Саясат 14.10.2021 сағат 15:20

«Ішерге тамақ жоқ»: Ираннан келген қандастар кері көшкелі жатыр

Аудан әкімі ауыр сөз айтып балағаттаған.
«Ішерге тамақ жоқ»: Ираннан келген қандастар кері көшкелі жатыр
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданына Иран Ислам Республикасынан келген қандастар мемлекет тарапынан төленетін квотаны ала алмай жүр. Жергілікті әкімдік өкілдері дипломы жоқ азаматтарға қаржы мүлде берілмейтінін мәлімдеді. Қандастардың басым көпшілігі жұмысқа да орналаспаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«АУДАН ӘКІМІ АУЫР СӨЗ АЙТЫП БАЛАҒАТТАДЫ...»

Хамит Шадкам Иранның Горган қаласынан көшіп келген. Ол аудандық әкімдік берген үйге қоныстаныпты. Баспана үшін белгілі мерзім аралығында 8 млн теңге төлейді. Қандас қазіргі тұрып жатқан үйінің сапасына, жұмыстың жоқтығына, квотаның уақытылы берілмей жатқанына шағымданады. Айтуынша, осы проблемаларын аудан әкіміне жеткізбек болған әрекетінің соңы жанжалмен аяқталыпты.

«Аудан әкімі Рахат Смағұлов мені балағаттап, ар-намысыма тиді. Ауыр сөз айтты. Кәдімгідей орысшалап, үш әріпке жіберді. Квота берілмей жатыр. Үйде жейтін тамақ жоқ. Аудан әкімінің орынбасары Арман Дүсенбинов маған қол көтерді. Оның соңынан іле полиция қызметкерлері келді. Шенеунік араға адам салып, үстінен арыз жазбауға көндірді. Үш баласы барын, үстінен шағым түсірсем ол жұмыстан шығарылып, бейкүнә сәбилер қиналып  қалатынын айтты. Сөзге тоқтадым. Бірақ жағдайымыз мүшкіл. Үй суық, жылымайды. Қылышын сүйретіп қыс келеді. Күніміз не болары белгісіз», - дейді Хамит Шадкам.

Мәселенің ақ-қарасын білмек мақсатта Шал ақын ауданының әкімі Рахат Смағұловты сөзге тарттық. Шенеунік келеңсіз жағдайдың мүлде болмағанын айтып отыр. Хамит Шаткамды бір аптадан бері көрмегенін де алға тартты.

«Хамит Шаткамды танимын. Бірақ соңғы күндері мүлде көрген емеспін. Қандастар тұратын ауданға күнде барып, жағдайларын білемін. Ақсақалдармен тілдесемін. Бірақ Хамит есімді азамат мүлде көзге түскен емес. Қандастар жылы жақтан келгендіктен пеш жағуды білмейді. Барынша үйретіп жатырмыз. Ісі алға баспай жатқандықтан ашуланып айтқан болар. Жала жапқаны үшін сотқа бермеймін», - дейді Рахат Назымбекұлы.

«КВОТА – ДИПЛОМЫ БАР АЗАМАТТАРҒА ҒАНА БЕРІЛЕДІ...»

Шал ақын ауданында тұрып жатқан қандастардың басым көпшілігі жұмыссыз. Олардың қазіргі бар үміті – мемлекет тарапынан берілетін квотада. Қаражатқа керек-жарақ алып, уақытша күнелтуге болады. Алайда, аудандық әкімдік өкілдері оның барлығына бірдей берілмейтінін айтып отыр.

«Адам басына 204 мың теңге ақша беріледі. Ең басты талап білімі болу керек. Егер диплом болмаса квота берілмейді оларға. Ираннан келген қандастардың 90 пайызында жоғары білімі жоқ. Орта арнаулы білім де алмаған. Төлем алудың бірнеше шарты бар. Басында төленбеген несиесі болмауы керек. Зейнеткерлер де квота ала алмайды», - дейді Шал Ақын ауданы әкімінің орынбасары Арман Дүйсенбинов.

Бұл ақпарат елін аңсап келген азаматтар үшін жығылғанға жұдырық болып тигені анық. Шенеуніктер қандастар жұмыс істеуге құлықсыз екенін айтып отыр. Келгелі бірнеше серіктесікте бірер күн ғана еңбек етіп, кетіп қалған.
«Қандастардың 20-сы еңбекке жарамды. 11 әйел, 9 ер адам бар. Жергілікті серіктестіктерге жұмысқа орналастырдық. 2-3 күн жүріп, кетіп қалады. Үйде ақаулар болып тұрады ғой. Өздеріне-ақ жөндеп алуға болады. Қолдарынен келмесе, мені шақырсын. Барып істеп берейін», - дейді Рахат Смағұлов.

ҚАНДАСТАР КЕРІ ҚАЙТПАҚ

Ираннан қандастардың көшіп келгеніне бір ай болды. Бірақ ешқайсысы тұрақты жұмыс таппапты. Сондықтан ішерге тамақ, киерге киім жоқ. Тұрып жатқан үйлерде сапа жоқ. Қабырғасы сөгіліп, терезелерден жер үрлеп тұр.
«Үйдің бәрін өз қаражатымызға жөндеп жатырмыз. Ақысын 5 жылда өтейтінімізді айтты. Өткенде журналистер келгеннен кейін ғана әкімдік қимылдады. Мал қорада жатқандай болдық. Соны айқау-шусыз істеуге болады ғой. Бізге «шыдаңдар» дейді. Бала-шаға бар. Өздері төзер ме екен осындай жағдайда тұруға?!  Біз бұл жерге өмір сүруге келдік. Ешқандай дайындық жоқ. Ешкімді танымаймыз. Білмегенді сұрайтын адам да жоқ. Жұмыс қарадық. Қара жұмысқа шақырды. Ондайды істеп көрмегенбіз, шыдамадық. Осы жаққа келгенде мамандық бойынша қызмет беруге уәде еткен. Бізді заң білмей деп ойлайды-ау деймін. Дипломсыздарға квота берілмейтінін айтты», - дейді қандас Абдожалил Шадкам.

Айта кетейік, қыркүйек айында Ираннан Солтүстік Қазақстанға 20 отбасы көшіп келген болатын. Олардың 12-сі Шал ақын ауданының орталығы Сергеев қаласында қоныстанды. Қалғандары Есіл ауданында қоныс тепті. Қандастардың кейбірінің жергілікті атқарушы органдарына деген өкпесі қара қазандай. Ол тиісті жағдай жасалмаса қайта кетіп қалмақ ниеттерін жасырмады.

Солтүстік Қазақстан облысына жыл басынан 32 отбасы көшіп келген. Қытайдан – 24, Монғолиядан – 3, Өзбекстаннан – 3, Ресейдан – 2 қазақ отбасы қоныс аударған. Мамандардың айтуынша, тарихи Отанына оралғысы келетіндер көп. Осындай жағдайлардан кейін көштің жалғасанынына күмән басым. 

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар