Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әр азаматы қазақ тілін білуі керегін, бірақ орыс тілін меңгергендер еш ұтылмайтынын мәлімдеді. Бұл туралы ол Қазақстан халқына жолдауында айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Президент қазір қазақ тілін қолдану аясы кеңейіп келе жатқанын айтты.
«Қазақ тілін дамыту - мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала береді. Бұл салада айтарлықтай нәтиже бар. Қазақ тілі, шын мәнінде, білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналып жатыр. Жалпы, мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп келеді. Бұл - заңды құбылыс, өмірдің басты үрдісі. Сондықтан, қазақ тілінің өрісі тым шектеліп бара жатыр деуге негіз жоқ», - деді ол.
Тағы оқыңыз: «Егемендік еліміз үшін жалаң ұран мен жалынды сөз емес» -Мемлекет басшысы
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Ата-заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл барын, бұл қазақ тілі екенін еске салды.
«Орыс тілі - ресми статуста. Біздің заңнамамыз бойынша оны қолдануға бөгет жасауға тыйым салынған. Болашағын отанымен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге, ден қоюға тиіс. Бұл отаншылдықтың басты белгісі деуге болады. Жастарымыз өзге тілдерді, оның ішінде орыс тілін жетік меңгерсе, одан еш ұтылмайды», - деді Тоқаев.