$ 494.87  520.65  4.91

Тәуелсіздік тағдыры шешілген майдан: Әйгілі заң қалай қабылданған еді

зақ жылдарға созылған осы күресте халық қалай жеңіске жетті? Әрине, тарихты ақтарса оған көп жауап табуға болады. Бірақ, дәл осы күні өткен жиынның маңызы бәріміз үшін де, бәрінен де жоғары.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Қазақ халқының азаттық жолындағы күресіне 30 жыл бұрын, 1991 жылдың 16 желтоқсанында нүкте қойылды. Осы күні Жоғарғы Кеңесте қабылданған заң - әр қазаққа өзінің тәуелсіздігін сезінетін жағдай туғызып, азат күннің енді ғана басталғанын әмбеге аян етті. Ұзақ жылдарға созылған осы күресте халық қалай жеңіске жетті? Әрине, тарихты ақтарса оған көп жауап табуға болады. Бірақ, дәл осы күні өткен жиынның маңызы бәріміз үшін де, бәрінен де жоғары. Осы орайда әйгілі жазушы, мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбаевтың «Тәуелсіздік толғауы» атты естелігі ойға оралады. Естеліктің ішіндегі желтоқсанның айтулы күніне қатысты бөлігін қаз қалпында оқырманға ұсынғанды жөн көрдік.

Жаңа тағдырымыздың алтын арқауы болып табылатын Тәуелсіздік туралы Заңымызды қабылдайтын күн де жетті. 15 желтоқсан. Парламент үйінің үлкен залы. Төрде - Елбасы. Мінбеде - жұмыс тобының жетекшісі Сұлтан Сартаев. Қысқаша баяндама біткен бойда сұрақтар қарша борады. Соның барысында-ақ болашақ саяси шайқастың қандай шептерде өтетіндігі байқалып қалды. «Кімнен және неден тәуелсіз болмақпыз? Жетпіс жыл бойы желкелеп келген Ресейлік империя үлгісі бойынша қазақ империясын құруға әрекеттеніп жатқан жоқпыз ба?». Ең бір аққаптал кәнігі депутаттың аузынан шыққан осы бір сауалдан-ақ қарсыласушы күштердің арғы көмейін аңғаруға болатын еді.

Тамыз оқиғасы тағдырын шешіп қойған КСРО-ны сақтап қаламыз дегенге сенетіндер әлі бар екен. Қазақ халқының тәуелсіздікті көксеп келе жаткан ел екендігін атымен білмейтін, білсе де құлаққа ілмейтін, тіпті табиғатта мұндай мәселе болуын үлкен жаңсақтық деп қарайтын тоңмойындық әлі де күшті екен. Қойылған тағы бір сауалдың арғы астарында одан да батпан зіл жатты.

«Біздің парламентіміз тағдыр-талайын шешетін күрделі мәселені тездетуге неге құмар? Біз мұнда мемлекет тәуелсіздігі мәселесін шешеміз, ертең 17 миллион адамның бақандай жартысы басқа жат мемлекетте қалып коймай ма?».

Бұл - үрейлі кісінің емес, үрейлендіргісі келетін кісінің сауалы. Үшінші сауал бұдан да әрірек сілтейді: «Мұның салмағын арттыру, елеулі екенін айғақтау үшін референдум өткізген абзал емес пе?». Осыдан-ақ ол кездегі қоғамдық aya райдың қандай екендігін аңғара беруге болады. Егемендік мәлімдемесі қабылданғаннан бергі оқиғалар парламентшілерімізді әккілендіре түскенмен, тәуелсіздік туралы мәселені өткірлендіре түскенмен, оны заңдастырудың жолын жіңішкерте де түскен-ді. Мұндай жағдайда жапа-тармағай шабуылмен жеңіске жету қиын еді. Тәсілқойлығы жағынан әрі күрделі, әрі нәзік әрекеттер керек еді. Обалдары не керек, сол кездегі парламентте болған әріптестеріміз сол шеңберлік биігінен шыға алды. Тек шабуылдаушылыққа ғана емес, қорғаушылыққа да едәуір жетісіп қалыпты. Бар күшті жалпы талқылау тұсында сарп етпей, ең шетін баптарды жеке талқылайтын кезге де ірке алыпты.

Бүкіл халықтық шынайы сенімге ие болған Президентіміз тәуелсіздік тағдырын шешетін шешуші майданның тізгінін өз қолына алып, оны не бір қиын су асты жартастарына соқтықтырмай, аман-есен арман болған жарқын жағалауға алып шықты. Оның үстіне, ел тағдыры шешілер сағатта әрқайсысы әр таудың арқары болып калған азаматтарымыз бір үйдің баласындай ынтымақты мінез танытты.

Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Өзбекәлі Жәнібеков, Шерхан Мұртаза, Жабайхан Әбділдин, Өмірбек Байгелди, Манаш Қозыбаев, Өмірбек Жолдасбеков, Әнуар Әлімжанов, Балғабек Қыдырбекұлы, Сауық Тәкежанов, Мырзатай Жолдасбеков, Камал Смайылов, Қуаныш Сұлтанов... Санап тауыса алмайсың. Сол кездегі парламентте бастары қосылған елдің барлық естияр азаматтары... Бірінің көмейін бірі айтпай біліп, қапы жібермеуге тырысып бақты.

Екі күнге созылған талқының aca бір шиеленісті тұсында депутат Александр Александрович Княгининге:

«Заңды қолдау керек... Мемлекеттік тәуелсіздік - қазақ халқының ғасырлар бойғы арманы. Қазақ жерін мекендеген біз, қазақ емес халықтар, бәріміз бірдей сол нәзік сезімге әрқашан өз сезіміміздей құрметпен қарайық» - деп, өрекпіп баққан көптеген әріптестеріне басу айтуға тура келді.

Біле білген кісіге бұл тәуелсіздік тек қазақтарға ғана керек емес еді. Бұндай Заң дәл сол күндері Қазақстанды мекендейтін барша ұлттардың ұл-қыздарына керек еді. Жан-жаққа бөлініп, жағаласып кетіп, қай шаңырақтың да басына қауіп төндірмеу үшін, сол екі ұдай кезеңде тағдыр мен тарихтың пәрменімен Нұқ пайғамбардың кемесіндей қалтылдақ кеңістікте күн кешіп жатқан жандардың бәрінің де ертеңгі күндеріне сенімді болулары үшін Қазақстанның тезірек халықаралық кұқық субъектісі болғаны керек еді. Тек сондай жағдайда ғана 17 миллион халық ертең қай кеменің құйрығына жармасамыз деген ала көңілдікке ұрынбай, бәрімізге ортақ дағдарыстар кезеңінен қалай шығамыз деп, бірлесе әрекет жасай алар еді.

inform.kz

Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын InstagramTelеgramfacebooktwitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары