$ 494.87  520.65  4.91

«Сбер дауы» : Үкіметті сотқа берген белсендінің апелляциялық шағымы қабылданбады

Белсенді сотқа шағымды қыркүйек ортасында түсірген.

Нұр-Сұлтан қалалық соты үкіметті сотқа берген белсенді Санавар Закированың апелляциялық шағымын қанағаттандырмады, деп жазады Азаттық. 

Бұған дейін белсенді соттан премьер-министр Асқар Маминнің ресейлік Сбер компаниялар тобының басшысымен Қазақстанның ақпараттық жүйесін ресейлік платформаға көшіру туралы меморандумын заңсыз деп тануды сұраған. Бірінші инстанциядағы сот өтінішін қанағаттандырмай, белсенді шешімді апелляцияға берген.

7 қазанда Санавар Закирова Facebook'тағы парақшасында апелляциялық соттан трансляция жүргізді. Істі судья Қаракөзиева қараған. Vlast сайты процеске қатысушылардығ сөзінен үзінді келтірген.

"Бірінші инстанциядағы сот іс әкімшілік өндірісте қарауға жатпайды, себебі ол қоғамдық құқықтық қатынастан туындаған дау емес деп дұрыс қорытынды жасаған. Меморандум әкімшілік әрекет емес, бұл тараптардың ынтымақтастық орнату туралы келісімі. Меморандумға қол қою әкімшілік әрекет ретінде саналмайды, себебі ол әкімшілік процедураларды жүзеге асыру тәртібімен байланысты емес. Қол қойған тараптар арасында билік құзыреті жоқ" деді сот анықтамасын түсіндірген судья.

Ал Закирова үкімет туралы заңға сүйеніп, премьер-министрдің үкіметаралық келісімдер мен құжаттарға ғана қол қоюға құқығы бар, ол шетелдік жеке компаниялармен келісімге қол қоя алмайды деген уәж айтқан.

"Ол [премьер-министр] өзінің өкілетіне жатпайтын міндетті атқарып отыр. Менің ойымша, бұл факт премьер-министр Асқар Маминнің әрекетін заңсыз деп тануға жеткілікті. Мен меморандум емес, премьер-министрдің осы әрекетіне сот реті бойынша шағымданғым келді. Бұл премьер-министр қол қоюға құқығы жоқ ресми құжат" деді Закирова.

Белсенді сонымен бірге меморандумда оның шарттарын орындау мерзімі көрсетілгенін және тараптардың оны бұзу шарты да жазылғанын айтып, бұл рекомендация сипатындағы құжат емес деп мәлімдеген.
Белсенді сотқа шағымды қыркүйек ортасында түсірген. Ол арызында "меморандум Қазақстан Конституциясына қайшы және Қазақстан азаматтарына қауіп төндіреді" деп жазған еді. Артынша бірінші инстанциядағы сот "бұл әкімшілік акт емес, тараптардың ынтымақтастық туралы келісім және рекомендациялық сипатқа ғана ие" деп атап өтіп, өтінішті қанағаттандырмаған.

3 қыркүйекте Қазақстан үкіметі ресейлік Сбер компаниялар тобымен Қазақстанның цифрлық үкіметіне арналған платформа құру жөнінде меморандумға қол қойған.

Бұл меморандум Қазақстан қоғамында түрлі пікір туғызды. Әлеуметтік желі қолданушылары, арасында IT-қауымдастық өкілдері де бар, жоба елдің тәуелсіздігіне қауіп төндіретінін алға тартып, платформаны отандық немесе батыс компанияларына неліктен сеніп тапсырмады деген сұрақ қойды.

Бұған дейін Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Сбер платформасы Қазақстанға "ең қолайлы жүйе" және "ҰҚК талаптарына сәйкес келеді" деп мәлімдеген.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары