Белгілі саясаттанушы, Мәжіліс депутаты әрі Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Ерлан Сайыров Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егер мемлекеттік қызметкер шешім қабылдау кезінде бюджет қаражатын жымқырамын немесе пара алу арқылы заңсыз жолмен байимын деген арам пиғылсыз қателік жасап қойса, қылмыстық жауапкершілікке тартылмауы керек» деген сөзіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы.
Сайыровтың айтуынша, Тоқаев осы сөзі арқылы соңғы кездері "антикоррдың" жеке PR-на айналып кеткен коррупциямен күрес мәселесін жаңа сатыға көтеруді көздеп отыр.
"Қазақстан Республикасының Президенті коррупцияға қарсы күрестің кейбір аспектілерін өзгерту жөніндегі пайымы желіде қызу талқыланып жатыр.
Республика азаматы ретінде, өзімнің ойымды білдіруді жөн көріп отырмын.
Мемлекет басшысының стратегиялық мәлімдемелерін қоғам қызу қалқылауда, бұл " тыңдауға қабілетті мемлекет" философиясының іс-жүзіне асып жатқандығын көрсетеді.
Елімізде плюрализм принциптері еніп келе жатыр деген сөз.
Президент Тоқаев коррупциямен күресті тоқтату жөнінде айтып отырған жоқ.
Керісінше, қасақана, жаман ниетпен істелген коррупциялық фактілермен бітіспес күресу керектігін баса айтты.
Коррупциямен күрес ұсақ-түйек пара алу немесе бюджеттің қаражатын қасақа қымқырумен күреспен шектелмейді.
Коррупцияның аса үлкен дәрежедегі экономикалық қылмыстар, еліміздің салық саласына аса үлкен дәрежеде салық төлеуден жалтару, экономикалық протекция тәрізді формалары бар.
Біздегі коррупциямен күрес "антикоррдың" жеке PR-на айналып кеткен, ортаңқол шенеуіктердің "шалыс қадамдарын" "түймедейді түйедей" етіп көрсетіп, ақпарат құралдарында айқай-шуды қаптатып, азаматтарға зорлық жасай отырып, куәлерге қысым жасап, сол шенеуіктерді жексұрын етіп көрсетіп, соттату фактілері көп екендігі белгілі.
Ал енді, сол "антикоррдың" осы виртуалды PR күресінің экономикалық эффектісі қандай десек, ауыз толтырып айтатын есеп болмайды.
Неліктен?
Мен бір ғана мысал келтірейін, еліміздегі ең қатты резонанс тудырған Ерлан Арын, Жақсылық Досқалиев, Жақсыбек Күлекеевтың үстінен жасалған сот процессінде, осы ақиық азаматтарға қарсы тұшымды дәлелдер болмады.
Өйткені, ол істердің қылмыс құрамы болған жоқ.
Аяғында Ерлан Арын Ағамызды бір "Нива" үшін, Күлекеев ағамызды заңды түрде, Өкіметтің қаулысымен бекітілген "охрана" алғаны үшін соттады.
Досқалиевке де бастапқы айып дәлелденбей қалды. Ешқандай ірі көлемдегі "ішіп-жеу" дәлелденбей қалды.
Кейбір азаматтарды қорқытып, үркітіп алған куәлік қағаздан басқа бірде бір факті жоқ!
Есесіне, әлемдік деңгейде қазақтың рухани символы болған мықты экономист, тарихшы, дәрігер Ағаларымызға "ұры" деген лақапты іліп бердік.
Қаншама басқа "қолдан жасалған" істер болды, оны азаматтар өте жақсы біледі.
Әрине, бұл кезең сол кездегі "антикоррға" жақсы PR болды.
Есесіне мемлекет ұтылды, қазақ халқының мемлекетке деген сенімі девальвацияланды.
Ағаларымыз өмір бойы "жанның психологиялық травмасын" алды.
Жас ұрпақтың аға ұрпаққа сенімі таязданды.
Сол азаматтарды мен жақсы танимын, цифрлық технология, криптовалюта, жаһандық экономика тәрізді тапшы мамандықтың иегерлері, өте таза азаматтар, бүгінгі экономикалық тығырықтан шығудың жолын жасап беруге қабілетті азаматтар.
Ең бастысы, осындай "айқай-шудан" кейін халықтың мемлекетке деген сенімі коррозияға ұшырап, мемлекеттік қызметкерлер "потенциалды коррупционер" деген пікір қалыптасады.
Ал бұл сала біздің мемлекеттің басты фундаменті, еліміздің тірегі!
Осындай "асыра сілтеудің" болмауы үшін коррупцияға қарсы күрестің акценттерін өзгерту керек.
Ол дегеніміз не?
"Антикоррдың" мемлекеттік қызметкерлерді жүйелі түрде "тоғыту" PR технологиясын доғару керек.
Мемлекеттік қызметшілерге "потенциалды коррупционер" деген көзқарасты өзгерту басты аспект.
Мемлекеттік қызметкерлердің 99,9 пайызы адал, патриот азаматтар.
Коррупцияның қасақана, жаман ниетпен жасалатын фактілері болатын болса, олар өте қатал жазалануы тиіс!
Бұл аксиома!
Коррупциямен күресте "қоғамдық бақылау" тетіктерін күшейтіп, мемлекеттік бюджеттің қалыптастыру, бюджетті орындау кезеңін қоғамға ашық ету, квази - мемлекеттік сектордың қаржысына да қоғамдық бақылау институтарын арттыру қажет.
Коррупциямен күрес дегеніміз осы.
Бюджет ашық болуы тиіс!
Коррупцияны қабылдамау мәдениетін жасау анағұрлым қажет және өзекті!
Бұл жұмыс бала бақша, мектеп табалдырығы, оқу орындарында жүйелі түрде жасалуы тиіс!
Қазіргі "Антикорр" Агенттігі осы бағытпен жүріп те келеді.
Коррупцияға қарсы күрес Агенттігі өзінің жұмысын қайта қарауда.
Бұл дұрыс қадам!
Ал енді бюджеттің ашықтығына келетін болсақ,
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сондықтан "қоғамдық бақылау" жөніндегі заңды қалыптастыру жөнінде тапсырма берді.
Бұл заң күзгі сессияда Мәжіліске енеді деп күтілуде.
Яғни, коррупциямен күрес, мемлекеттік қызметтің санасы мен тәртібін арттыра отырып, терең, стратегиялық бағытқа ауысуы тиіс.
Ол ірі көлемдегі экономикалық қылмыстар, салық төлеуден жалтару фактілері, "көлеңкелі экономиканы" күнге шығару, тағысын тағылар.
Президент Тоқаев коррупциямен күрестің басқа, қоғамның ролін арттыратын көкжиектеріне жол сілтеп отыр...
Бұл өмір талабы", – дейді саясаттанушы Ерлан Саиров.