13.06.2021, 14:30

«Тоқаев – салмақты дипломат» - саясаттанушы

Фото: ашық дереккөз
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау рәсімі өтіп, ресми түрде президенттік қызметіне кіріскеніне 12 маусымда 2 жыл толды.

Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы екінші Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау рәсімі өтіп, ресми түрде президенттік қызметіне кіріскеніне кеше, 12 маусымда 2 жыл толды. Жалпы, Тоқаев президенттігінің екі жылын сарапшылардың көпшілігі мемлекет саясаты тұрақтылық пен демократияландырудың, құқық үстемдігіне қадам басудың жылы деп бағалады. Осы орайда танымал саясаттанушы Қазбек Майгелдинов Тоқаев сасясатына қатысты пікірімен бөлісті.

-    Қазбек мырза, 12 маусым Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ант берген күні. Президенттің биліктегі екі жылдық басшылығын қорытындылай келе, Тоқаев саясатының негізгі бағыттарын көрсетіп берсеңіз?

-    Тоқаев саясатының негізгі бағытына тоқталар болсақ, біріншіден, саяси прагматизм деп алар едім. Яғни, саяси реформаларды жүзеге асыруға қосқан үлесі. Сонымен бірге, Тоқаевтың президенттікке келуі әлемді сарсаңға салған пандемия кезеңімен сәйкес түсті. Ол осы жолда елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалды шешуді басты орынға қойды. Яғни, адам капиталын дамытуға маңыз берді. Біріншіден, денсаулық сақтау саласына байланысты дәрігерлердің статусын көтеру, білім беру саласындағы қазіргі таңдағы Қазақстанның ғылыми орталыққа айналуға қосқан үлесін атап өтуімізге болады. 

-    Тоқаевтың билікке келуі, тек Қазақстан халқына ғана емес, әлемдік қауымдастыққа да үлкен үміт сыйлағандай болды. Демократиялық өзгерістер, құндылықтар өзгеріп, ескі сүрлеуден шығамыз деген ой қалыптасты. Осы үміт ақталды ма? Саясаттанушы ретіндегі көзқарасыңыз. 

-    Шын мәнінде, Тоқаевтың билікке келуі әлемдік қауымдастықтардың демократиялық өзгерістерге деген бағытына үлкен қадам жасады десе болады. Өйткені, саяси реформалардың бірінші, екінші, үшінші пакеттері қабылданды. Әсіресе, Президент жанындағы кеңес беру органы ретінде құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің рөлі зор. Бұл кеңестің басты бағыты – қазіргі таңдағы мемлекеттік басқарудағы билік пен қоғам арасындағы диалогты нығайту. Осы ретте «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасы аясында жаңа заңдардың қабылдануы, сайлау құқығын кеңейтуге байланысты сайлау туралы заңдарға өзгерістердің енгізілуі, қоғам талабына сәйкес сайлау бюллетеньдерінде «бәріне қарсы» деген бағанның қосылуы, сайлау партияларының Мәжіліске және жергілікті сайлауларда өту межесінің 7%-дан 5%-ға түсірілуі сияқты басты қадамдар жасалды.

-    Президент бүгінге дейін қандай принциптерді басшылыққа алып келеді?

-    Мемлекет басшысының басты принциптері – прагматизм, салқынқандылық және ең маңыздысы, демократия дамуын қолдау деп білемін. 

-    Мемлекет басшысының билікті тізгіндеген уақыты пандемиямен тұспа-тұс келді. Осы ретте Президент ұстанған саясат өзін ақтады ма? 

-    Президенттің пандемия кезінде ұстанған саясаты – ең алдымен мемлекеттік аппаратты қалыпқа келтіру болды. Яғни, басты назарға қойылған жоспар-міндеттер бойынша, Үкіметтің жұмысын қадағалау болды. Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысы түрлі кеңейтілген отырыстарда да, өзінің Twitter парақшасы арқылы да Үкіметтің жұмысына әрдайым нақты баға беріп, сөгетін жерде сөгіп, негізгі бағыттарды қоюда бастаушы ретінде өзі жүріп отырды.

-    Әр қазақты толғандырған жер реформасы мәселесіне нүкте қойылуын қалай сипаттайсыз?

-    Бұл бағытта Президент өзінің нақты шешімін кесіп айтты. «Жер шетелдіктерге сатылмайды, жалға да берілмейді» деді. Бұл көптен күткен мораторийға нақты жауап болды. 

-    Президент «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында сыртта жүрген қандастар жайын қозғады. Біраз жеңілдіктер жасалуы керегін айтты, ол біртіндеп орындалып та жатыр. Бұл жеңілдіктер көштің артуына сеп бола ала ма? Әлде қазір шет мемлекеттердегі қазақтардың елге оралуға деген ынтасы азайды ма?

-    Ең алдымен, атамекенге сырттан жеткен қазақтардың «оралман» деп аталуын «қандас» сөзімен ауыстыруға түрткі болған да Президент. Әлем елдерінде қазақ диаспоралары бар, сыртта 5 миллионнан астам қазақ бауырларымыз жүр. Осыларды елімізге қайтару жолын қарастыру, тіпті, жоғарыда айтып кеткен «қандас» сөзінің енгізілуі Мемлекет басшысының көрегендігін көрсетеді. Сонымен қатар, бұл мақаласында Алаш арыстары, Алтын орданы ұлықтауға, тарихымызды қайта қарауға байланысты жасаған қадамдары, Тоқаевтың тарихқа асқан байыппен қарайтынын байқауға болады. 

-    Партиялардың мәжіліске өту шегін 7-ден 5%-ға төмендетуді көздейтін заң жобасының тиімділігі неде?

-    Бұл заң жобасының тиімділігі – саяси плюрализмді дамыту. Саяси партиялардың саяси үрдіске қатысуына түрткі болу және жаңа саяси партиялардың пайда болуының алғышарты деп есептеймін. Шын мәнінде, бұл жерде тек пайыз көрсеткіші төмендетілген жоқ, сонымен бірге саяси партиялар туралы заңға байланысты саяси партияларды тіркеу үшін қажетті мүшелер саны 40 мыңнан 20 мыңға, яғни 50%-ға төмендетілді. Мұның барлығы еліміздегі түрлі саяси күштердің саяси додаға қатысуына барынша мүмкіндік жасау, саяси плюрализм, көпжақтылықты дамытуға үлес қосу үшін жасалып отыр.

-    Тоқаевтың бастамасымен іске асып жатқан саяси жылымықтарды  (саяси тұтқындардың түрмеден босауы, митингке рұқсат беру, партия шегінің төмендеуі т.б.) әлемдік қауымдастық қалай бағалап жатыр?

-    Тоқаев өзінің инаугурациясы кезінде саяси тұтқындарды түрмеден босату, митингке рұқсат беру сияқты жасаған уәделерін орындап келеді. Ол БҰҰ сияқты халықаралық өзге де ұйымдар тарапынан оң бағасын алып та жатыр. 

-    Тоқаевтың характерін ашып берсеңіз. Не өзгерді, не өзгеруі мүмкін?

-    Тоқаев – салмақты дипломат. Бұл қасиеті түрлі жиындарда анық көрінеді. Оны кез келген мәселеде мәмілеге келуге дайын, салқынқанды, еш эмоциясыз, басты принциптерін назарда ұстап, дұрыс бағыт алып отырған тұлға ретінде қарастыруға болады. 

Айсұлу МАМАНҚЫЗЫ