  Олар жергілікті атқарушы мекемелерден  бұл маңайға шағын гүлзар немесе саябақ салу туралы өтінді, деп жазады Орда.кз порталы. 

"Осында тұрып жатқаныма 7 жыл болды. Ана ретінде үйіміздің маңында болып жатқан мәселелерге қатты алаңдаймын. Осыған байланысты әкімдікке жағдайды хабарладық. Әрине, мұндағы жағдайдың  өзгергенін қалаймын", – дейді аудан тұрғыны Зарина Исказина.

Полиция аталған сауда орнының қызметі Жер және Кәсіпкерлік заңының талаптарына сай келмейтінін атты. Құқық қорғау органдары қызметкерлері тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде, бірақ айыппұлдың жиі салынғанына қарамастан саудагерлер саудасын тоқтатар емес.

 Дегенмен әкімдік өкілдерімен кездесу кезінде өздерінің мәселелерін айтып, сауданы өзге орынға көшіруге қарсы еместіктерін білдірді.

"Ең алдымен, бұл базардың жұмысы жер және кәсіпкерлік заңына қайшы. Бұл жерде ешқандай санитарлық, қауіпсіздік ережелері сақталмайды. Сарыарқа ауданы әкімдігіне осы алаңда орналасқан үйлердің тұрғындарынан тұрақ аймағы бар аллея ашу туралы көптеген өтініш түсуде. Қазіргі уақытта урбанистика орталығымен бірлесіп алаңның жобалық эскизін бекіту жұмыстары жүргізілуде. Аудандық әкімдіктің қызметкерлері саудагерлермен кездесіп, қабылдау ұйымдастырдық. Әрқайсысының мәселесін жеке қарастырып, құқықтық және әлеуметтік мәселелер бойынша кеңестер бердік. Ең бастысы саудагерлерге заңды түрде жұмыс істеуге мүмкіндік беріп, басқа сауда орындарын ұсынып отырмыз", – дейді Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары Әбдірахман Дауленбаев.

 Саудагерлерге Жапар сауда үйінің жанынан және Ш.Қосшығұлұлы, 14 мекенжайынан орындар ұсынылды. Қазіргі уақытта саудагерлердің басым бөлігі осы орындарда жұмысын жалғастыруға келісітіп отыр.

"Бізге ұсынған сауда орындары көңілімізден шықты. Бұрын күннің астында, жерде отырсақ, енді шатыры бар, қоршалған, ыңғайлы орынға көшеміз. Ең бастысы заңды түрде жұмыс істейтінімізге қуаныштымыз", – деді саудагерлер.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Астана #базар