Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің Владивосток қаласында өткен Шығыс экономика форумында елге атом электр станциясы қажет деп мәлімдеді. Алайда жұрт арасында АЭС-тің салынуына қарсы және оны ішнара қолдайтын да адамдар баршылық.
Қазақ елінде АЭС салу қауіпті емес пе? Сондай-ақ жасыл энергияны дамыту бойынша ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін ұйымдастырған елдің АЭС салуы ақылға сыя ма?
Форумда президент Қазақстан халқына жолдауыда елде атом энергетикасын құру мүмкіндігін жан-жақты зерттеуді тапсырғанын айтты. Өйткені ол елдің, халық пен бизнестің қажеттілігін де ескеру маңызды екенін сөз етті. «Бұл мәселені егжей-тегжейлі қарастыратын уақыт келді» деген президент «Қазақстанға атом станциясы қажет» деп ойын түйіндейді.
Осының алдында ғана яғни, 1 қыркүйектегі жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке «бір жылдың ішінде қауіпсіз атом энергетикасын дамытуды зерделеуді» тапсырған.
«2030 жылға қарай Қазақстанда электр энергияcының тапшылығы болады. Ал әлемдік тәжірибеге сәйкес, тиімді шешім бар. Ол – бейбіт атом. Иә, оңай шаруа емес. Сондықтан осы мәселені ұтымды шеше білуіміз керек, сан алуан болжам мен эмоцияға жол бермейік», – деп еді президент
АЭС салуды депутат қолдайды, ал эколог зарлайды
Мемлекет басшысының «АЭС салуымыз керек» деген ұсынысын ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Сайыров қолдайды. Оның айтуынша, АЭС салуға халықаралық тенденцияларға қарап баға беру керек.
«Бүгінгі таңда біздің көршіміз Өзбекстан АЭС салып жатыр. Олар 2028 жылдары бітіріп, пайдалануға береді. Егер олар АЭС-ті аяқтайтын болса, өздерінің ішкі нарықты қанағаттандырып, біздің елге энергияны экспорттауы мүмкін. Ал Қазақстан, керісінше, 2030 жылы өзінің тарихында ең бірінші рет электр энергиясының тапшылығын сезінуі ықтимал. Сондықтан да президент «Атом электр станциясын салуды ақылдасу керек» деп айтты. Бұл жерде толыққанды шешім қабылданған жоқ. Бірақ дегенмен де Қазақстанның экономикасы мен халқы өсіп келе жатқандықтан, бізге әртүрлі баламалы энергияларды қарастыру керек. Оның ішінде атом электр станциясына ерекше мән беру керек», – дейді депутат.
Алайда мәжілісменнің ойына «Байтақ болашақ» экоальянсының төрағасы Азаматхан Әміртай қарсы. Экологтың ойынша, жемқорлық жайлаған елде жоғары технологиялық өндіріс салуға болмайды.
«Бұл жерде екі мәселе бар. Біріншісі – қауіпсіздік мәселесі. Ертең салған АЭС-тері жарылып кетпей ме? Әскери қоймадағы оқ-дәріге ие бола алмайтын елде АЭС салу қауіпті деп ойлаймын. Егер АЭС жарылса, мұның зардабы сұмдық болады. Бейбіт заманда әскери қоймаларымызды қорғай алмай отырмыз. Екі жылдың ішінде екі жарылыс болды.
Екіншіден, қанша ақша бөлінеді деген сұрақ туындайды. Бөлінген ақша ертең әлдекімдердің қалтасына кетіп қалмай ма? Жалпы халықтың билікке деген сенімі жоқ кезде мұндай ірі кешеннің салынғанын қолдамаймын», – дейді ол.
АЭС салуға Ресей мәжбүр етіп отыр ма?
2019 жылдың сәуір айында Ресей президенті Владимир Путин Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуінде Қазақстанда «ресейлік технология» бойынша АЭС салу туралы ұсыныс айтқан. Бұл ақпарат Қазақстан қоғамында ірі резонанс тудырып, жұрт қарсылығын білдірген болатын.
Алайда азаматтардың арасында «АЭС салатын болсақ, оны Ресей емес, Жапония, Франция секілді дамыған мемлекеттер салуы керек» деген пікір бар. Бірақ биыл Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтіп жатқан Қазақстан Ресейден басқа елмен жұмыс істемейтін тәрізді. Оның үстіне Тоқаевтың мәлімдемесі Путинмен кездескеннен кейін іле-шала айтылып отырғаны күдік тудырады. Осыған орай жұрт арасында «Тоқаевты АЭС салуға Путин мәжбүр етіп отыр» деген пікір айтылып қалады.
Әйтсе де жұртшылықтың бұл ойымен Ерлан Сайыров келіспейді.
«АЭС-ті кім салатыны болашақтың ісі ғой. Әзірге салу керек пе, жоқ па деген мәселе талқыланып жатыр. Әртүрлі нұсқалар қарастыралады. Бұл жерде Ресейдің ешқандай қысымы жоқ.
Бұл, біріншіден, біздің еліміздің экономикалық дамуына байланысты болып отыр.
Екіншіден, еліміздің энергетика саласын ары қарай дамытуға деген қажетті қадамдардың бірі. Бұл жерде тек АЭС қана емес, баламалы энергетиканың барлық түрін қарастыруымыз керек. Бірақ күн және жел энергетикасын секілді жасыл энергетикамен Қазақстаның сұранысын қанағаттандыра алмаймыз. Сондықтан да біз басқа көздерді де қарастырып жатырмыз. Бұған Ресейдің қандай қатысы бар. Бұл – Қазақстанның экономикалық мүддесі», – дейді мәжілісмен.
Экологиялық белсенді Азаматхан Әміртаев мұнымен де келіспейді. Оның пайымдауынша, АЭС – біз үшін өте қауіпті.
«Бұл жерде эмоцияны қоя тұрып, бүгінгі таңдағы Қазақстанның экономикалық қажеттілігін өтей алатын энергетикалық көздерін қарастыру керек. Ол жерде эмоция не керек? Жоғарыда 2030 жылы ел тарихында бірінші рет энергия саласында тапшылық болады деп айтып отырмын ғой. Осының алдын алу керек. Сол жолдың біреуі президент айтқандай АЭС салу деп білемін», – деді депутат.
Ал Азаматхан Әміртайдың айтуынша, Ресейдің Қазақстанда АЭС салудағы саясаты тереңде.
«АЭС салу дегеніміз бір елді бақылаудың бірден бір жолы болып саналады. Қазір халық Қытайдың 51 зауыты салынатын болды деп қарсы болып жатыр. Шын мәнісінде, Қытайдың зауыттарынан АЭС-тің зияны әлдеқайда қауіпті. Бізде АЭС-ті бақылап ұстап отыратын мамандар жоқ болғандықтан, Ресейдің ғалымдарына тәуелді боламыз. Ал Ресей Орталық Азия елдерінде бақылау жасау үшін АЭС салуға ұмытылып отыр», – дейді ол.
ЭКСПО-2017 көрмесін өткізген елдің АЭС салуы ақылға сыя ма?
Осыдан 3-4 жыл бұрын жасыл энергетикасын дамыту бойынша ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізген елдің АЭС салуы ақылға сыя ма? Бұл сұрақты эколог пен депутатқа қатар қойдық.
«Сыймайды! Мысалы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі жасыл технологияларды дамыту бойынша өтті. Ал АЭС салу жасыл экономиканы дамытуға жатпайды. Жасыл энергетикаға күн, су және желден алынатын энергия жатады. ХХІ ғасыр – жасыл экономика ғасыры. Міне, осындай кезеңде АЭС саламыз деу мүлде дұрыс емес. Біз өз елімізді жасыл энергиямен толықанды қамтамасыз ете аламыз. Жасыл энергияны күн, жел, судан бөлек малдың қалдықтары арқылы да алуға болады», – дейді эколог.
Ал депутаттың ойы әдеттегідей өзгеше.
«Қазіргі таңда дүниежүзінің елдері энергетиканың әртүрлі жолдарын қарастырып жатыр. Өйткені жақын арада мұнайдың дәуірі бітеді. 2047 жылы Германия бастаған Еуропа мемлекеттері «Ресейден газ алмаймыз. Оның орнына оттегін аламыз» деп отыр. Сондықтан да қазір Қазақстанға да АЭС-тен бастап жасыл энергияны дамытуға назар аудару қажет. Өйткені қазір әлем елдері энергияның балама көзін іздеп жатыр. Онда тұрған түк жоқ», – деп жауап берді мәжілісмен.
Ұзын сөздің қысқасы АЭС салу мен салмаудың арасындағы дау ұзаққа созылатын тәрізді. Билік халықтың талап тілегіне назар аудара ма, жоқ әлде Кремльдің айтқанын орындауға мәжбүр бола ма, оны уақыт көрсетеді.