$ 494.87  520.65  4.91

«Президент сұхбатынан көпшілікті мазалаған сұрақтарға жауап алдық» – Дария Қожамжарова

Түптеп келгенде Президент сұхбатынан кейін Қазақстанның болашағына қатысты ой қалыптасты.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құрамыз десек ашықтық саясаты керек. Бұл туралы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ректоры Дария Қожамжарова айтты.

«Бұл - қаралы қаңтардан кейінгі Мемлекет басшысының бірінші сұхбат беруі. Шындығында бұл сұхбатты халық күтті және бәрімізді көптен бері мазалап жүрген сұрақтарға нақты жауап берілді. Президент айтқан «халық үніне құлақ асатын мемлекет» құрамыз десек, онда дәл қазіргі уақытта ашықтық саясаты керек. Ең алдымен кешегі сұхбатта «қаралы қаңтарға» қалай тап болдық, сол уақыттағы бізге беймәлім болған жайттар ашық айтылды. Еліміз үшін қиын сәттерде тың шешімдер қабылдау қажеттігі туындағанынан хабардар болдық. Осы орайда күні кеше өткен «Nur Otan» партиясының кезектен тыс съезінде Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан» құру үшін өткенімізді еш уақытта ұмытпауға тиіс екендігімізді баса айтқаны еске түседі. Ал өткеніміз – еліміздің қауіпсіздігі, еліміздің Тәуелсіздігі, мемлекеттің егемендігі. Бұл - қазіргі кезеңде көзіміздің қарашығындай сақтайтын тарихтың ең үлкен белесі. Сондықтан бүкіл халық болып осы мәселені дұрыс талқылап, оң шешімін табуымыз қажет және болашағымыз үшін жұмыс істеуге тиіспіз», - деді Дария Қожамжарова Мемлекет басшысының кешегі «Хабар» арнасына берген сұхбатына орай білдірген пікірінде.

Университет басшысы кешегі сұхбат барысында Президент болашағымыз қандай болатындығына қатысты ойын ашық білдіргенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы еліміз парламенттік республика болуы мүмкіндігіне қатысты да пікірін білдірді. Жалпы, Мәжілісте мықты-мықты партиялар болса, олар шынайы халықтың ортасынан табылып, нақты жетістіктерге қол жеткізе алса, онда бұл да басқарудың бір жүйесі болар еді. Бірақ, бұл бүгін-ертең бола қоятын жайт еместігін бәріміз де түсінеміз. Ал болашақта мұның да қажеті бар шығар. Оны да ойлауға тиіспіз. Демократиясы дамыған Еуропа елдерінде мемлекеттік басқарудың президенттікпен қатар парламенттік жүйесі де тиімділігін көрсетіп отыр. Сондықтан бұған да дайын болуымыз керек. Түптеп келгенде Президент сұхбатынан кейін Қазақстанның болашағына қатысты ой қалыптасты. Яғни, Мемлекет басшысы еліміздің болашағы білімде, ғылымда, жаңа технологияларда және қазақстандықтардың әл-ауақытының артуында екендігін айтты. Сондықтан ата-бабамыз аңсаған жаңа Қазақстанды құру кезеңінде бұл да дамудың бір үрдісі болары анық. Демек, үміт сөнбейді, арта береді», - деді Дария Қожамжарова.

inform.kz 
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары