Түркістанда 5 жасар балаға қаланың дамуына үлес қосқаны үшін әкімдік алғыс хат берген. Бұл жағдай әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Осыған байланысты қала әкімінің баспасөз хатшысы Гауһар Нұрмаханқызы түсінік берді, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сәйкес, Түркістанда қаласының экономикалық дамуына үлес қосқан 5 жасар балаға алғыс хат берілген.
"Ұлжалғас Сүлейменова Түркістан қаласы әкімшілік аппаратының штаттан тыс хатшысы (өзін солай айтып, мектеп ұжымын алдап отыр) әрі №27 мектептің даярлық тобының мұғалімі. Мына алғыс хатты әкімшілік атынан оқушысына берген. Масқара, даярлық тобы Түркістан қаласының өркендеуіне, экономикасының дамуына 5 жасар бала қандай үлес қосты екен?", – деп жазды Мадина Жұбаныс есімді Facebook қолданушысы.
Түркістан қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Гауһар Нұрмаханқызының жазуынша, 5 жасар балаға әкімдік хат бермеген.
"Құрметті Мадина ханым, Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай әр сала тарапынан қала әкімінің алғыс хатына ұсыныс жолданды. 5 жасар балаға арнайы алғыс хат дайындалмағанын назарыңызға саламын. Қазіргі таңда бұл алғыс хатқа ұсыныс енгізгендер анықталып жатыр. Жауапты мамандарға қала әкімі тарапынан шара қолданылады", – деп жазды қала әкімінің баспасөз хатшысы Facebook-те.
Ол 5 жасар бала мен оның ата-анасын танымайтынын атап өтті. "Қала басшысы атынан осындай олқылыққа жол берген азаматтарды анықтау шаралары жүргізіліп жатқанын мәлімдеймін", – деді Гауһар Нұрмаханқызы.
Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын Instagram, Telеgram, facebook, twitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.