Саясат 19.11.2021 сағат 17:20

«Шағын және орта шаруашылықтардың 80 пайызы субсидия ала алмай отыр» - Күрішбаев

Осыдан он жыл бұрын ауыл шаруашылығында 15 түрлі субсидия болған, ал соңғы жылдары олардың саны 51-ге дейін өсті, яғни 3,5 есе. Бірақ бұдан мемлекеттік қолдаудың тиімділігі аса артқан жоқ.
«Шағын және орта шаруашылықтардың 80 пайызы субсидия ала алмай отыр» - Күрішбаев
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Сенатор Ақылбек Күрішбаев "2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Заң жобасын қарау барысында азық-түлік инфляциясы мен ауыл шаруашылығын субсидиялау мәселелері бойынша баяндама жасады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Биыл ауыл шаруашылығы үшін өте қолайсыз жыл болды. Мұндай жаппай құрғақшылық бізде 30 жылдан астам уақыт болмаған. Сондықтан қазір азық-түлік тауарларының нақты теңгерімін бақылап отыру өте маңызды. Ал ол үшін біз ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің нақты көлемін білуге тиіспіз, деді ол.

Өкінішке қарай, ауыл шаруашылығы өнімдері туралы статистикалық деректерде үйлеспейтін, бір бірінен алшақ ақпараттар бар.
Осыған байланысты көптеген мысалдар келтіруге болады. Әкімдердің мәліметінше, биылғы жылы 16 миллион гектардан 16 миллион тонна астық жиналған екен.

Дегенмен биыл дақылдардың өсу кезеңіндегі құрғақшылық өнімге өте қатты зиян келтіргені ақиқат. Ал батыс өңірлердің, Ақмола, әсіресе Қостанай облыстарының бірқатар шаруашылықтарында егіннің бір бөлігі мүлдем күйіп кетті. Осыған байланысты, астық өндірісімен айналысатын мамандар мен ғалымдардың биылғыдай өте құрғақ ауа райы жағдайында гектарынан 10 центнерден, яғни орташа өнім алынғанына үлкен күмәні бар.

Екінші мысал, статистика бойынша, өткен жылы картоптың жалпы түсімі шамамен 4 миллион тоннаны құрады, оның 2,1 миллион тоннасы немесе өндірістің жартысынан көбі жеке қосалқы шаруашылықтарға тиесілі.

Теңгерім дұрыс болған жағдайда, бұл көлемдегі картоп бізге ауыл шаруашылығы жылының соңына дейін жетер еді. Бірақ өздеріңізге мәлім көктемде оның бағасы күрт көтеріліп кетті және 4 айда елімізге картоп бұрынғыдан 67 есе көп импортталды.
Осындай, ауылшаруашылық статистикасын қалыптастырудағы жүйелі проблемаларды көрсететін көптеген мысалдар келтіруге болады.

Қазір, ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемі туралы есепті тек заңды тұлғалар ғана тапсырады, ал шаруа/фермер қожалықтарынан және жеке қосалқы шаруашылықтардан бұл деректерді интервьюерлер іріктемелі әдіспен жинайды. Шаруа қожалықтарының тек 30 %-ы және қосалқы шаруашылқтарының бар болғаны 2,5 %-ы ғана есеп береді, яғни олардың 97,5 %-ы ешқандай есеп бермейді. Басқаша айтқанда, ауыл шаруашылығындағы өндіріс көлемінің едәуір үлесі әкімдер жинайтын әкімшілік ақпаратқа негізделіп айқындалады. Бүгінде Үкімет ауыл шаруашылық саласында цифрландыру бойынша белсенді шаралар қабылдауда.

Біз жақында Цифрлы үкімет офисінің жұмысымен таныстық. Үкімет жұмысындағы осындай жаңа бағыттарды қолдау керек деп санаймыз.

Бірақ, сонымен қатар әкімдердің ауыл шаруашылығының жай-күйі бойынша жинаған ақпаратының дұрыстығын қамтамасыз ету жөніндегі жауапкершілігін арттыруымыз керек. Статистика басшыларының өздері атап өткендей, жергілікті атқарушы органдар өз рейтінгілерін арттыру мақсатында егін өнімділігі бойынша жоғары көрсеткіштерге мүдделігі статистика деректерін бұрмалануына әкелу қаупі бар.

Ал бұрмаланған ақпараттар "қисық айна" әсерін тудырып мемлекеттік органдарының маңызды шешімдер қабылдауына, соның ішінде азық-түлік балансын реттеу жұмыстарына негіз болуы мүмкін.

Екінші мәселе, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялаудағы жағдайды түбегейлі жақсарту жөнінде нақты нұсқаулар берді. Осы салада жақында жария болған мемлекеттік қаражатты жаппай ұрлау фактілеріне азаматтарымыз өз наразылықтарын әділ білдіруде. Біз қарастырып отырған бюджетте аграрлық саланы субсидиялауға 2022 жылы 303 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр.

Осыдан он жыл бұрын ауыл шаруашылығында 15 түрлі субсидия болған, ал соңғы жылдары олардың саны 51-ге дейін өсті, яғни 3,5 есе. Бірақ бұдан мемлекеттік қолдаудың тиімділігі аса артқан жоқ.

Мұның себебі осы саладағы келесідей жүйелі үш мәселе болып табылады.
Біріншіден, көптеген мемлекеттік қолдау түрлерінің мақсаты түпкілікті нәтижеге жетуге емес, аралық технологиялық процестерді орындауға бағытталған. Өз кезегінде, субсидия алушының жауапкершілігі де жоқ, өйткені ережелерде жұмыс нәтижелілігінің нақты индикаторлары анықталмаған.

Екіншіден, субсидия бөлу ережелерінде белгіленген сәйкестіктің көптеген критерийлерінің анықсыздығынан, осы бағдарламаларды әкімшілендірудің күрделілігінен сыбайлас жемқорлықтың орын алу деңгейі жоғары.

Үшіншіден, көптеген ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін субсидиялардың қолжетімсіздігі. Субъектілердің, негізінен орта және ұсақ шаруашылықтардың 80%-ы мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізе алмайды. Сонымен қатар, дұрыс жоспарланбағандықтан, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер бекітілген квоталар аясында да субсидия ала алмайды, бұл мемлекеттік қолдау жүйесінің болжаусыздығына әкеліп, салаға инвестицияларды тартуда едәуір тежегіш болып саналады.

Мәселені шешу жолында не ұсынбақпыз? Біріншіден, субсидияларды алудың негізгі критерийі ретінде еңбектің түпкілікті нәтижесі, яғни өзінің өндіріп сатқан өнімінің көлемі болуы керек. Мұндай көрсеткішті бұрмалау қиын, сондай-ақ оны бақылау да оңай. Сонымен қатар, инвестициялық субсидияларды алуда да кемшіліктер бар болғандықтан, оның механизмін жетілдіруді ұсынамыз. Уақыт өте келе, мемлекеттік қолдау жүйесінде саланың техникалық және технологиялық қамтамасыз етілуі тұрақтанған кезде, банктік сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау есебінен фермерлерге ұзақмерзімді және арзан несиелерді бөлуге басты назар аударуға болады.

Екіншіден, субсидия алушылар үшін жоспарлауды енгізу қажет. Бұл мемлекеттік қолдауды жүйелілікке әкеледі, қажетті бюджет қаражатының көлемін дәл есептеуге, инвестициялаудың неғұрлым өзекті бағыттарын қолдау үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Үшіншіден, қазіргі "Қолдау" субсидия беру жүйесі техникалық жағынан жетілдірілмеген, ең бастысы, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер тарапынан көптеген шағымдар туындатуда. Сондықтан, ауыл шаруашылығы министрлігінің субсидияларды бөлудің өзіндік мемлекеттік жүйесі болуы керек және де ол бұл қызметті тегін көрсетуі тиіс. Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы министрлігінде субсидиялау тетіктерін жетілдіру жұмыстары басталды. Бұл жұмыс дұрыс бағытта жүріп жатыр. Ауыл шаруашылығы министрімен келісім бойынша Сенат депутаттары – ауыл шаруашылығы саласындағы мамандар жұмыс тобының құрамына кіретін болады, деді сенатор.
 

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар