Белгілі заңгер әрі қоғам белсендісі Айгүл Орынбек өзінің Facebook парақшасында Түркістан қаласына қатысты тағы бір былықтың бетін ашатын жазба жариялады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Заңгер бұл жазбасында Түркістан қаласына көгалдандыру мақсатында миллиардтаған қаржы бөлініп жатса да, жаңадан бой көтеріп келе жатқан шахардың айналасы әлі де құлазып жатқанын жазған. Ал қаланы көгалдандыруға 6 миллиард теңге бөлінген.
Автордың айтуынша, Түркістанның шынайы келбетін көру үшін қалаға Отырар жақтан келіп кіру керек.
«Жасыл аймақ неге жасыл емес?
Түркістан қаласына Отырар жақтан кіріп көріңіздер!
Жарнамадағы Түркістанды көрмейсіздер!
Мемлекеттің қаржысынан 6 миллиард қаржы бөлінген дейді рас па? Түркістан облыс әкімдігі не дейді екен?
Неге мына ағаштар қурап, суғарылмай тұр?
Әлде «өліп қалды» деп мемлекеттен тағы ақша сұрау үшін суғармай отырсыздар ма?», - деп жазған ол өзінің facebook парақшасында.
Сонымен қатар, ол сөзіне дәлел ретінде тұрғындарының бірінің шағымы көрсетілген бейнежазбаны қоса жариялаған.