$ 494.87  520.65  4.91

«Тоқаев - қоғамды да, әлемдік қауымдастықты да тең ұстайтын тұлға» - сарапшы

2019 жылы маусым айының 12-сі күні Қасым-Жомарт Тоқаев ант қабылдап, ресми түрде президент қызметіне кірісті.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

2019 жылдың 19 наурызында Нұрсұлтан Назарбаев республикалық телеарналардың эфирінде президенттік өкілеттігін тоқтату туралы шешімін хабарлады.  9 маусымда кезектен тыс президент сайлауы өтіп, Қасым-Жомарт Тоқаев заңды түрде ел президенті болып сайланды. Ал, маусым айының 12-сі күні Тоқаев ант қабылдап, ресми түрде президент қызметіне кірісті. Содан бері екі жыл сырғып өте шықты. Президент Тоқаев басқарған елде не өзгерді? Қандай ілкімді жұмыстар атқарылды? Мемлекет басшысы қандай бағыт ұстанды?  Осы мәселелер төңірегінде Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры, ҰҒА академигі, алаштанушы Дихан Қамзабекұлына бірер сауал қойған едік. Назар салыңыз.

Дихан Қамзабекұлы, Президент билікке келгелі талай игі істер атқарылды, атқарылып та жатыр. Десек те, «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген мақаласында Алаш арыстарының асыл мұрасын игеру жалғаса беруге тиіс», деуі бәрімізді бір серпілтіп тастағандай. Алаштанушы ғалым ретінде бұған не айтасыз?

- Мемлекет басшысының екі жыл аралығындағы саяси беделіне, қоғамдық қызметіне, соңғы түрлі сын-қатерлерге байланысты ұстанымына зиялы қауым, оның ішінде білім, рухани сала азаматтары оң баға беріп отыр. Ал, Қ.К.Тоқаевтың тарихқа қатысты байламдарынан, өткен мен бүгінгі күннің арасындағы байыптауларынан, сонымен бірге қазіргі қоғамда болып жатқан түрлі құбылыстарға тарихтың айнасынан қараған көзқарасынан қағидатшыл жауапкершілігін аңғарамыз. Бұл ретте  «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласы - Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында біздің жүріп өткен жолымызға берілген баға. Бұл жерде Алашты айтуы немесе Әлихан Бөкейханнан сілтеме алуы ғана маңызды емес, отаншыл тұлға, мемлекетшіл азамат туған елін сүю арқылы бүгінгі қоғамның түрлі игіліктеріне, дамуына қатысты шараларына қалай атсалыса алады, өз орнын қалай бағалай білуі керек, қай жерден табылуы тиіс т.б. ой байыптамасы баршамызды бейжай қалдырмады. 

Тәуелсіздік – баға жетпес белес. Біз үшін ол - «ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен» келген нәтиже. Егер ата-бабаларымыз бізге Отанды қорғау қасиетінің тамызығын қалдырып кетпесе, қиян-кескі ұрыстарда, тіпті ақылмен, біліммен күрескен Алаш кезеңінде парасатты темірқазық қыл деп өнеге етпесе, біз бүгінгі жағдайға жетпес едік. Тәуелсіздік туралы ойымыз да келте болар еді. Оны салмақтай да алмас едік. Ең бастысы, жастар үшін өте маңыздысы – «біз қандай қоғамда тұрып жатырмыз, айналадағы сын-қатерлерді түсінеміз бе, әлемдік қиындықтан билік қандай тағылым алуы керек, ата-ана және қоғамның бір мүшесі ретінде біз қандай сабақ аламыз?» - осы сұрақтарға Президент орайлы жауап берген. Иә, азаттық - қымбат ұғым, біз ол құндылықты кез келген әрекетке мемлекетшілдік тұрғысынан, ел мүддесі тұрғысынан, қарапайым отбасы тұрғысынан, тіпті, адами тұрғыдан да жанкүйер болу арқылы лайықты қадірлей аламыз. Сондықтан ел мүддесін, Тәуелсіздік мүддесін бәрінен де жоғары қоюымыз қажет. 

Алаш тақырыбы Қасым-Жомарт Кемелұлының көп еңбегінде ұшырасады. Әсіресе, Абайға қатысты тұжырымдамалық мақалаларында. Былтыр Абайдың рухын асқақтаттық, Абай мұрасын елге, әлемге қайта насихаттауға күш жұмсадық. Өйткені, буын аламасады, жаңа толқын келеді. Президенттің «Абай және ХХ ғасырдағы Қазақстан», «Абай – рухани реформатор» атты қадау-қадау еңбектерінің барлығында Алаш идеясы, Алаш мүддесі көрініс тапқан. Бұл ретте біз Президенттің тарихты, рухани мұраны асқан ықыласпен оқитынына, тарихтан тағылым алуға жұмылған басшы екеніне, бүгінгі қоғамға ел парасатымен, өткеннің көзімен, болашақтың биігінен қарауға ұмтылатындығына көзіміз жетіп отыр. 

Президент былтыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында жасаған үндеуінде тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырды. Бұл қаншалықты тиімді? Жалпы, комиссияның жұмысы қалай жүріп жатыр?

- Саяси қуғын-сүргін мәселесі – қоғамның жазылмаған жарасы. Бұрын бодан болған қоғамда отарсыздану, жаңару үдерісі жүруі керек. Бізде ол жүрмеді деп айта алмаймыз. Бірақ оның түрлі нәзік амал-тәсілдері бар, әсіресе білім саласына қойылатын талаптары бар. Соның бәрін салмақтап жүргізу керек. 80-жылдардың аяғындағы қайта құру, жариялылық кезеңдерінде Мәскеуден бастап республикалардың барлығы өздерінің зиялыларын моральдық тұрғыдан ақтап жатты. Сол зиялылардың көбі сонау 50-жылдары-ақ ақталған. Бірақ олардың мұрасын жария етуге рұқсат берілмеген. Сонымен бірге кеңестік қағидатпен біраз азамат ақталмай қалды. Соларды ақтау, олардың мұрасын халыққа жария ету деген ұстаным қазір жаңа қырынан қойылып жатыр. Бұл құжат «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау» деп аталады.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құрылды. Мен - сол комиссияның мүшесімін. Бірқатар жұмыс атқарылды. Ғалымдар әдіснамалық дүниелерді қалыптастырып жатыр. Осы жұмыстардың бәріне мұрындық болып отырған - Мемлекет басшысының өзі. Бұл Президенттің әлемдік тәжірибеден үлгі алғандығын көрсетеді. Бұдан ешкім кішірейіп қалмайды. Арамызда бұрынғы комплекспен өмір сүріп жатқан елдер бар, олардың өз шындығы аяғын шідерлеп отырған да болар, бірақ біз олардан жаңғырған Қазақстан жағдайына түсіністікпен қарауын қалар едік. Өз тарихымыздың мәселесін өзіміз шешуге Тәуелсіздік деген мәртебеміз мүмкіндік береді. Осы мәселелерге жұдырықтай жұмылып жұмыс істеп келеміз. 

Бүгінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бірнеше бағытта жүргізілуде. Ең алдымен, архив саласы. Мұнда көп дүниені қайта игеру керек, бұған көп күш, әлеует, маман қажет. «Архив құжаттары өзі-ақ сөйлейді» деген ой болмауы керек. Себебі, кейбір құжаттарға фальсификация жасалып, біреулерді қаралау арқылы жүргізілген болуы мүмкін. Соның бәрін ақтарып, салыстырып, бірін-бірімен байланыстыра қарау - ғалымдардың міндеті. Екінші бағыт – түрлі саяси жағдайларға, қиындықтарға байланысты. Екінші дүниежүзілік соғыстың қиындықтары тағы бар. Сонымен бірге, ішіміздегі кеңесті мойындамаған түрлі амалдар, қарсы тұрулар болған. Соның бәріне біз Тәуелсіздік мұраты тұрғысынан қарауымыз керек. 

Әрине, кеңес заманы келмеске кетті. Дегенмен, ол уақытты, қоғамды бірыңғай қаралау мақсат емес, ол заманның қайшылықтарын, трагедиясын айта отырып, Алаш мұрасын, зиялылар күресінің ақиқатын жарыққа шығару - басты міндет. Одан қоғамның алатын тағылымы болуы керек. Әсіресе, оқу құралдарында дұрыс ұсыну, осы бағыттағы пән мұғалімдерін даярлау мәселесі аса маңызды. Яғни, оқушыда екі ой қалыптаспауы керек. Материалдың бәрін салыстырып, қайшылықтарын түсіндіре алатын мамандар қажет. Бұл міндет ең алдымен мұғалім мойнына түседі. Одан кейін ғалымдарға, саясаттанушыларға артылады. Тағы бір бағыт - мәселенің заңдық бағасы. Заңгерлер оны әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, осы күнгі қолданыстағы заңдармен немесе оның әлі де жетіспей жатқан тұстарын толықтыру арқылы, Парламентте, заң шығарушы  органдарда тиянақтауы - кезек күттірмейтін мәселенің бірі. Жалпы, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау – біреуді қаралау, төмендету емес, өткен қоғамға берілген баға. Моральдық жауапкершілік. Мұның бәрі -келешек ұрпаққа керек тарихи қадамдар.

Осы орайда, сұрағым келіп отырғаны - алаштану мәселесіне қатысты жоғарыдан тыйым бар деген сыбыстар естіліп жатады. Осы рас па?

- Бұл ретте айтарым: алаштануға, ғылымға еш тыйым жоқ. Тек кейбір жекелеген адамдардың басында, миында қымсыну, қорсыну, тарихты білмей бұра тарту болуы мүмкін. Оны комплекс дейді. Яғни, өзін-өзі қор санау, дұрыс түсінбеу. Алашқа қатысты тыйым байқалмады, қайта ол туралы мүмкіндігінше жария ету, бағасын беру туралы ойлар Мемлекет басшысы тарапынан, әсіресе, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға байланысты Мемлекеттік комиссия тарапынан жиі айтылады. Қоғам оның бастапқы шешімдерін байқап та отыр. 

Біздің Алаш мәселесімен айналысып жүргенімізге 30 жылға жуықтады. Отыз жылда не байқадық? Біз 90-жылдары тарихқа ұмтылған азаматтардың жақсы ықыласын байқадық. Сол кездердегі басылымдарды қарасаңыз, бәрінде «Алаштың зиялыларын ақтау, жария ету, мұрасын кеңінен насихаттау» деген тақырып көтерілген. Ол жылдары көзі ашық азаматтардың Алашты білмейтіні кемде-кем еді. Кешікпей елде экономикалық қиындық орнады. Бұл қиындық білім саласына қолбайлау болды. Тіпті, БАҚ тарала алмай, оны халық оқи алмай, қоғамда белгілі бір «құндылық пен бардан айырылу» орнықты. Міне, сол кезден бастап Алашқа деген немқұрайлылық белең алды. Екі жақтан да бірдей. Қоғам тарапынан да, биліктен де. Алаш зиялыларын зерттеуге қаржы бөлу мәселесінде енжарлық байқалды. 

Бүгінде Қазақстанда 30-ға жуық танымал алаштанушы бар. Ізденгіш жастар да өсіп келеді. Олардың бірде-бірінің еңбегі тоқтап, жарияланымына рұқсат берілмеді дегенді естімедім. Егер жазғаны сапалы болса, барлығы да өтті. Біз осы күнге дейін 40-қа тарта Алаш жинағын, кітабын дайындап, жариялаған екенбіз. Соның бәрі де мемлекеттік тапсырыспен, мемлекеттік баспадан, мемлекеттің қолдауымен жарық көрді. Бұған біз қуанамыз. Алайда басталған іс тоқтап қалмай, жалғасын табуы керек. Алаш мұрасын әлемге танытуымыз қажет. Бізге ұлт-азаттық қозғалысын әлемдік ұлт-азаттық қозғалыстармен параллель қарастыратын ғылыми бағыттар, жобалар керек. Біз өзіміздің тарихи тұлғаларымызды осы Қазақстанның аумағында ғана қалдырмай, әлемдік деңгейде көрсете білуіміз шарт.

Қазақ үшін Алаш мәселесінен кейінгі маңызды жайт латын қарпі сияқты. Қ.К.Тоқаев ана тілімізді дамыту жайындағы ойын латын графикасындағы қазақ әліпбиімен түйіндеп, «латын қарпіне көшіп жатқанымыз - Тәуелсіздіктің жемісі» деп бағалады. Жалпы, жаңа әліпбиге қатысты пікіріңіз қандай?

- Қазақ үшін ең асыл қасиет – таңба. Кезінде рулық таңба болды, кейін әріп таңбасы келді. Күлтегін ескерткіші, Орхон-Енисей жазбаларындағы (V-VIII ғ.) әр дыбысты беретін таңба – әлемдік аяда қайталанбас құбылыс. Адамзат бір дыбысты бір таңбамен беруі үшін кемінде 2000 жыл жүріп өтеді екен. Оған дейін суреттерді, иероглифтерді пайдаланған. Бірақ дыбысты әріппен таңбалау – күрделі құбылыс. Бітік жазу, Орхон-Енисей жазуы, ескі түркі жазуы бар екенін әлем мойындайды. Сондықтан бұл құндылығымыз да ұмыт қалмауы керек. Ол да ата жазуымыз ретінде дами беруі қажет. Мұны әрқашан қоғаммен бірге қатар жаңа технологиялармен дамытып отырған жөн. 

Біз 1929 жылға дейін араб негізді әліпбиді пайдаланып келдік. Ал бүгінгі латын қарпінің мақсаты не? Мақсат – осыған дейін қазақ тілін, тілдік дамуды шідерлеп келген түрлі жат ережелерден, тілдік схематизмнен құтқару. Бұл бағытта ғалымдардың ізденістері де жетерлік. Латын қарпінің үш нұсқасы халық назарына ұсынылды. Оның екеуін халық қабылдамады. Жаңа нұсқаны Президент қайтарып, ғалымдар қайта парықтап, қайта күн тәртібіне шығарып, талдау жүріп жатыр. Осы нұсқа қабылданып қалуы тиіс. Бүгінде «Ы» мен «У» әріптерін қалай таңбалау жөнінде пікірталас бар. Бұл – ғылымның шарты. Әрі қарай әліпбиді қабылдап алғаннан кейін оны нормалау деген дүние тұр. Ол кезде жетілдіре беруге болады. Жалпы, әлемнің барлық елдерінің әліпбиі даму барысында бірнеше рет өзгерген. Бұл - қалыпты, табиғи жағдай.

Тоқаев ел басқарғалы екі жыл деп жатырмыз. Жалпы, Президенттің характерін ашып берсеңіз. Осы уақыт аралығында не өзгерді, не өзгеруі мүмкін? 

- Қасым-Жомарт Кемелұлы – бесаспап, кәсіби дипломат.  Ал Мемлекет басшысы ретінде екі жылда талай жұмыс атқарды. Ол кісінің  жаңа лауазымдағы мәртебелі жұмысын өзіне дейінгі басшылармен де, әлемнің өзге президенттерімен де салыстырып баға беретін - тарих. Дегенмен, әр ел басшысының өз миссиясы бар. Сол миссияны атқаруға байланысты айтсақ, Қ.К. Тоқаев қабілет-қарымы ел көңілінен шықты. Мысалы, осы уақытқа дейін Президент халыққа екі Жолдау арнапты. Бірі - 2020 жылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі», екіншісі - 2021 жылғы «Сындарды қоғамдағы диалог: тұрақтылық пен өркендеу негізі». Жалпы, осы Жолдауларды қарап отырсақ, ең алдымен, тұлғаның мүмкіндігінше халыққа жақын болу ұстанымы, екіншіден, мәселені игеруге, байыптауға деген мемлекетшіл парасаты, үшіншіден, әрбір мәселені жеке қойып, көтеріңкі пафоспен емес, адами, шешімін табуға ұмтылған іскер адамның, істің мәнісін ойлаған қайраткердің көзқарасын байқауға болады. Бұл жағынан ел билеу мен елді бір мақсатқа жұмылдыру идеясы ұнайды. Әсіресе, зиялы қауым жоба-жоспарды дұрыс қабылдады. Мемлекет басшысының қарапайымдылық пен зиялылық, мемлекетшілдік пен тұрақтылық, әділеттілік пен сабақтастық бағытындағы ұстанымы – ғылыми қауымның көкейінен шығып отыр.

Тоқаевтың бастамасымен іске асып жатқан саяси жылымықтарды, мысалы, саяси тұтқындардың түрмеден босауы, митингке рұқсат беру шешімі, партия шегінің төмендетілуі және осы сияқты т.б. жайттарды әлемдік қауымдастық қалай бағалап жатыр?

- Қ.Тоқаев - саясаткер ретінде қоғамды да, әлемдік қауымдастықты да тең ұстайтын тұлға. Бұл оңай емес. Саяси көзқарасты ашық білдіру, митинг өткізу деген қағидат қоғамның парасатын, биліктің заң мен жауапкершілікке тең қарайтынын, сенім мен бостандықтың қадірін аңғартатын іс-әрекеттер. Егер Мемлекет басшысы сеніп, оған қоғам мүшелері құлақ асып жатса, Ата заңымыз арқылы көрсетілген құндылықтардың барлығы жүзеге асуға тиісті. Оған Конституцияның кепілі ретінде қандай да бір күрделі мәселені екпін түсірусіз, әсіре саясиландырмай жүзеге асыруға Қ.Тоқаевтың тәжірибесі де, білігі де, парасаты да жетеді, ал мемлекеттік құрылымдар өз міндетін орындауда ел бірлігіне қызмет ететін жолды табады деп сенеміз.

Қоғамда әлеуметтік қиындықтар өте көп. Қазақ: «Көрпеңе қарай көсіл» дейді. Біздің өз экономикамыз, оның табыс тауып жатқан салалары бар. Жеріміз де кең. Аграрлық бағытта да тұйықталған мәселе көп. Біз соның бәрін көре отырып, қазіргідей әлемдік экономикалық қиындық кезінде қандай да бір жеңілдік жаса деген ұсынысты ақылмен айтуымыз керек. Қазақ тағы: «Еңбек ет те, міндет ет» дейді. Мына заманда тек ауызбен орақ орып еңбексіз нәпақа табамын деу де – бекершілік. Қоғам мен билік орындары мәселені диалог негізінде шеше білуі қажет.

Әңгімеңізге рахмет!

Айсұлу МАМАНҚЫЗЫ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары