$ 498.34  519.72  4.85

Мәжілісте Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің шығыстары қаралды

Кеше Парламент Мәжілісінде 2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет пен осы кезеңдегі Ұлттық қордан бөлінетін кепілдендірілген трансферт туралы заң жобаларын қарау аясында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің шығыстары жұмыс тобында қаралды. Министрлік шығыстарының жобасы туралы баяндаманы вице-министр Біржан Нұрымбетов жасады.

Талқылауды аталмыш заң жобасын жүргізетін жұмыс тобының басшысы Омархан Өксікбаев ашып, жүргізіп отырды. Өзінің сөзінде депутат бюджеттің үштен бірі осы салаға жұмсалатынын атап өтті. Сондықтан да саланың шығыстарына жіті көзбен қарауы­мыз керек, дей келіп, О.Өксік­баев сөзді баяндамашыға берді. Стра­тегиялық жоспардың бағыттарын іске асыру үшін 2017 жылға 3 трлн 104 млрд теңге көзделіп отыр, бұл ІЖӨ-нің 6,4 пайызын, ал бар­лық республикалық бюджет шы­ғы­сының 36,2 пайызын құрайды. Оның 3 трлн 47 млрд теңгесі ағым­дағы бағдарламалар, 57 млрд тең­гесі даму бюджеті. 2016 жылмен салыстырғанда, министрліктің шы­ғысы 106 млрд теңгеге немесе 3,5 пайызға артып отыр. Шығыстар денсаулық сақтау және әлеуметтік-еңбек саласы бағыттарына бөлінген. Соның ішінде денсаулық сақтау са­ла­сына 2017 жылы 1014 млрд теңге, ал әлеуметтік-еңбек саласы шы­ғыс­тарына 2090 млрд теңге бөлу көзделіп отыр, деді Біржан Нұрымбетов.

Одан әрі баяндамашының сөзінде денсаулық сақтауға бөлі­не­тін шығыстардың ішінде ке­пілдендірілген тегін медициналық көмектің шығыстары 915 млрд теңгені құрап, барлық шығыстың 90 пайызына ие екендігі айтылды.

Қалған бөлігі мамандар даярлау, қызметкерлердің біліктілігін арт­тыру, құрылыс және т.б. жұм­салады екен. Әлеуметтік-еңбек саласындағы барлық шығыстың 96 пайызы немесе 1998 млрд тең­ге түрлі әлеу­мет­тік төлемдерге жұм­са­лады. Со­ның ішінде зейнетақы, жәр­демақы және т.б. бар.

2017 жылы зейнетақы мөл­шері 9 пайызға арттырылады, деді вице-министр. Осы арттыру­ды негіздейтін базалық зейнет­а­қының мөлшері  12802 теңгені құрай­ды. Сөйтіп, базалық зейнет­ақы мен ынтымақтастық негіздегі зей­нетақының қосындысы орта есеп­пен 60167 теңгеге жетеді. Бар­лық әлеуметтік жәрдемақы­лардың мөлшері 2017 жылдың 1 қаң­тарынан 7 пайызға артады. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап әлеуметтік даму тұжырым­да­масын іске асыру шеңберінде ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөл­шерін кезең-кезеңмен қайта қарау көзделіп отыр. Оның азық-түліктік және азық-түліктік емес бөліктерінің қатысы бүгін 60х40 болса, енді 55х45 пайызға өзгертілетін болады.

2018 жылғы 1 шілдеден бастап базалық зейнетақыны тағайындау тәртібі де өзгереді. Бүгінгі күні тек зейнет жасына жеткеніне қатысты базалық зейнетақы төле­неді. Ол – ең төменгі күнкөріс көр­сеткішінің 50 пайызы. Енді азаматтың жалпы еңбек өтілі 10 жылға дейін болса ғана ол бүгінгідей ең төменгі күнкөріс көрсеткішінің 50 пайызын алады, ал одан жоғарғы әрбір жыл үшін күн­көріс көрсеткішінің 2 пайызы мөл­шерінде зейнетақысына қосы­лады. Сөйтіп, 35 жылдан артық өтілі бар азаматтар ең төменгі күнкөріс мөлшеріне тең базалық зейнетақы алатын болады, деді вице-министр. Болжаммен бұл жеңілдікті 2 млн-нан астам адам пайдалана алады екен.

Сонымен қатар, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап атаулы әлеу­меттік көмек те өзгермекші. Бүгін­ге дейін оның мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 40 пайы­зынан аспайтын болса, енді 50 пайызға дейін көтеріліпті. Осы кезден бастап жұмыс беруші зейнет­ақы қорына қосымша 5 пайыз мін­детті жарна төлейтін болыпты. Бұл төлем бюджеттік сала қыз­меткерлеріне де қатысты болған­дықтан, оған министрліктен 2018 жылға 76,2 млрд теңге, 2019 жылға 77,2 млрд теңге қарастырылған көрінеді.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасын іске асыруға 37 млрд теңге, оның ішінде 27 млрд теңге – микрокредит беруге, 10 млрд теңге – жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде оқыту және қоныс аударту арқылы жұмысқа орналасуға жәрдемдесуге бағытталатын болады, деді вице-министр.

Мүмкіндігі шектеулі адамдар­ды әлеуметтік қорғауға 9 млрд теңге қарастырылыпты. Бұл соманың 70 пайызы Қазақ­стан­дағы мүге­дектердің құқықтарын қорғау және өмір сүру сапасын арттыру істеріне бағыт­талады.

Сұрақ беру рәсімі басталғанда бірінші болып депутат Марат Бопазов сөйлеп, онкологиялық науқастарды емдеуге бөлінетін қаражат 2016 жылға 31 млрд, ал 2017 жылға 32 млрд теңге еке­нін айтты. Бұл аз емес пе, өйтке­ні осы науқаспен ауыратындар са­ны еселеп артып келе жатыр емес пе, деді ол. Сонымен қатар, ол онкологиялық науқастардың Ас­танаға келсе 3 айдай кезекке тұратынын айта келіп, оларды емдейтін құралдарды лизинг арқылы әрбір өңірге алуға болмас па, деп сұрады. Үшінші сұрағын ол Алматы облысының Сарқант ау­данына салынуы белгіленген аурухананың құрылысына арнады. ЖСҚ (жобалық-сметалық құжат) жасалған бұл құрылыс қа­ра­жат бөлінбегендіктен, әлі бастал­­мапты. Егер 2017 жылы тағы да қаражат бөлінбесе, ЖСҚ жаса­­туға кеткен ақша желге шашыл­ған болады, деді депутат.

Бұған ми­нистрліктің жауапты хат­шысы Аида Құрманғалиева жауап бе­ріп, нақты ештеңе айта алмай, тек лизингпен алынуға тиіс­ті жабдықтардың сомасы қан­ша бо­латынын ғана атап өтті. Ал Сар­қант қаласындағы ауруха­наның құрылысына неге қаражат бөлін­бегені туралы айтқанда үсті­міздегі жылдың 15 мамырына дейінгі бюджетті құрастыру кезең­інде жергілікті әкімдік ондай тап­сырыс берген жоқ деп құты­лып кетті. Алайда, ЖСҚ бұрын­нан жасалған құрылыс үшін биыл болмаса да, былтыр қара­жат сұралғаны неге есепке алынбағаны туралы үнде­мей қалды.

Жалпы айтқанда, министрлік қыз­меткерлері жауап беруге жетік дайындалмағаны көрініп тұрды. Мәселен, сол Аида Құрман­ғалиева министрлік бюджетінің шығыс бөлігіне ЖСҚ жасалған ны­сандардың құрылысы ғана енгі­зілетінін айтты. Ал ЖСҚ жасау­ға қаражат оңайлықпен бөлін­бейді екен. ЖСҚ болмаған соң бюджеттің шығыс бөлігі де жасалмайды. Бұл мәселеге жиналыс төрағасы О.Өксікбаев та өзінің наразылығын білдірді.

Бұдан кейін де бірнеше депутат өздерінің өткір сұрақтарын қойды. Қазір жұмыс топтарындағы тал­қылауларға саяси партиялар мен ҮЕҰ өкілдері де қатысып жүр­генін бұрын жазған болатынбыз. Кешегі талқылауда да солай болды. Солардың арасынан «Алматы менеджмент универ­си­тетінің» президенті Асылбек Қожахметовтің сұрағы көңіл аударарлық болды. Ол ауруханаға барған әрбір адамға әрбір дәрігер аты-жөнің кім, қашан тудың, қайда қызмет істейсің, жасың нешеде, қай жерің ауырады деген сияқты толып жатқан сұрақтарды қайталап қоя береді. Сондықтан дамыған елдердегі сияқты бір-ақ жерде жауап беретін біртекті карточка қолдануға болмай ма, деп сұрады. Оған бұл мәселенің Қазақ­станда енгізілуі мүмкін екендігі айтылды. Қазір ол зертте­ліп жатқан көрінеді. Сөйтіп, әлеу­меттік сала шығыстары алдымен қаралып өтті.

Жақсыбай САМРАТ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары