Қызметіне тағайындала салып, базар аралап кететін әкімдердің бұл ісін ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев жай ғана популизм дейді. Өйткені, саудагерлер шенеунік келетін кезде бағаны төмендетіп, кеткен кезінде қайта өз бағасын қояды дейді премьер. Ал, сатушылардың бұл қулығын әкімдер білсе де, көз жұма қарайды.
Сағынтаев Қазақстандағы бағаны ұстау саясатын сынап отыр. Оның айтуынша, бағаны заң аясында ұстау шараларын қазірден бастап әзірлеп, бір айда бұл заң қабылдануы тиіс.
"Ең алдымен біз бағаның себепсіз өсуіне жол бермеуіміз қажет. Бізде өндірісті ынталандырудың, бағаны ұстаудың барлық тетіктері бар. Бірақ, ол тетіктердің ешқайсысы жұмыс істеп тұрған жоқ, өйткені аймақтарда әкімдіктер тарапынан бақылау жоқ, қатаң бақылау керек. Үнемі цифрларды айтып, саудаласып жатамыз осында. Нақты шаралар қолданудың орнына біздің кейбір әріптестеріміз базар аралап, бағаны өздерінше реттеуді жақсы көреді. Бірақ, олар саудагерлердің бағаны уақытша өзгертіп қоятынын да жақсы біледі. Бұл бізге популизмнен өзге түк бермейді", - дейді ҚР Премьер-министрі.
Ол сондай-ақ, келесі отырыста бағаны реттеу бойынша нақты шаралар қабылдау керектігін айтты.
Естеріңізге салайық, Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қызметтеріне тағайындалған тұста базар аралап, бағалардың тұрақтылығын бақылап қайтқан еді.