$ 494.87  520.65  4.91

Тоқаевтың тапсырмасы: Күршім өзенін ластағандар жауапкершілікке тартылды

Президент шұғыл шаралар қабылдау туралы тиісті тапсырма берген болатын.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау аясында Шығыс Қазақстан облысы бойынша Экология департаменті уәкілетті органмен және ғылыми ұйымдармен бірлесіп, осы жылдың 28-30 қыркүйек аралығында Күршім ауданындағы Күршім және Қыстау-Күршім өзендерінің ластану фактісі бойынша «Визол» Геологиялық барлау компаниясы» ЖШС-ға қатысты жоспардан тыс экологиялық тексеру жүргізді. Бұл туралы Azattyq Rýhy Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Тексеру барысында кәсіпорынды жауапкершілікке тартуға негіз болатындай Қазақстан Республикасының қолданыстағы Экологиялық кодексінің нормаларына сәйкес келмейтін бірқатар олқылықтар анықталды.

«Осылайша, технологиялық су жинақтағыштардың тоғанынан судың жер бедеріне асып кетуі және Қыстау-Күршім өзеніне құятын тұндырғыштан су ағызу фактілері анықталды. Нәтижесінде, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің (ары қарай – ӘҚБтК) 328-бабының 1-бөлігі бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды.

Айыппұл мөлшері өз еркімен су ағызудың көлемі нақтыланғаннан кейін айқындалатын болады», - делінген ведомство хабарламасында.

Бұдан басқа, тау-кен жұмыстарының жоспарына сәйкес кен орнын игергеннен кейін табиғи объектілерді техникалық және биологиялық рекультивация көмегімен негізгі күйіне келтіру керек. Яғни, табиғи ландшафтты, ағаш өсімдіктерін және жануарлар әлемінің тіршілік ортасын қалпына келтіру қажет.

«Визол» ГБК» ЖШС уақытылы зерттеулер жүргізбегені, биологиялық негіздеме әзірлемегені және шаруашылық қызмет нәтижесінде балық ресурстарына келетін зиян орын алмағаны белгілі болды. Сонымен қатар, тау-кен жұмыстары тұрғысынан қалдықтарды басқару жүйесі сақталмаған.

«Осы бұзушылықтар үшін кәсіпорынға қатысты ӘҚБтК-нің 332-бабының 2-бөлігі және 344-бабының 3-бөлігі бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар жасалды. Бұл баптар бойынша салынған айыппұл көлемі 200 мың теңгеден асады.

Сонымен қатар, анықталған бұзушылықтарды жою мақсатында жоғарыда аталған тау-кен компаниясына қоршаған ортаға теріс әсердің алдын алу және азайту жөніндегі тиімді іс-шараларды іске асыру, табиғи орта компоненттеріне зерттеулер жүргізу, биологиялық негіздеме әзірлеу және балық қорларына келтірілген зиян үшін өтемақы жүргізу қажеттігі туралы нұсқама берілді», - деп жазды министрлік.

Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылғы қыркүйек айының ортасында Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданындағы Күршім және Қыстау өзендері арналарының қауіпті химиялық заттармен ластануы мүмкін екендігі туралы ақпарат әлеуметтік желілерде үлкен қоғамдық резонанс тудырып, Ел Президенті шұғыл шаралар қабылдау туралы тиісті тапсырма берген болатын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары