Мәжіліс депутаты Юрий Ли Қазақстан азаматтарының қаржы пирамидаларының құрбаны болуына танымал адамдардың жарнамасы да әсер етіп жатқанын айтты. Депутаттың дерегінше, соңғы бір жыл ішінде қаржы пирамидаларына қатысты 287 құқықбұзушылық тіркелген және келтірілген шығын мөлшері - 8,5 млрд теңге, деп жазады Аzattyq-ruhy.kz порталы.
«Жарнамаға вайнерлер, блогерлер және басқа да танымал адамдар белсенді қатысып, заңсыз бизнеске инвестиция салуға шақырған. Білуімізше, қазір сол танымал адамдар өздері де алданғанын, қаржы пирамидаларын ұйымдастырушылардың құрбаны болғанын айтады», - деді депутат Ли.
Депутат алаяқтардың құрбаны болған мыңдаған адам мен миллиардтаған шығынды есепке алып, бұл жағдай әлеуметтік шиеленіс ошақтарын туғызатынын айтты. Сондай-ақ депутат Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовке жүгініп, заңсыз бизнеске инвестиция салуға атсалысқан танымал адамдарды жауапқа тартуды ұсынды.
«Қаржылық пирамидалардың жарнамасына қатысқан жұлдыздардың әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын не тартылмайтынын, егер тартылмаса қандай себеппен екенін хабарлаңыз, Бас прокурор Нұрдәулетов мырза!», - деді депутат.
Еске сала кетейік, 17 мамырда Алматыда Баян Алагөзова жарнамалаған қаржы пирамидасының басшысы ұсталды.