Шымкенттегі қалалық мәдениет үйінің жетекшісі, әнші Сәкен Майғазиев өз еркімен қызметінен кетті. Бұл туралы қалалық мәдениет басқармасы 18 тамыз күні кешке Facebook парақшасында жариялады, деп хабарлайды Азаттық.
Басқарманың мәліметінше, әнші "шығармашылық жұмысының көбеюіне" байланысты қызметтен кету туралы өтініш жазған.
Майғазиевтен қызметінен кету туралы пікір алу мүмкін болмады.
Майғазиев 2020 жылдың желтоқсанда Шымкенттегі қалалық "Түркістан" мәдениет үйінің директоры қызметіне тағайындалған. 2021 жылы пандемия кезінде Шымкентте Наурыз мерекесін тойлауға бюджеттен көп қаржы, яғни 565 миллион теңге бөлінгені жайлы ақпарат шығып, дау туған. Дауға Майғазиев басқаратын мәдениет үйі де іліккен.
Әнші Азаттыққа берген сұхбатында "Наурыз шараларына ары кеткенде 180 миллион теңгенің ары жақ, бері жағындағы ақша жұмсалды. 565 миллион теңге емес" деп мәлімдеген. Ал мемлекеттік сатып алу сайтында Наурыз мерекесіне орай деген атауы бар келісім-шарт сомалары 180 миллион теңгеден көп.
Шілде айында Майғазиев Наурыз мерекесін тойлауға жұмсалған бюджет қаржысының дауына байланысты видео жариялаған белсенді Аружан Дүйсебаеваны сотқа берген. Әнші видеодағы "мемлекет тарапынан бөлінген 565 миллион теңгені жоқ қылды", "жемқорлыққа бару халыққа жасаған опасыздық", "жемқор" деген сөздер "ар-намысыма тиді, қорлады" деп есептеген.
4 тамыз күні сот отырысында жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің наурыз айындағы тексерістен кейін Майғазиевтің үстінен қылмыстық іс қозғалмағаны хабарланды.
Ал 7 тамыз күні Майғазиев Дүйсебаеваны "кешіргенін", соттан арызын қайтарып алатынын мәлімдеген.