Үйде ұстайтын мал санына шектеу қойылады.
Осы мәселемен жекеме көптеген оқырман жазып, сұрап жатыр. Жауап берейін:
Ауылшаруашылығы министрлігі шаруалардың бәрін несиеге, субсидияға қарық қылып, ендігі кезекте қосалқы шаруашылықтарды жарылқайын деп жатыр. “Біз қосалқы шаруашылықтарға көңіл бөлеміз, жәрдем береміз”, - дейді. Бірақ сөзі мен ісі жараспай тұр. Елімізде ұсақ шаруашылықтарды айтпағанда, шамамен 300 мың шаруашылық болса, соның үштен біріне ғана мемлекеттік көмек жетіп тұр…
Екіншіден, мына заңда “Малдың басын шектеу” деп нақты жазылған. Ал бұған дейінгі құжатта мұндай қағида жоқ. Ал мынау бар ғой, өте қитұрқы мәтінмен берілген. Мал басы шектеулі деген, бірақ санын көрсетпеген. Оны белгілейтін кім екенін білесіздер ме? Біліп қойыңыздар, ауыл, ауданның әкімі!
Бес саусақ бірдей емес, расымен қыңыр, қисық әкімдер бар. “Мына көшеден жылқының иісі шығады”, “Неге анау төбеде қойдың құмалағы жатыр?”, “Мына жермен сиырың өтпесін”, - деп әлі талай елді сергелдеңге салайын деп тұр.
Әлі күнге дейін таза ауыз суы жоқ, көгілдір отыны жоқ ауылдарды 30 дамыған елдің қатарына қосуға асығып жүрген біздің галстук таққандардан бәрі де шығады. Бұл заңның артында үлкен сұрақ бар, үрей тұр. Сондықтан елдің алаңдаушылығы бекер емес.
Қазір бұл заңға түрлі әшекей тағып жарыққа шығарады. Түбінде бұл қазақты малдан айыруға әкеледі. Мен ылғи “Ауылдағы елді сақтап қалуымыз керек. Мал бағамын деген қазаққа жағдай жасап берейік” деп айтып жүрмін. Ал әлгіндей қисық, шикі заңның кесірінен талай қазақ атақонысын тастап қалаға қашады. Әркімге жалданып күн көреді...
Жеке өз басым бұл ұсынысты қолдамаймын.
Кәсіпкер Алмасбек Садырбаевтың facebook парақшасынан