$ 443.85  474.3  4.8

Жыл қорытындысы. Тоқаев басқарған 2021 несімен есте қалды?

Соңғы 2021 жыл қалай өтті? Нендей жақсылығы мен жаңалығы болды? Қандай жеңіске жеттік, неден есеміз кетті? Skifnews.kz ақпараттық порталы Президенттің соңғы жылда атқарған жұмысына қатысты қорытынды материал дайындап шықты.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елді басқарып келе жатқанына екі-үш айдан соң тура үш жыл болады. Естеріңізде болса, 2019 жылдың наурыз айының 19-шы жұлдызында Қазақ елін отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға кетіп, ел басқару тізгіні саясаткер Қасым-Жомарт Тоқаевқа табысталған еді. Тоқаев басқарған үш жылда талай іс атқарылып, небір түйінді шаруаның беті қайтты. Десек те, соңғы 2021 жыл қалай өтті? Нендей жақсылығы мен жаңалығы болды? Қандай жеңіске жеттік, неден есеміз кетті? Skifnews.kz ақпараттық порталы Президенттің соңғы жылда атқарған жұмысына қатысты қорытынды материал дайындап шықты. 

Сонымен...

2021 басталысымен Президент «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласын жария етті. Мұнда ол егемендігіміз бен елдігіміздің тірегі болатын басты бағыттарға тоқталып, іргеміздің берік болуы үшін ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жүзеге асырылатын шараларды жүйелеп, міндеттерді айқындап берді. Мемлекет басшысы мақалада азаттықтың 30 жылындағы жетістіктерін атап өтіп, болашаққа деген бағыт-бағдарды тұжырымдады. Кеңестік кезеңнен кейін жаңа мемлекетті аяғынан тұрғызып, саяси бағытын қалыптастырған негізгі сәтті реформалар мен серпінді жобалар ауқымды деңгейде талданды. 

Одан кейінгі қолға алынған іс рақымшылық туралы заң болды. Осы жылы 7 қаңтарда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Ал 15 қаңтарда Тоқаевтың қатысуымен VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясы өтті. Онда Президент  бес жылға жуық уақытта Парламент қабырғасында 410 заң қабылданып, депутаттар өздерінің заңға бастамашылық ету құқығын пайдаланып, 60-қа жуық заң жобасын дайындағанын тілге тиек етті.

Мемлекет басшысы «Біздің стратегиялық бағдарымыз – айқын. Мақсатымыз – озық дамыған елдердің қатарына қосылу. Дамыған ел дегеніміз – ең алдымен, дені сау, білімді және бақуатты жұрт. Сондықтан, мемлекеттің басты міндеті – азаматтарымыздың толыққанды дамуына, әл-ауқатының артуына және жайлы тұрмысына жағдай жасау. Біз 2025 жылға қарай әрбір азамат үшін тиімді институционалдық және инфрақұрылымдық орта қалыптастырамыз. Еліміздің ұзақ мерзімді дамуы Сабақтастық, Әділдік және Өрлеу қағидаттарына негізделеді. Көздеген мақсатқа жету үшін барлық салаларда дәйекті өзгерістер жасаймыз», - дей келе, жеті негізгі басымдыққа мән беруіміз қажет екенін айтты. 

Сессияның ашылуына қатысқан Мемлекет басшысы қоғамдағы барлық өзекті мәселелер, ең алдымен, Парламентте талқылануға тиістігін, қоғам өкілдері мен сарапшылар заң жобаларын дайындау ісіне барынша атсалысуы керектігіне назар аударды.

«Парламенттің алдында маңызды екі міндет тұр. Бұл – сапалы заңдар қабылдау және өзекті мәселелердің шешімін табатын орталыққа айналу. Жалпы, еліміздің заңнама жүйесін кешенді түрде жетілдіру керек», - деді Президент.

Ол сонымен қатар, сайлау бюллетеніне «бәріне қарсымын» деген жазу енгізуді ұсынды.

Жыл басында Президент тізгін ұстағандарды тағы жинады. Бұл жолғы жиын – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге дайындық жөніндегі мемлекеттік комиссияның бірінші отырысы еді. Мақсат – ел егемендігінің төртінші онжылдығына қадам басқалы тұрған шақта атаулы жылға дайындықтың сақадай сай болуын тексеру, жүйелі жұмыстар атқару. Мемлекет басшысы бұл жолда қаржыны оңды-солды жұмсап, ұлан-асыр той жасайтын уақыт емес екенін қадап айтты.

«Қазір заман басқа. Адамдардың санасы да айтарлықтай өзгерген. Оған қоса, бүгінде барша әлем жұртшылығы күрделі кезеңді бастан өткеруде. Қаржыны оңды-солды жұмсап, ұлан-асыр той жасайтын уақыт емес. Тиімсіз форумдар мен конференциялар өткізу де қажет емес. Тағылымдық мәні бар шараларға баса назар аударған жөн. Біз үшін халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту – басты міндет», - деді ол.

Сонымен қатар, министрлер мен әкімдер «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын берік ұстануға тиіс екеніне басымдық берілді. 30 жылдықта атқарылатын шаралар негізінен жастарға арналуы керектігі де осы жиында айтылды.

«Жастар саясатына арналған «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты біртұтас ұлттық жоба әзірлеген жөн. Әр бағыт бойынша бытыраңқы жүзеге асырылып жатқан жобаларды бір арнаға тоғыстыру керек. Сонда жұмыс жүйелі болады. Оны дайындауға, одан соң талқылауға бүкіл жастар және студенттер ұйымдарын, азаматтық белсенділер мен тәуелсіз сарапшыларды тарту керек», - деді Президент.

Тоқаев жиында 30 жылдыққа байланысты шаралар халыққа рухани серпіліс әкелуі қажет екенін назарға алды.

«Ұлт тарихында өшпес із қалдырған көрнекті тұлғалардың еңбегін насихаттау аса маңызды. Биылғы мерейлі жылға бірнеше атаулы дата тұспа-тұс келіп отыр. Жыр алыбы Жамбылдың – 175, Алаш арысы Әлихан Бөкейхановтың – 155, күш атасы Қажымұқанның – 150 жылдығы, тағы басқа бірнеше тарихи тұлғаның мерейтойы. Біз былтыр Абай мен Әл-Фарабидың мерейтойларын өте  мағыналы өткіздік. Олардың тұлғалық келбеті мен өмір жолы, еңбектері халыққа үлкен ой салды. Бұл тәжірибені алдағы уақытта да ұстанған жөн», - деді Президент.

Жыл басында орын алған маңызды жиындардың бірі - Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитіне қатысуы болды. «Түркістан – Түркі әлемінің рухани астанасы» атты саммиттің мақсаты – түркі әлемін XXI ғасырда маңызды экономикалық және мәдени-гуманитарлық кеңістіктің біріне айналдыру. Президент жиын барысында тоғыз жолдың торабында орналасқан Түркістанның инвестициялық және сауда-экономикалық мүмкіндігі зор екенін ескере келе, Түркістан өңірінде түркі елдерінің бірлескен «Арнайы экономикалық аймағын» құруды ұсынды.

Кезекті маңызды оқиға - Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІХ сессиясында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ҚХА төрағасы лауазымынан бас тартуы болды.

«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңға, Ассамблея туралы заңға сәйкес маған Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы лауазымын өмір бойы атқару құқығы берілген. Жалпы, мен сіздермен барлық уақытта бірге боламын әрі одан бас та тартпаймын. Дегенмен, Ассамблеяны басқаруға қатысты бірқатар құзірет еліміздің Президентіне жүктелген. Тіпті, бұл да маңызды емес. Қазақстан халқы Ассамблеясы тірек ретінде іс басындағы Президенттің жанында тұруы тиіс және екінші жағынан Мемлекет басшысы да Ассамблеяға арқа сүйейді. Сондықтан мен Ассамблеяны басқару құқығымды Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа беру туралы шешім қабылдадым», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

2021 жылдың алғашқы жартыжылдығы өткен соң Президент елдегі эпидемиологиялық ахуалды талқылау үшін тағы жиын жасады. Мемлекет басшысы шұғыл шешім қабылдауды талап ететін аса маңызды мәселелердің талқыланғанына тоқтала келе, жаппай вакцинация тиімді жол екенін айтты.

«Тағы да қайталап айтамын, біздің ең өзекті мақсатымыз – вирустың таралуын тоқтату емес. Әлемдік тәжірибе мұның мүмкін емес екенін көрсетіп отыр. Ең бастысы – аса ауыр науқастардың көбеюін болдырмау, адам өмірін сақтау. Сондықтан, оның бір ғана жолы бар.  Бұл – жаппай вакцинация, екпе салу», - деді ол.  

Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V, VI отырыстарын өткізіп, моноқалаларды дамыту мәселелері жөніндегі, Алматы қаласы және Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңесте де біраз мәселенің басын қайырды.

Тоқаевтың Орталық Азия елдері басшыларының Консультативтік кездесуіне қатысуы да биыл болған маңызды оқиғалардың бірі. Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында өтіп жатқан кездесудің ерекше екенін атап өтті. Осы уақыт аралығында мемлекеттеріміз қалыптасып, әлеуметтік-экономикалық дамуда айтарлықтай табыстарға қол жеткізді және мәдени-рухани мұрамызды жаңғыртты. 

«Тәуелсіздіктің алғашқы жылынан бастап, біз иық тіресе, бір-біріміздің табыстарымызға қуанып, қиын кезеңдерде өзара қолдау көрсетіп келеміз. Солай болуы – заңдылық. Бізді ғасырлар бойы қалыптасқан тарихымыз, рухани жақындығымыз, ортақ салт-дәстүрлеріміз байланыстырып келеді. Мемлекеттер басшылары Консультативтік кездесуінің форматы аймақтың ынтымақтастығына тың серпін береді. Нұр-Сұлтан мен Ташкентте өткен саммиттердің нәтижесінде байланыстарымыздың тұрақты, дәстүрлі, ең бастысы, өзіндік сипаты қалыптасты. Аймақтағы ынтымақтастықты арттырудың негізі – жоғары деңгейдегі сенімді диалог», - деді ол.

Айта кету керек, Консультативтік кеңеске, сондай-ақ, Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, БҰҰ Бас хатшысының Орталық Азиядағы арнайы өкілі Наталья Герман қатысты.

Биыл Мемлекет басшысы COVID-19 пандемиясына қарсы күреске арналған «Пандемияны тоқтатып, қайта жаңғыруды жақсарту» атты жаһандық саммитте де ойын ашық айтып, әлем елдерінің назарына ілікті. Жиында Президенттің арнайы бейнеүндеуі көрсетілді. Онда Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы онжылдықта денсаулық сақтау саласы бұрын-соңды болмаған ғаламдық дағдарысқа ұшырағанын айтты. 

«Соның салдарынан туындаған экономикалық қиындықтар әлеуметтік теңсіздікті одан сайын арттырып, халықаралық қоғамдастықтың шарасыздығын көрсетті. Індетті әлем елдері жұмыла еңсеруі керек», - деді Президент. 

Сондықтан жаһандық туризм мен бизнеске көмектесу үшін вакцина сертификаттарын өзара мойындау бағытында жұмыс істеу маңызды екенін атап өтті. Қазақстан екпе әзірлеген санаулы елдің бірі екенін айта келе, QazVac коронавирустың кез келген штамына төтеп беретінін жеткізді. 

Президент сондай-ақ, БҰҰ Бас Ассамблеясы 76-сессиясының Жалпы дебаттары мен  БҰҰ-ның Азық-түлік жүйелері жөніндегі саммит және Ядролық қаруды толық жою жолындағы Халықаралық күрес күніне арналған жоғары деңгейдегі пленарлық отырыс мінберінен де көрінді.

Жыл сайынғы әдеті бойынша Мемлекет басшысы биыл да қыркүйектің басында кезекті Жолдауын ұсынды. «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» Қазақстан халқына Жолдауы әлеуметтік-экономикалық және саяси күн тәртібінің өзекті мәселелеріне нақты да тұщымды жауап ретінде бүгінгі таңда ел азаматтарын толғандыратын мәселелерді қамтыды.

Сарапшылардың айтуынша, биылғы Жолдау – өзінің мәні мен мазмұны жағынан мемлекеттік органдар, бизнес және азаматтық қоғам институттары үшін алдағы кезеңге арналған іс-қимылдардың тұтас стратегиясын айқындайтын айрықша құжат. Президент Тәуелсіздіктің отыз жылы – біз үшін тұтас дәуірге бергісіз мерзім екенін айта келе, оны үш белеске бөліп қарастыруға болатынын жеткізді.
 
«Әр онжылдық ғасырдың жүгін арқалап тұр. Алғашқы онжылдық – жаңа Қазақстанның негізін қалау кезеңі. Осы жылдарда мемлекеттік нышандарымыз белгіленіп, билік жүйесі қалыптасты. Төл теңгеміз айналымға қосылды. Айбынды армиямыз құрылды. Ата заңымыз қабылданды. Ана тілімізге мемлекеттік тіл мәртебесі берілді. Ата дініміз оралып, салт-дәстүріміз жаңғыртылды. Бірлігіміздің бастауы болған Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды.  Екінші онжылдық – Қазақ елінің өрлеу кезеңі. Біз керегемізді кеңейтіп, тұғырымызды нығайттық. Халықтың әл-ауқатын арттыра түстік. Төл тарихымызды түгендеп, рухани мұрамызды жаңғырттық. Көптеген халықаралық бастама көтердік. Елге  қомақты инвестиция әкелдік. Үшінші онжылдық – Қазақстанның кемелдену кезеңі. Осы уақытта абырой-беделі артқан мерейлі мемлекетке айналдық. Шекара мәселесін біржола шештік. 2050 жылға дейін стратегиямызды қабылдап, дамыған елдердің қатарына қосылуды  межеледік», - деді.

Ал Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында өтті. Президент  Ассамблеяның әлеуметтік және қоғамдық маңызы бар жобаларды қолдау тәсілдерін дамыту, жергілікті атқарушы органдар жұмысының тиімділігін арттыру, ассамблеяның ақпараттық жұмысын тиімді жүргізу сияқты негізгі бағыттарды айқындай келе, этносаралық салаға ғылыми негізделген көзқарас мемлекеттік саясаттың алдыңғы қатарында болуы керек екенін баса айтты.

«Біз азаттықтың құны қандай екенін жақсы білеміз...». Бұл Президент Тоқаевтың ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиында айтқан жүйелі сөздерінің бірі ғана. Мемлекет басшысы жиында біздің мемлекеттілік тарихымыз көне заманнан бастау алатынын айта келе, сонау Күлтегін мен Білге қаған, Алтын Орда, Қазақ хандығы, Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Әз Тәукенің Жеті жарғысы мен Бұланты, Орбұлақ және Аңырақай шайқастары, Алаш арыстарына тоқталды. Кешегі Желтоқсан қаһармандары Тәуелсіздікті бір табан жақындатқаны анық екенін қадап айтты.

«Ұлттың ең ұлы мұраты – Тәуелсіздікке қол жеткіздік. Сол сәттен бастап Қазақ елінің ұлы көші болашаққа бет түзеді. Халқымыз өз мемлекетін құруға кірісті. Бұл – тарихи әділдіктің орнауы», - деді Президент.

Осы орайда Мемлекет басшысының биліктегі қадамы мен қабылдаған шешімдеріне қатысты Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, ҚР ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлының пікірін білген едік.

«Мемлекет басшысының саяси беделіне, қоғамдық қызметіне, түрлі сын-қатерлерге байланысты ұстанымы, қабілет-қарымы ел көңілінен шықты. Мысалы, осы уақытқа дейін Президент халыққа үш Жолдау арнапты. Бірі - 2019 жылғы «Сындарды қоғамдағы диалог: тұрақтылық пен өркендеу негізі», екіншісі - 2020 жылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі», үшіншісі – «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі». Жалпы, осы Жолдауларды қарап отырсақ, ең алдымен, тұлғаның мүмкіндігінше халыққа жақын болу ұстанымы, екіншіден, мәселені игеруге, байыптауға деген мемлекетшіл парасаты, үшіншіден, әрбір мәселені жеке қойып, көтеріңкі пафоспен емес, адами, шешімін табуға ұмтылған іскер адамның, істің мәнісін ойлаған қайраткердің көзқарасын байқауға болады. Ал, күні кеше ғана Тәуелсіздіктің тарихи межесіне қатысты өткен жиында аса биік елдік шараның маңызына мән берген Мемлекет басшысы «мақсат - той тойлау емес, ой толғау үшін» деген ұстанамын тағы да бір айқындады. Бұл ой – елдік мүдде біріктіретін бүгінгі буынға, бәріміз жақсылығынан үмітті ертеңгі ұрпаққа арналды», - дейді сарапшы.

Ал, саяси шолушы Ғазиз Әбішев аз ғана уақыт ішінде Президент қазақстандықтардың сеніміне түпкілікті ие болды деген пікірде.

«Қысқа, бірақ небір оқиғаларға бай мерзім ішінде Мемлекет басшысы қазақстандықтардың сенім кредитін түпкілікті бекіте алды. Бұл процесте елді демократияландыруға, саяси эволюцияға және азаматтық қоғамның дамуына бағытталған жаңа заңдардың қабылдануы үлкен рөл атқарды деп ойлаймын. Тоқаевтың ең маңызды бастамаларының тағы бірі – журналистердің жағдайын жақсарта отырып, жала жабуды қылмыстық сипаттан арылту болды. Әрине, көптеген бұқаралық ақпарат құралдарында әлі де үлкен саяси өзіндік цензура бар. Алайда, жала жабуды қылмыссыздандыру — бұл отандық журналистика үшін өте жақсы белгі.

Жалпы, көптеген қоғамдық маңызы бар оқиғаларға Мемлекет басшысының өзі үн қосып келеді. Ол барлық ауыр трагедияларға, жанжалды заң жобаларына немесе қызу пікірталастарға да ойын айтып жүр. Менің ойымша, әлеуметтік желілер арқылы жеткен мұндай байланыс елдің екінші президенті кезінде ғана пайда болды», - деп атап өтті Әбішев.

Он шақты күнде 2021 жылды да тәмамдаймыз. Президент Тоқаевтың ел басқарудағы тәжірибесіне ел куә. Талай сынақты сәттерде елмен бірге екенін көрсетіп келеді. Ал ендігі белес келер жылдың еншісінде қалсын. 

Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын InstagramTelеgramfacebooktwitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары