$ 494.87  520.65  4.91

Зорланған бала жайлы репортаж, қысым көрген журналист, ақталған Саин

Түркістан облысы Абай ауылында осыдан үш жыл бұрын зорланған бала  жайлы репортаж жариялаған Village Kazakhstan редакциясы мен материал авторы, журналист Әсем Жәпішева өздерін қорқытып-үркіту әрекеттері басталғанын хабарлады.
Фото: ашық дерекөз
Фото: ашық дерекөз

Түркістан облысы Абай ауылында осыдан үш жыл бұрын зорланған бала  жайлы репортаж жариялаған Village Kazakhstan редакциясы мен материал авторы, журналист Әсем Жәпішева өздерін қорқытып-үркіту әрекеттері басталғанын хабарлады, деп жазады malim.kz.

"Белгісіз адамдар түрлі ведомство атынан хабарласып, мақаланы алып тастауды талап етіп жатыр. Біз тәуелсіз журналистерге қысым көрсетуді тоқтатуды талап етеміз. Жарияланған материалды алмаймыз", - деп жазды Village Kazakhstan өзінің Telegram-арнасында.

Ал репортаж авторы Әсем Жәпішева кеше түнде әлеуметтік желідегі парақшасында белгісіз адамдар түрлі ведомствоның өкіліміз деп хабарласып, материалды алып тастауды талап етіп жатқанын жазды. Ол өзіне  әлдебіреулер хабарласып, қорқытып-үркіткен соң телефонын өшіруге мәжбүр болған.

Әсем Жәпішева Malim.kz-ке өзіне телефон соққан адамдардың аты-жөндерін атамағанын айтты.

Абай ауылындағы бала туралы репортаж

Осыдан үш жыл бұрын Абай ауылындағы жеті жасар баланың зорланғаны жайлы хабар тарап, қоғамда үлкен резонанс туған.

Әсем Жәпішева бала мен оның отбасының қазіргі өмірі туралы жазу үшін Абай ауылына барған.  1 қыркүйек күні Village Kazakhstan басылымы "Абайдағы бала: Зорлық көргендердің бастан кешкендері. Үш жылдан кейін" репортажын жариялады.

Журналист репортажда бүкіл Қазақстан жапа шеккен отбасына оқиғадан кейін Алматыда баспана берілді деп ойлағанына қарамастан, олай болмай шыққанын жазады. Репортажда ескі үйде дәретхана болмағандықтан, отбасы қақпадан тек қоғамдық дәретханаға бару үшін ғана шығатыны келтіріледі.

Репортажда баланың қазіргі жай-күйі, денсаулығы, бір құлағы нашар естіп, бір көзі жаман көретіні жайлы әжесінің сөзі берілген. Журналистің жазуынша, бала жазғы демалысқа апасына ауылға келген. Әжесінің айтуынша, анасы Алматыда жалдайтын пәтер таппай жүр.

Журналиске сұхбат берген бала әжесінің сөзінше, зорлық көрсетіп, сотталған баланың (жеті жастағы баланы зорлаған төрт күдіктінің үшеуі 14 жасқа толмағандықтан, сотталмады. 14 жасқа толған бір күдікті жеті жылға бас бостандығынан айырылды - ред.) анасы бірде қолына пышақ, енді бірде балта ұстап үйге келіп, қорқытып-үркітіп, қарғап-сілеп кетеді.

Репортажға оқиға туралы алғаш хабар таратып, мәселені көтерген журналист Амангелді Батырбеков пен заңгер Құрманғазы Мүсірдің де әңгімелері арқау болған.  

Репортажға реакция

Репортаж жарияланған соң балалар омбудсмені Аружан Саин әлеуметтік желідегі парақшасында "бала мен оның анасы қордағы ерікті Алматыда жалдап берген пәтерде тұрып жатқанын, ол пәтерден кетпегенін, бала мектепте оқитынын, ал анасы жұмыс істеп жүргенін" жазды. Саинның айтуынша, "бала мен анасы каникулда әжесінің үйіне қонаққа барған. "Баланың анасы мақала мен әженің сұхбаты туралы білмеген".  Саин "бала Абай ауылында тұрып жатыр" деген ақпарат шындыққа жанаспайтынын айтып, бұл ақпараттың артында "оның қоры мен жеке өзіне жалған ақпарат арқылы шабуыл жасаушылар тұрғанын" мәлімдеді.

Алайда Саин жазбасының астындағы  оқырмандар мен Әсем Жәпішева және Village Kazakhstan редакторы Айсана Әшімнің сұрақтарын жауапсыз қалдырды.

Жәпішева сол жазбаның астында қалдырған пікірде мақаланы жарияламас бұрын Саин өкілдеріне  бірнеше рет хабарласқанын айтқан. Журналист сондай-ақ Саинге "Оларға неге пәтер берілмеді? Күнде қорқытып-үркітуді көріп жүрген қарт әйелге кім қарайласады? Мақалада бала ол жақта тұрақты түрде тұрып жатыр деп жазылғанын қайдан шығардыңыз? Мақаланы оқып, видеоны көрдіңіз бе? Анасы неге өзіне жаман болады деп қорқып отыр? Шенділердің бәрі, оның ішінде мектеп директоры неге қызметінде қалды? Баланың әжесі еріктінің пәтерінен оларды әлдеқашан шығарып жіберді дегенді неге айтты? "  деген сұрақтар қойған. Алайда мақала жарияланғанға дейін балалар омбудсмені бұл сұрақтарға жауап бермеді.

Оқиғаға әлеуметтік желіде араласқан білім және ғылым министрінің орынбасары Бибігүл Асылова  да зорлық көрген бала Абай ауылында тұрып жатыр деген хабарды теріске шығарды. Алайда вице-министрдің айтуынша, баланың әжесі сол ауылда тұрады.

Бірақ Әсем Жәпішева әлеуметтік желідегі парақшасында "бала әжесімен жаз бойы  тұрғанын, ал әжесі сол үйде тұрақты тұратынын, әжесінің сөзінше бала мен ана еріктінің пәтерінен баяғыда кетіп қалғанын, оларға пәтер берілмегенін" жазды. 

Материал беттеліп жатқанда Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі The Village редакциясы мен репортаж авторына көмек көрсетіп, оқиғаның мән-жайын білу үшін хабарласуға тырысып жатқанын хабарлады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары