$ 494.87  520.65  4.91

Маңғыстаулық белсенділер Президентке ашық хат жолдады

Соңғы 30 жылда аталған «Қошқар ата» қалдық көлінің жыры әлі таусылмай келеді. Белсенділер осыны тезірек қолға алып, Маңғыстау халқының мұңына айналған мәселесін аяқсыз қалдырмауды сұрайды.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Маңғыстау облысындағы «Қошқар ата» қалдық көлінің экологиялық жай-күйіне алаңдаған бір топ белсенді Президентке ашық хат жолдады, деп хабарлайды ЭК.

Римма Жылқыбайқызы, Уайс Ерсайынұлы, Аббат Урисбаев, Жәнібек Қожық, Нұркамал Аязбаев, Темир Лесов, Султан Джанов, Қуаныш Еділхантегі жазған ашық хаттың мәтіні фейсбук желісінде жарияланған. Құжатқа желі қолданушылары оң пікірін білдіріп, қолдап жатыр.

«Биыл 2021 жылдың 12 наурызы күні мердігер өз қаражаты есебінен рекультивациялау жұмыстарын бастады. Бүгінге дейін 100 гектар аумақты 300 000 текше метр топырақпен көмген. Алайда белгісіз себептерге байланысты бөлінген 100 млн теңге кері қайтарылып, жобаның мемлекеттік сараптама қорытындысы қайта қарауға ұсынылды. Сондықтан, әжептәуір басталған жұмыс орта жолдан тоқтағанын естіп, наразы болып отырмыз», — деп көңіл бөлуді сұраған.

Соңғы 30 жылда аталған улы көлдің жыры әлі таусылмай келеді. Белсенділер осыны тезірек қолға алып, Маңғыстау халқының мұңына айналған мәселесін аяқсыз қалдырмауды сұрайды.

«Құрметті Президент мырза! ҚР Конституциясында мемлекеттің ең басты қазынасы — адам деп қадап айтылған. Ендеше, миллионға жуық халықтың тағдыры осы бір улы көлдің кесапатына байланысты екенін қаперіңізге береміз! Өзіңіздің тікелей араласуыңызды қажет етіп отырған Маңғыстау өңірінде қалыптасқан осы экологиялық мәселені бақылауыңызға ала отырып, бүкіл бір өңірдің бас ауруына айналған «Қошқар-ата» улы көлін залалсыздандыру жұмыстарын жедел жүргізіп, аяқтауға нұсқау беруіңізді сұраймыз», -дейді авторлар.

Улы қалдық толған көл біраз жылдан бері айналасындағы елді-мекенге қауіп төндіріп тұр. Мұнда Каспий аймақтық тау-кен металлургия комбинатынан шыққан 105 миллион тоннадай зиянды қалдықтар жиналған.

Оның ішінде 52 миллионы белсенділігі 11,240 мың кюри болатын жеңіл және орта деңгейдегі уран рудасының радиоактивті қалдықтары.

Соңғы уақытта көлдегі су буланып, құрғап жатыр. Салдарынан химиялық элементтер Маңғыстаудың соғатын аңызақ желімен қоршаған ортаға, жақын маңайдағы төңірекке тарап жатыр. Сондықтан аталған аумақ Республика деңгейінде өзекті күйінде қалып отыр.

Белсенділердің айтуынша, ашық әдіспен жүргізілген уран өндірісінің Ұйқылы кенорнындағы карьерлері әлі күнге дейін ашық жатыр.

«Ең өкініштісі — тәуелсіздік алған жылдары Маңғыстаудың сыздауықтай сыздаған осы экологиялық нүктелерінің барлығының тап іргесінде он мыңдаған тұрғыны бар Басқұдық, Батыр, Қызылтөбе сияқты ірі елді мекендер пайда болды. Бұдан бөлек, Қошқар-ата көлі тарапынан шығыстан соғатын желдің бағытында 200 мыңнан аса тұрғыны бар Ақтау қаласының, жиырма бес мың тұрғыны бар Ақшұқыр, Сайын ауылдарының қалып қойғаны да елді алаңдатуда», - делінген ашық хатта.

Қошқар ата көліне 2003-2007 жылдары "Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы", 2006 жылы «Экосервис» ЖШС тарапынан ғылыми-зерттеу және мониторинг жұмыстары жүргізілген. Алайда осы зерттеу нәтижесінде улы көлді залалсыздандыру бағытында әр жылдарда шағын көлемде жүргізілген жұмыстар мәселені шешпеді.

Бүгінгі күні Маңғыстау өңірі онкологиялық аурулар бойынша республикада көш басындағы өңірдің бірі. Белсенділер мұны да тілге тиек еткен.

«2013 жылдан бастап осы улы көлге жақын орналасқан Басқұдық, Дәулет, Маңғыстау, Қызылтөбе, Баянды сияқты Мұнайлы ауданы тұрғындарының арасында рак ауруы мен жүрек-қан тамыры ауруларының көрсеткіші 15%-ке артқан. Сонымен қатар, өңір тұрғындары арасында дистрофиялық дертпен ауыратындардың саны соңғы 10 жылда 2500 адамнан 4500 мың адамға дейін өсіп отыр. Денсаулық сақтау саласындағы жағымсыз көрсеткіштердің күрт артуына улы көлдің тікелей әсері бар екенін ешкім жоққа шығара алмас», -делінген хатта.

2020 жылы Үкімет басшысы Маңғыстауға арнайы келіп, «Қошқар ата» қалдық көліне барып, залалсыздандыру жұмыстары қолға алынатынын хабарлаған еді. Республикалық бюджеттен 100 млн. теңге көлеміндегі қаражат бөлініп, мердігер ұйыммен 15,5 млрд. теңгеге келісімшарт жасалған болатын. Дегенмен жұмыстар тоқтап қалған. Оны да белсенділер көрсетіпті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары