Белгілі блогер Мейіржан Төребаев Алматы қаласы әкімдігінен "Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл" мерекелік медалімен марапатталды. Блогер бұл туралы өз Instagram парақшасында мәлімдеді. Төребаев – “Mudarabah Capital” компаниясының құрылтайшыларының бірі. Қазан айында компания басшысы Руслан Бұрқанов қаржылық пирамида ұйымдастырды айыппен уақытша қамау изоляторына қамалған болатын, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында елге белгілі азаматтар мен бірқатар өнер қайраткерлері мерекелік медальмен марапатталған еді. Бұған дейін Мейіржан Төребаевтың жары Дана Есеева да "Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл" медалін алған.
"Кеше әкімдіктен сыйлығымды алып кеттім! Қазақстанды әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамытқаным үшін. Ештен кеш жақсы. Құрметтеріңізге рахмет", – деп жазды Төребаев өз парақшасында.
Блогердің медаль алғанына желі қолданушылары өз наразылықтарын білдірді. "Бұрын еңбегі үшін марапатталушы еді, қазір таныспен", "Қаржылық пирамидаға қалай тарту керек, пирамиданы жарнамалау, жапа шеккендерді алдап, медаль алу?", "Марапатты кім көрінгенге берсе, құны жоғалады", "Нұр Отанға сайлануын күтеміз", – деп жазды әлеуметтік желі қолданушылары.
Қазан айында бір топ азамат “ASTEX.kz”, “ACD technology” ЖШС лауазымды тұлғаларының үстінен қаржы пирамидасын құру және басқару дерегі бойынша арыз түсірген еді. Олар салымшылар ақшасы арқылы тендерге қатысып, ай сайын салымшылар қаржысының 20 пайызын қайтарып отыруға уәде берген. Сот санкциясымен төрт күдіктінің үшеуі қамауға алынды. Тергеу нәтижесінде “ASTEX.kz” компаниясына 160 салымшының 2 миллиард теңгеге жуық ақшасы “Mudarabah Capital” ЖШС арқылы түскені анықталды.