$ 494.87  520.65  4.91

«Намаз немесе спорт»: Шенеуніктер дінге бет бұрған спортшыға қысым көрсетіп жатыр

Спортшының айтуынша, бапкерлер оның намаз оқи бастағанын біліп, оны жаттығуға жібермей қойған.

Қазақстандық олимпиада чемпионы дінге бет бұрғаны үшін шенеуніктер тарапынан қысымға ұшырады. Бұл туралы Orda.kz Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлады.

3 жыл бұрын Азияда бірінші рет жасөспірімдер арасында байдарка және каноэде есуден алтын медаль әкелген қызылордалық спортшы Диас Бахраддин қысымға ұшырады. Оған сол кездегі жеңісі үшін облыс әкімі болып тұрған Қырымбек Көшербаев берген үйді де шенділер тартып алған.

Спортшының айтуынша, бапкерлер оның намаз оқи бастағанын біліп, оны жаттығуға жібермей қойған.

16 жасында Аргентинада өткен үшінші жазғы олимпидада ескек есуден елінің қоржынына алтын салған спортшы өмірі осылай өзгереді деп еш ойламаған. Жеңісі үшін оған Қызылордада үй берілген, бірақ оны 7 ай бұрын спорт колледжінің басшылығы тартып алған. Онымен қоймай тіпті Диасты оқудан шығарып жіберген.

"Менің тренерлерім намазыма қарсы болды. Намаз оқысаң спорттан шық. «Болмаса үйіңде оқы» деген сондай қысымдар болды. Мен жаттығуға барғанда қайығымды алып қойған кездер болды. Тіпті сборға апармаған кездер болды. Қысым қатты болды", – деді Буэнос-Айрес-2018 чемпионы Диас Бахраддин.

Диас барынша «аяғынан шалып жатқандарды» елемеуге тырысты. Тіпті жаттығуын жалғастыру үшін өз қалтасынан ақша шығарған. Бірақ қысымды көтере алмай, Түркістан облысы құрамасына ауысқан. Қызылордалық колледж «2 курс студентінің оқу үлгерімі нашар болған» дейді. Белгілі болғандай, ал жеңісі үшін берілген үйін басқа облысқа көшіп кеткені үшін алып қойған.

Жалаңтөс Бахадүр атындағы мамандандырылған колледж директорының орынбасары Бауыржан Есмағанбетов спортшы «заңды негізде шеттетілді» дейді.

"Егер спортшы өзінің жаттығуын тоқтатса немесе академиялық үлгермесе, жаттығуды жіберіп алса, оқушылар қатарынан шығарылсын деген заң бар. Сол заңмен студенттер қатарынан шығарылды", – дейді ол.

Есмағанбетовтың айтуынша, спортшының намаз оқуына ешқандай қарсылық болмаған және оқуға барлық жағдай жасалған.

Диас Бахраддин қазір Түркістанда жаттығып жатыр. Бірақ мұндағы жағдайға да көңілі толмайтын көрінеді. Ол «Қазақстаннан қолдау болмаса, спорттық мансабымды Түркияда жалғастырамын» деген шешімге келген.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#спорт #қысым