$ 494.87  520.65  4.91

Тоқаев АҚШ елшісі Уильям Мозерді қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаев Уильям Мозерге алғыс төсбелгісін табыс етіп, алдағы дипломатиялық қызметіне жетістік тіледі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-тың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Уильям Мозерді елдегі дипломатиялық миссиясының аяқталуына байланысты қабылдады. Ақпарат Ақорда ресми сайтында жарияланды.

Кездесу кезінде Тоқаев Қазақстан мен Америка арасындағы стратегиялық серіктестікті кеңейтуге қосқан үлесі үшін америкалық дипломатқа алғыс айтты.

"АҚШ елшісі ретінде атқарған қажырлы еңбегіңізге ризашылығымды білдіремін. Құрама Штаттар – Қазақстанның Тәуелсіздігін алғаш боп мойындаған елдердің бірі. Біз мұны ешқашан ұмытпаймыз", – деді президент.

Тоқаев достас екі ел халықтарының игілігі жолында Қазақстанның АҚШ-пен арадағы конструктивті ынтымақтастығын кеңейтуге бейілді екенін нақтылады.

Уильям Мозер Қасым-Жомарт Тоқаевқа қолдау көрсеткені үшін алғыс айтып, елімізде жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформаларды жоғары бағалады. Сонымен қатар америкалық дипломат Вашингтонның Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ниетті екенін жеткізді.

Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастыққа және аймақтық күн тәртібіне, соның ішінде Ауғанстандағы жағдайға қатысты өзекті мәселелер талқыланды.

Әңгімелесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Уильям Мозерге алғыс төсбелгісін табыс етіп, алдағы дипломатиялық қызметіне жетістік тіледі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары