Ұлтшыл қозғалыс партиясының жетекшісі Девлет Бахчели Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанға "Түркі әлемінің" картасын сыйға тартты, деп хабарлайды Inbusiness.kz жергілікті БАҚ-қа сілтеме жасап.
Бахчелидің картаны Ердоғанға тарту етіп жатқаны түсірілген фото партияның Twitter-дегі парақшасында жарияланған. Ресми Анкара әзірге бұған қатысты мәлімдеме жасамады.
Картада Түркия, Әзербайжан, Түркіменстан, Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан қызыл түспен белгіленген. Сонымен қатар қызғылт сары түспен Балқан түбегінің кейбір елдері, Иранның бір бөлігі, Ресейдің оңтүстік аймағы, Сібірдің көп бөлігі және Моңғолияның батыс бөлігі боялған.
Сары түспен Алтай, Якутия және Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы белгіленген. Парақшада бұл түстердің нені білдіретіні жазылмаған.
Еске сала кетсек, 12 қарашада Ыстанбұлда Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VIII саммиті өтті. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның төрағалығымен өткен саммитке Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев және Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов қатысты. Жиында Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің атауы "Түркі мемлекеттері ұйымына" болып өзгертілетіні жарияланды.