$ 494.87  520.65  4.91

Іргелі әрі ізгі істерге бастайтын Жолдау

«Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» деген тақырыпты арқау еткен Жолдау бас-аяғы 1 сағат 07 минутқа созылды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің бірлескен отырысында Қазақстан халқына жыл сайынғы кезекті Жолдауын жария етті. «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» деген тақырыпты арқау еткен Жолдауы бас-аяғы 1 сағат 07 минутқа созылды. Оның 29 минут 6 секунды қазақша, ал қалған 42 минут 15 секунды ресми тілде жалғасты. 

Көптеген сарапшылар бұл Жолдаудың бұрынғыларынан өзгеше болғанын айтып жатыр. Оларға сенсек, аталмыш құжатта денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға, сапалы біліммен қамтуға, өңірлік саясатты жетілдіруге, еңбек нарығында тиімді экожүйе құруға, саяси жаңғыруға, адам құқығын қорғау мен ұлтты ұйыстыруға бағытталған нақты бастамалар көрсетілген.

Әсіресе Прези­денттің елдегі ең төмен­гі жалақыны 60 мың теңгеге дейін, яғни 30 пайызға дейін кө­теру туралы бастамасын қоғам өте жылы қабылдаған.

«Елімізде ең төменгі жалақы көлемі 2018 жылдан бері көбейген жоқ. Дағдарыс халықтың табысына кері әсерін тигізді. Ең төменгі жалақы көлемі бойынша Қазақстан ТМД елдерінен біршама артта келеді. Сондықтан 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы көлемін 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге өсіру туралы шешім қабылдаймын. Аталған бастама 1 миллионнан астам адамды қамтиды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында.

Сондай-ақ Президенттің Қазақстанда жаңа тұрғын үй бағдарламасы әзірленетінін атап өтті. «Бұл үрдісті қолдау үшін жеткіліктілік шегінен асатын зейнетақы жинағының бір бөлігін болашақта баспана сатып алу үшін «Отбасы банкіне» аударуға рұқсат беру қажет деп санаймын. Бұл ақша жинау дағдысын қалыптастырып, қаражатты сауатты басқаруға мүмкіндік береді», – дейді мемлекет басшысы.

Енді осы Жолдауда сөз етілген мәселердің біразына тоқталсақ:

Президент өз Жолдауын ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығынан бастады.

"Биыл егемен ел болғанымызға 30 жыл толып отыр. Тәуелсіздік – біздің ең қастерлі құндылығымыз. Қазақстан Тұңғыш Президентіміз, Елбасының дара саясатының арқасында табысты ел ретінде бүкіл әлемге танымал болды. Ең басты жетістігіміз – біртұтас ел болып, жаңа мемлекет құрдық. Іргемізді бекітіп, еңсемізді тіктедік. Халықаралық қауымдастықтың белді мүшесіне айналдық. Тұрақты қоғам қалыптастырып, орнықты даму жолына түстік. Мемлекеттілігімізді нығайту үшін бір Ел болып еңбек етіп жатырмыз. Егемендік дегеніміз – жалаң ұран мен жалынды сөз емес. Біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың Тәуелсіздік игілігін сезіне алуы. Оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық. Сондай-ақ, халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы және жастардың болашаққа нық сеніммен қарауы. Барлық бастамамыз осыған бағытталуда", – деді Президент.

Сонымен қатар ол келесі кезекте қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру тұрғанын атап өтті.

Президенттің айтуынша, бұл мақсатқа жету үшін 5 негізгі бастама көтеріліп отыр. 

Біріншіден, Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге дейін көбейту туралы шешімін жария етті. Бұл шара 1 млн. адамды тікелей қамтитын болса, еңбек етіп жүрген барлық азаматтарға жанама түрде әсер етеді.

Екіншіден, соңғы 10 жылда кәсіпорын иелерінің табысынан 60 пайызға артта қалып келген еңбекақы қорын көтеру қажеттігін айтты. Осы орайда Үкіметке жұмысшылардың жалақысын көтеру үшін бизнесті ынталандыру шараларын әзірлеуді тапсырды. Жұмысшыларының жалақыларын өсірген жұмыс берушілерге сатып алуларда жеңілдік қарастырылып, мемлекеттік қолдауда басымдық беріледі.

Үшіншіден, Мемлекет басшысы микро және шағын кәсіпкерліктің еңбекақы төлеу қорынан алынатын бірыңғай төлем көлемін 34 пайыздан 25 пайызға дейін төмендетуді ұсынды. Бұл бизнестің мыңдаған қызметкерін «көлеңкелі айналымнан» шығаруға, зейнетақы, әлеуметтік және медициналық сақтандыру жүйелерінің толық қатысушысы болуына ықпал етеді.

Төртіншіден, Президент 2022 жылдан 2025 жылға дейін мәдениет қызметкерлерінің, мұрағатшылардың, кітапханашылардың, техникалық қызметкерлердің, қорықшылардың, көлік жүргізушілерінің және басқалардың жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіруді тапсырды. Бұл бастаманың игілігін тұтастай алғанда тағы 600 мың қазақстандық көреді.

Бесіншіден, Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы қорындағы жинақтың алуға болатын бөлігін «Отбасы банктегі» есепшотқа аударып, сол арқылы баспана сатып алуға рұқсат беру керек деп санайды. Оның айтуынша, бұл қаржыны дұрыс жинап, сауатты пайдалану дағдысына үйретеді.

Президент бірлескен отырысқа қатысқан Парламент депутаттарына әрбір заң жобасының қыр-сырына терең үңіліп, оны сапалы дайындауға шақырды. Халықтың мүддесін қорғау жолында әрдайым табандылық танытуы керек екеніне ерекше тоқталды. Мемлекет басшысының айтуынша, әрбір шешім елдің сұранысын да, мемлекеттің мүмкіндігін де ескере отырып қабылдануы қажет екенін атап өтті.

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, бұл  жолдау стратегиялық құжат іспеттес дүние.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауы – Қазақстанымыздың тұрақтылығын сақтай отырып, одан әрі дамытуға арналған Стратегиялық құжат.

Себебі Жолдауда саяси, әлеу­меттік, экономикалық өсіп-өр­кендеудің нақты жолдары, нақты қадамдары көр­сетілді.

Оның ішінде, әсіресе, агро­өнеркәсіп, денсаулық, білім, аймақ­тар дамуы және басқа да бағыттарды нығайтуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Ал біздің депутаттық кор­пус­тың ендігі басты мақсаты – осы барлық бастаманы сапалы заңдармен қамтамасыз ету", - дейді ол. 

Қасым-Жомарт Тоқаев сөз соңында мемлекеттік аппараттың тиімді жұмыс істеуі қажет екенін еске салды.

"Мемлекет басшысының саясатына күмәнмен қарайтындар, жұмысын атқара алмайтындар, уақыт өткізіп босқа отыратындар мен Президенттің тапсырмаларын орындаудан жалтаратындар болса, қызмет орындарын босатулары керек. Біз қазір дамуымыздың шешуші кезеңіне қадам бастық. Мемлекеттік аппарат біртұтас механизмдей жұмылып жұмыс істеуге міндетті. Тек сонда ғана біз мақсатымызға жете аламыз", – дейді Президент.

Президенттің көмекшісі Ерлан Кариннің айтуынша, Жол­дауда айтылған бастама­лардың барлығы да стратегиялық маңызы зор, жүзеге асыру үшін мемлекет­тік аппарат пен қоғам бірлесе жұмылуы қажет екенін салмақты дүниелер. Әрі бұл қоғамдық диалогты жаңа деңгейге көтеруге жол ашады. 

Мемлекет басшысы бұл жолы да осыған дейінгі Жолдауында қозғалған саяси реформаларға басымдық берді. Нақты айтқанда, ол Қазақстанның саяси реформасының 4-нші пакетін ұсынып отыр. 

Атап айтқанда, депутаттық ман­даттарды бөлу кезінде әйел­дер мен жастарға берілетін 30 па­йыздық квотаны міндетті түрде ұстану туралы норманы заң жү­зінде бекіту міндеті қойылды. Бұл норма бұрын тек партиялық тізім­ге ғана қатысты еді. Енді аталған квота депутаттық мандатты бөлу кезінде де сақталатын болады.

Сонымен бірге Мемлекет бас­шысы партиялардың сайлау тізі­мінде квота берілетін аза­мат­тар­дың санатын кеңейтуді ұсын­ды. Квотаға мүмкіндігі шектеулі аза­мат­тарды да қосу қажеттігін айтты.

Сондай-ақ Президент ауыл­дық жердегі азаматтық бастамаларды қолдаудың тиімді тетіктерін әзірлеуді, әйелдердің қоғамдағы экономикалық және саяси рөлін барынша қолдауды қамтамасыз етуді тапсырды.

Адам құқығын қорғау мәсе­лелерін де Президент жеке басымдық ретінде бөлек атап өтті. Мемлекет бұл бағыттағы жұмы­сында қылмыстық процес­ті одан әрі жетілдіруге, полиция­ның сервистік моделінің ауқы­мын кеңейтуге, құқық қорғаушы­лардың құқығын қорғауға, бала­ларға қарсы жыныстық қыл­мыстардың алдын алуға және жолын кесуге, синтетикалық есірт­кінің таралуына тосқауыл қою­ға баса назар аударуы керек.

Президент өзінің Жол­дауында айтқан барлық бастама­ны және стратегиялық міндетті жүзеге асыру үшін мемлекет­тік аппарат пен қоғам бірлесе жұмылуы қажет екенін атап өтті. Сондықтан қоғамдық диалог барлық деңгейде өрбитін болады", - дейді Ерлан Карин. 

Ал Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Президент жолдауында әлеуметтік мәселелерге үлкен басымдық бергенін айтады.

 "Мемлекет басшысы соңғы кезде бюджеттің шығыс бөлігіндегі міндеттемелерді орындау үшін бюджет тапшылығы ұлғайып, Ұлттық қордан алынатын трансферттер көбейіп бара жатқанына назар аударды. Соған байланыс­ты бюджеттік тәртіпті сақтау қа­жеттігін айтты. Бұл мәселе Сенат отырыстарында бюджетті қарау кезінде бірнеше рет көтеріл­ген еді. Одан бөлек, ел Прези­денті Үкімет пен Ұлттық банкке мем­лекет қаржысын басқаруды рет­тей­тін бөлек Тұжырымдама әзір­леуді тапсырды.

Жолдауда әлеуметтік проб­лема­ларға айрықша басым­дық берілген. Оған індеттің халықтың табысы мен әлеуметтік ахуалына айтарлықтай зардабын тигізуі себеп екені сөзсіз", - дейді Мәулен Әшімбаев.

Мәжіліс депутаты Ақылбек Күрішбаев: 

Ауыл ша­руашы­лығының әлсіз тұс­тары дәл анықталған.
Биылғы жылы Үкімет фер­мер­лердің онсыз да аз табы­сын тыйым салу шаралары­­мен төмендетпеуі өте ма­ңыз­ды. Ауыл шаруашылы­ғы ми­нистр­лігі ауыл шаруашылы­ғын дамытумен, фермерлердің кірістерін арттырумен айналысуы керек, керісінше емес! Сондықтан Президент азық-түлік тауарларының бағасын бақылау бойынша мемлекеттік органдардың жауапкершілігін ажырату керектігін дұрыс айтты.

Сондай-ақ еліміз үшін страте­гиялық маңызды шешім – биологиялық қауіпсіз­дік жөніндегі ұлттық жүйе құру­ды да айтып өтті. Короно­вирус пандемиясы бұл мәселе бойынша алдын ала іспен қам­дану керек екенін дәлелдеді.

Мемлекет басшысы цифр­лық технологияларды ендіру арқылы су проблемаларын шешу қажеттігіне баса назар аударды. 2025 жылға қарай еліміздің барлық халқы сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілетіні маңызды.

Менің ойымша, қоғам Прези­денттің елдегі ең төмен­гі жалақыны 60 мың теңгеге дейін, яғни 30%-ға дейін кө­теру туралы бастамасын жақ­сы қабылдады. Бұл біздің мил­лиондаған аза­маттарымыздың өмір сүру деңгейін арттыруға ба­ғыт­талған Мемлекет басшы­сы­ның маңызды шешімі.

Расул Жұмалы, саясаттанушы:

Коронавирус індетін, оның қаупін аман-есен еңсеру, барлық бюджеттік қызметкерлердің жалақысын өсіру, шағын және орта бизнесті қолдау, сая­си реформаларды жалғастыру, жас­тарды ынталандыру, басқа да кезек күт­тірмейтін шаруалар қолға алынбақ.

Ерекше атап өтерлігі – сөз болған әрбір міндет жалпылама уәде емес, нақты сандармен, қабылдануға тиіс заңдық актімен толықтырылғаны. Олай болса, олардың іске асуын қоғам өзі бақылай алады.

Орныға бастаған осы тәжірибе қазірдің өзінде оң нәтижелерін беріп отыр. Мәселен, өткен жылғы Жолдауда берілген тапсырмалар жемісін бүгінде көптеген азаматымыз сезініп үлгерді. Олардың ішінде жалақысы 25-50 пайызға өскен ұстаздар мен дәрігерлер, зейнетақы қорындағы қаржысын пайдалану арқылы бір миллионнан астам отандасымыз тұрғын үй жағдайын жақсартып алғаны, партияға кірмей-ақ жеке тұлғалардың сайлауға түсуі сияқты игі істер аз емес.

Десе де биылғы Жолдау тек ағымдағы мәселелерді шешу ғана емес, сондай-ақ болашаққа қарай бой түзеген істердің жоспары болып саналады. Бұл бағытта да талай батыл да заманның талабына сай міндеттер қойылды.

Солардың ішінде өзіме ерекше ұнаған үше­уін ғана атап өткім келеді. Біріншісі, 2025 жыл­ға қарай жаңадан 1000 мектеп ашу. Екін­шісі, бәсекеге қабілетті IT саласы­ның 100 мың маманын даярлау. Үшін­­­шісі, Қазақстанның 10 ірі қаласын, Ал­­ма­­ты­­ны қосқанда, экологияға зиянды к­ө­мі­р­ден газ бен жасыл қуат көздеріне аудару.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары