$ 448.89  477.93  4.76

Джо Байден мен Владимир Путиннің кездесуі қалай өтті? (ВИДЕО)

Кездесуден соң АҚШ және Ресей президенттерінің атынан стратегиялық тұрақтылық туралы мәлімдеме жарияланды.


16 маусымда Женевада АҚШ президенті Джо Байден мен Ресей президенті Владимир Путин кездесті. Екеуі президент ретінде алғаш рет кездесіп отыр. Байден мен Путин кездесуі Мәскеу мен Вашингтон арасындағы қарым-қатынас нашарлаған тұста өтті, деп жазады Азаттық

Екі ел басшысының саммиті Женева қаласының жекеменшігі саналатын Ла Гранж тарихи вилласында өтті. Келіссөз Нұр-Сұлтан уақытымен 17:25 кезінде басталып, 21.00-да аяқталды. Яғни төрт сағаттан аз уақытқа созылды.

Кездесуден соң АҚШ және Ресей президенттерінің атынан стратегиялық тұрақтылық туралы мәлімдеме жарияланды.

"Біз ядролық соғыста жеңуші тарап болуы мүмкін емес екенін және ондай соғыс ешқашан болмауы керек деген ұстанымды қолданатынымызды растаймыз. Бұл мақсаттарға жету үшін Ресей мен АҚШ таяу уақыттада стратегиялық тұрақтылық бойынша екі тарапты кешенді диалог бастайды" деп жазылған құжатта.

Екі ел лидерлерінің кездесуінен кейін күтілгендей, президенттердің бірлескен баспасөз мәслихаты өтпеді.

Алдымен Путин баспасөз мәслихатын өткізіп, сөйлесуді конструктивті және ешқандай қастықсыз өтті деді.
•    Путиннің сөзінше, тараптар таяу күндері АҚШ елшісін Мәскеуге және Ресей елшісін Вашингтонға қайтару жөнінде келіскен.
•    Путин Украина мәселесі талқыланғанын, бірақ бұл өлкенің НАТО-ға ықтимал мүше болуы бойынша "үстіртін" сөз болғанын білдірді. Путиннің айтуынша, екі тарап тең Минск келісімдерін іске асыруды қолдайтынын атап өтті.
•    Путиннің айтуынша, тараптар кибершабуылдар және киберқауіпсіздік мәселелері бойынша кеңестерді бастау туралы келіскен.
•    Путин CNN телеканалының Алексей Навальный туралы сұрағына жауап беріп жатып, Навальный өзі қамалуды қалаған болуы мүмкін екенін айтты. Ол сөзінде оппозиционерді тағы бір рет заң бұзды деп айыптады. Путин кездесу кезінде Навальный тақырыбы Байденнің бастамасымен көтерілгенін растады. Бұдан бөлек Владимир Путин Навальный туралы айтып жатып, АҚШ-ты Ресейдегі саяси оппозицияға қолдау көрсетеді деп айыптады.
•    ABC телеканалының тілшісі Путинге Ресейде Алексей Навальныйдың ұйымдарына тыйым салынғаны жөнінде сұрады. Ресей лидері Навальный жақтастары жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға дайындалды деп айыптады.
•    Путин кездесу кезінде АҚШ президенті Азат Еуропа /Азаттық радиосы орыс қызметінің мәселесін көтергенін жеткізді. Ол медиа "шетел агенті" туралы заңды толық сақтамай жатыр (РСЕ/РС орыс билігінің талаптары халықаралық заңға қайшы келеді деп есептейді) деді. Путин бұл мәселе СІМ деңгейінде талқыланатынын атап өтті.
•    Тұтқын алмасу туралы Путин бұл мәселе әлі талқыланады деді.

Осыдан кейін АҚШ президенті Джо Байден баспасөз мәслихатын өткізді. Ол АҚШ неге Ресейге қарсы санкциялар қабылдап жатқанын Владимир Путинге жеке жеткізгім келді деді. Ол Америка саясаты Ресейге қарсы бағытталмағанын, бірақ АҚШ президенті ретінде адам құқықтарының бұзылуына бейжай қарай алмаймын деді.

Байден Алексей Навальный туралы, Азат Еуропа /Азаттық радиосының орыс қызметінің мәселесін көтергенін растады.

•    Байден "Егер Навальный түрмеде өліп қалса не болады?" деген сұраққа жауап беріп жатып, бірінші кезекте бұл Ресейдің өзіне жаман болатынын, өйткені әлемдік аренада оған халықаралық талаптарды сыйламаған өлке ретінде сенімсіздік туатынын жеткізді.
•    Байденнің сөзінше, АҚШ пен Ресей стратегиялық тұрақтылық және ядролық қарулануды бақылау бойынша "ойын ережесі" туралы келісіп алуы қажет.
•    АКШ президенті Путинге Ресей сайлауларға араласа берсе және кибершабуылдарды жалғастыра берсе, оның салдары ауыр болатынын ескертті. Бұдан бөлек ол кездесуде киберқауіпсіздік, Иран, Сирия, Ауғанстан және Арктика тақырыптары жөнінде сөз болғанын растады.
•    Байден Путинге АҚШ Украинаның аймақтық тұтастығын қолдайтыны туралы жеткізді. Сонымен бірге ол Беларусьтағы жағдайды талқылағанын айтты.
•    Байденнің сөзінше, кездесу пікір келіспеушілікке қарамастан, позитивті атмосферада өткен.
•    Байден сөзінің аяғында Путин "қырғи-қабақ соғысты" қаламайтынындай әсер қалдырды деді.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары