Мәжіліс депутаты Азат Сембинов ақылы жолдар бойынша тарифтің өсуіне наразы болған жүргізушілерді қолдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Депутат еліміздің бірнеше өңірінде кәсіпкерлер мен жүк көлігі жүргізушілері тарифтердің бес есе өсуіне байланысты наразылық акцияларын өткізіп жатқанын айтты.
"Наразылыққа шыққандар тарифтер жол сапасына сәйкес емес екені туралы дұрыс айтып отыр. Олар "ҚазАвтоЖол" компаниясы қызметінің ашық емес екеніне, монополиялық жағдайын асыра пайдаланатынына назар аудартты.
Айта кетейік, 2013 жылы "Ақ жол" фракциясы осы компанияны құруға қарсы шығып, "мемлекеттік функцияларда салық төлеушілер есебінен коммерция жасайтын кезекті құрылым" пайда болады деп мәлімдеді. Өкінішке қарай мемлекеттік органдар ескертулерді ескермеді, ал компанияның өзі содан бері сыбайлас жемқорлық жанжалдарында үнемі көрінеді", - деді ол индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловқа депутаттық сауал жолдап.
Оның айтуынша, бес жылдан кейін, 2018 жылы жолдардың ақылы болуын талқылау кезінде фракция Инвестициялар министрлігіне "бүкіл әлемде ақылы автожолдар тек тегін балама жол болған жағдайда ғана енгізілетінін, ал мұнда адамдарда таңдау жоқ, бірақ жолдар олардың салықтары есебінен салынып жатқанын" айтты.
Бүгінде "ҚазАвтоЖол" тағы да наразылық тудырып жатыр, деп мәлімдеді мәжіліс депутаты.
"Бастамашылар жолдардың ақылы болуын нарықтық экономика талаптарымен түсіндіреді. Бірақ нарық бәсекелестік пен таңдау болуын білдіреді. Ал "ҚазАвтоЖол" тәсілі адамды таңдаудан айырып қана қоймай, "көшедегі бассыздар" тәрізді ақша немесе өмірін сұрайды", - деді депутат.
Депутаттың айтуынша, "мемлекет бизнестен бағаны көтермеуді талап етеді, ал энергетиктерге және "ҚазАвтоЖолға" тарифтерді шексіз көтеруге мүмкіндік береді".
"Ақ жол" фракциясы жүргізушілер мен кәсіпкерлерге қолдау көрсетеді және мұндай жағдайға жол беруге болмайды деп санайды. Біз компаниядан тарифті ұлғайту бойынша мәлімделген жоспарлардан бас тартуды талап етеміз. "ҚазАвтоЖол" компаниясында жақында басшылық ауысты. Жаңа менеджменттен қоғам мен шағын және орта бизнес мүддесі үшін неғұрлым барабар және салмақты шешімдер күтеміз", - деп түйіндеді депутат Азат Сембинов.