Cаясаттанушы Бауыржан Серікбаев Президенттің бүгінгі Жолдауындағы маңызды 3 мәселені атады. ҚазАқпарат саясаттанушының пікірін желідегі парақшасына сілтеме жасай отырып, толық жариялайды.
Бірінші, мұғалімдердің жалақысы алдағы уақытта да өсетін болады. Осы мақсатта президент бюджеттен қаржы бөлуді тапсырды. Қазір ауылды жерлерде 10-15 жыл стажы бар мұғалімдер, толық ставкамен 200-300 мың теңге арасында жалақы алады. Алдағы уақытта да бұл өсе беретін болса мұғалімдер үшін жақсы өзгеріс.
Екінші, ғалымдардың жалақысы өседі. Жақында Ұлттық университеттердегі профессорлардың жалақысы 450 мың теңгеден кем болмасын деген министрлік талабы шыққан. Енді президент тапсырмасымен ғалымдарға берілетін мемлекеттік гранттар 3 жылдан 5 жылға дейін ұзартылады. Ғылыммен айналысу үшін гранттар саны да артады. Ғылыми институт ғалымдарының, университет ұстаздарының жағдайы жақсарады деген сөз. Сабақ берумен, грант арқылы ғылыммен қатар айналысатын ғалымдардың табысын есептей беріңіз.
Үшінші, мәдениет саласы қызметкерлері, қорықшылар, кітапханашылар, техникалық сала қызметкерлерінің жалақысы жыл сайын 20%-ке өседі. Бұл еліміз бойынша 600 мың азаматты қамтиды. Соңғы кездері мұғалімдер мен ғалымдарға мемлекет барлық жағдайды жасап жатыр. 2025 жылға қарай тек ғылымның өзіне ІЖӨ-нің 1% бөлінетін болады.
Менің ойымша ғылым саласына, университетте ұстаздық ететін ғалымдар, мұғалімдер алдағы 3-4 жылда еліміздегі жалақысы мен табысы көп ең беделді мамандықтар қатарында болады. Соған келе жатырмыз. Жастар осыған бейімделуі керек деп ойлаймын.