ҚР Премьер-министрі Үкімет отырысы барысында орталық және жергілікті атқарушы органдарды құрылыс саласындағы мәселелерді шешу үшін өзара келісіп іс-қимыл жасауға шақырды.
Б.Сағынтаев еліміз тәуелсіздік алған 25 жыл ішінде 113 миллион шаршы метр тұрғын үй салынып, 1 миллионнан астам отбасы баспаналы болғанан атап көрсетті. Сондай-ақ, 1400-ге жуық мектеп пен 1300 денсаулық сақтау объектілері пайдалануға берілген.
«Бізде дағдарыс алқымнан қысқан қиын жылдардың өзінде құрылыс жұмыстары тоқтаған жоқ. Қазіргідей күрделі кезеңде де Елбасының тапсырмасы бойынша бұл салаға қаражат бөлініп отыр», - деді Б.Сағынтаев.
Отырыс барысында Үкімет мүшелері тұрғын үй және әлеуметтік объектілер құрылысының барысын егжей-тегжейлі талқылады. Премьер-Министр бұл Үкімет үшін аса маңызды мәселе екенін ерекше атап өтті.
«Қолжетімді баспана, денсаулықты қорғау, сапалы білім алу – Қазақстандағы барлық отбасылар үшін бірінші кезекте өмірлік мәні зор құндылықтар. Сондықтан да ел Президенті бұл мәселелерді айрықша бақылауда ұстап отыр»,-деді Б.Сағынтаев.
Сонымен қатар, Премьер-Министр құрылыс саласындағы мәселелерді шешу үшін орталық және жергілікті жерлерде өзара бірлескен, келісілген іс-қимыл қажет екенін айтты.
Ол жоспарланған құрылыс жұмыстарының көлемін қамтамасыз ету, тұрғын үй нарығындағы ұсынысты көбейту, тұрғын үйдің өзіндік құнын арзандату үшін жаңа мүмкіндіктерді пайдалану, мектептер мен ауруханалардың құрылысы, халықтың төлем қабілетін ұлғайту сияқты Үкімет алдында тұрған бірқатар міндеттерге тоқталып өтті.
Бұл салада орын алып отырған мәселелер де белгілі. Құрылыс саласын монополиясыздандыру қажеттілігі, инфрақұрылым құрылысы, жобалау-сметалық құжаттарды дайындау және конкурстық рәсімдерді жүргізу құрылыс кестесі мен жұмыстың тиімділігіне әсер етеді. Сондай-ақ, қолжетімді, ұзақ мерзімді несиелендіру үшін қаржылық тетіктерді дамыту қажет.
«Бұл мәселелердің барлығы да ерекше бақылауда болуы тиіс»,- деді Б.Сағынтаев.