$ 494.87  520.65  4.91

«100 млн теңге»: Әйтеновтің командасы Жаңа жылға дайындық жұмыстарын бастап кетіпті

Мемлекеттік және ұлттық мерекені тойлауда Шымкент қаласының әкімдігі алдына жан салмайтын жергілікті атқарушы органдардың бірі. Қазанның басында-ақ ту тігіп, шырша орнату үшін миллиондар жұмсауға дайын отыр.

Мұрат Әйтенов командасы желтоқсандағы мерекелерге қызу кірісіп кетті. Шымкенттегі Қаратау ауданының әкімдігі желтоқсандағы үш мерекеге 37,8 млн теңге, ал, Абай ауданы мемлекеттік бюджетті сәл үнемдеп, 29,9 млн теңге бөлген. Әл-Фараби ауданы жаңажылдық безендірудің өзіне ғана 34 млн теңге жұмсамақ, деп жазады azattyq-ruhy.kz порталы.

Мемлекеттік және ұлттық мерекені тойлауда Шымкент қаласының әкімдігі алдына жан салмайтын жергілікті атқарушы органдардың бірі. Пандемия өршіп тұрғанда Наурыз мерекесін атап өтуге жарты млрд теңге бөлгенін халық әлі ұмытқан жоқ. Енді міне, желтоқсан айындағы үш негізгі мерекеде қаланы жай ғана безендірудің өзіне Мұрат Әйтеновтің командасы 100 миллион теңгеден астам қаражат жұмсамақ.

Айта кетейік, жылдың соңғы айында Қазақстан халқы 1 желтоқсан – Тұңғыш президент күні, 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні, араға екі апта салып Жаңа жыл мерекесін атап өтеді.

Шымкент қалалық әкімдігі желтоқсан айына әзірге дайындалып жатқан жоқ тәрізді, мемсатып алу порталында тиісті конкурс жарияламаған. Есесіне, қаладағы аудан әкімдері белсенділік танытып, қазанның басында-ақ ту тігіп, шырша орнату үшін миллиондар жұмсауға дайын отыр.

Әйелдер жол жабады, әкімдік той тойлайды

Бір апта бұрын Шымкенттегі Қаратау ауданының әкімдігі ірі лоттардың бірін жариялады. Мемлекеттік мекеме «Елді мекенді, ауданды, қаланы мереке мен өзге де шараларға орай безендіру» атты лотты қазанның жетісі мемсатып алу порталына шығарған. Қызмет құнын 37 млн 835 мың теңгеге бағалаған. Сметалық құжатта әкімдік қызметкерлері бұл қаражатты үш мерекеге бөлетінін атап өткен.

Ал, бірнеше күн бұрын ғана осы Қаратау ауданына қарасты Асар шағын ауданының тұрғындары көшенің сапасына, ауыз судың жоқтығына наразылық танытып, жолдарды жауып тастаған еді. Әрине, полиция қызметкерлері оларды тез таратты. Әлеуметтік желіде жарияланған видеоларға қарасақ, көшеге шыққан халықтың барлығы дерлік әйелдер. Жергілікті полиция оларды күшпен автобусқа салып, алып кетті.

Шымкент тұрғыны, әлеуметтік желіде белсенді Әмина Көлбаеваның айтуынша, көшеге шыққан халықтың бір ғана талабы болған. Ол – жыры бітпеген жолайрықтың құрылысы. Жергілікті шенеуніктер «Асар-2» шағынауданындағы жол мәселесін шешіп береміз деп көптен бері уәде етіп, алайда уәдені орындамай келеді екен.

«Осылай да масқара болды бұл билік... Олар нан сұраған жоқ, киім сұрамады, өздеріне тиесіліні қаншама жыл бойы уәде етілген нәрсені ғана талап етті. Қолдарынан келгенше назар аудартуға тырысты. Қарыс аттам жердегі елдімекенде тұратын көршілері сияқты батпақсыз жолмен жүріп, балауыз шам сияқты сығырайған электр жарығынан шаршап көзді ашып отыратын жарықты сұрады. Жұрт сияқты газ кіргенін қалады үйлеріне. Әкімдіктің, басқарма басшыларының уәдесіне әбден тойған, себебі... Шаршады, күйіп кетті», - деп жазады ол.

Абай ауданын абаттандыру – 29 млн теңге

Ал, қаладағы Абай ауданы мемсатып алу порталында конкурсқа бөлінген 30 млн теңге «қаланы абаттандыруға» жұмсалады деп көрсеткен. Айта кетейік, Қаратау ауданындағы халықтың көтеріп отырған мәселесі дәл осы абаттандыру жұмыстарына жатады. Егер, конкурс осылай аталса, миллиондар расымен халық жүретін көшені абаттандыруға жұмсалуы керек еді.

Алайда, бұл лоттың техникалық сипаттамасына үңілсек, бұл аудан да 30 млн теңгеге жуық қаражатты мерекелік шараларға арнап отыр.

Конкурстың техникалық құжаттамасында бұл қаражат 1 желтоқсан – тұңғыш Президент күні, Тәуелсіздік күні мен Жаңа жыл мерекелеріне орай қала көшелерін безендіруге арналғаны айдан анық жазылған. Тапсырыс беруші, яғни Абай ауданының әкімдігі қосымша талап ретінде Президент күніне орай орталық көшелерді, 16 желтоқсан күніне орай орталық алаңды, ал 31 желтоқсанда қайтадан орталық көшелерді Жаңа жыл тақырыбына орай сәндеп шығу керек деп жазған.

Әл-Фараби ауданындағы «12 періштенің» құны қанша?

Жалпы, мемлекеттік сатып алу порталында конкурстың түпкі мақсаты мен ең ақырғы сомасы бірден байқалмайды. Мәселен, Шымкент қаласындағы Әл-Фараби ауданының әкімдігі «Жаңа жылдық безендіру» қызметі үшін күні кеше ғана 9 млн теңге қаражат бөліп, конкурс жариялаған.

Бірақ, конкурстың қосымша құжаттарын ашып қарасақ, аудан ІІ жарты жылдық бойы аудан көшелерін безендіруге бірнеше есе көп қаражат бөлгенін байқаймыз. Ал, безендірудің тақырыбы Жаңа жылдағы көңіл күйге дәл келеді.

Құжаттамаға сәйкес, «Арбат демалыс аумағында орналасқан  светодиодты элементтерді  күтіп ұстау (94 зонтик, 12 ангел, ағаштарға бекітілген 44 светодиодты кабельді шамдар) – 8,7 млн теңге, Арбат демалыс аумағына Әл-Фараби алаңынан кіреберісіне жаңа нұсқадағы арка орнату (биіктігі ені) – 3,8 млн теңге, Көше бойында орналасқан аркаларды жаңғырту (Кең баба саябағының алдында, Қиял әлем саябағының алдында, Республика даңғылы «Колос» аялдамасы алдында және Д.Қонаев даңғылы бойында орналасқан ұзындығы 24 м, биіктігі 8 м) – 11,9 млн теңге, Жаңа жыл мерекесіне арналған аудан аумағын мерекелік безендіру – 10,1 млн теңге, барлығы 34,6 млн теңге қарастырылған.

Бұл құжатты аудан әкімінің орынбасары А.Мұсабаев бекітетіні белгілі.

Егер, үш ауданның желтоқсан айындағы мерекелерді безендіруге бөлген қаражатын есептесек, 101,7 млн теңге шығады. Яғни, қаланың мемлекеттік бюджеті бір айда 100 млн теңгеден «айырылады» деген сөз.

Ал, әлеуметтік мәселелерді шешуді талап еткен шымкенттік тұрғындарға тағы біраз күтуге тура келетін сияқты. Әкімдік оларға жол салып бермесе де, мерекеде көтеріңкі көңіл сыйлайтыны анық.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары