$ 445.66  474.58  4.78

Демалыс күні қызметтік Land Cruiser көлігімен Павлодарға келген аудан әкімінің басы дауға қалды

Көлікті түсірген автор неліктен демалыс күні жол талғамайтын көлік Павлодардағы ойын-сауық орталығының алдында тұрғанын сұраған.

Instagram парақшалардың бірінде Павлодар облысы Май ауданы әкімінің қызметтік көлігі түсірілген сурет пайда болды. Көлікті түсірген автор неліктен демалыс күні жол талғамайтын көлік Павлодардағы ойын-сауық орталығының алдында тұрғанын сұраған. Жағдайды аудан әкімдігі түсіндіріп берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Май ауданы әкімі мінетін Land Cruiser-дың фотосы желіде жексенбі күні пайда болды. Көлік Павлодардағы сауда орталықтарының біріндегі автотұрақта көзге түскен. Кадрдан рөлде шенеуніктің жүргізушісі отырғанын көруге болады. Осыған байланысты көпшіліктің пікірі екіге бөлінді. Бірі мемлекеттік қызметкерді қорғаштаса, екіншісі әкімнің бұл әрекетіне наразылық білдірген.

"Мемлекеттік бюджеттен төлеп, баруға болатын кезде өз ақшаңды бензинге құртып қажеті не?", "Онда тұрған не бар? Ол да адам емес пе?", "Әйелі шопингке келді", "Ол сіз бен біздің, біздің салығымыздың есебінен осы көлікті мініп жүргенін адамдар түсінбейтіні қызық екен", - деп жазуда желідегілер.

Осы ретте Май ауданының әкімдігі жағдайға қатысты түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, Марат Ақтаев демалыс күні расымен де Павлодарға барған. Алайда ол қалаға жұмыс бабымен келіпті. Потенциалды инвестор өкілімен кездескен екен.

"Инвестициялық жоба өкілімен кездесу болды. Онда суғару мен мал шаруашылығын дамыту мәселелері талқыланды. Алдағы уақытта аталған жобаның іске қосылуы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді", - деп хабарлады Май ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Сонымен бірге, ведомство әкімнің үйге қайтар жолда сауда ойын-сауық орталығындағы супермаркетке кіріп, азық-түлік алғанын айта кетті. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары