$ 494.87  520.65  4.91

«Қазіргі АЭС реакторлары жер сілкінісі, цунамиге тіпті ұшақ келіп соғылса да апат болмайтындай етіп жасалған» - Мұхтар Жәкішев

Жалпы елімізде АЭС салу жобасы КСРО кезінде де болған. Кейін көмірге көштік те, ол аяқсыз қалды.

Мемлекет басшысы Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында АЭС салу мәселесі де сөз болды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы.

Президент өз сөзінде елімізге таза атом энергиясы өте қажет екенін айтып, экономиканы түсінбейтін популистердің жетегінде кетпеу керек екендігін атап өтті. 

"Энергиямен жабдықтау жүйесі жұмысында тұрақты үзілістер байқалады. Мысалы, жақында еліміздің оңтүстігі электр қуатынсыз қалды. Біз ішінара көршілес мемлекеттердің энергетика жүйесінің жұмыс сапасына тәуелдіміз. Елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері шұғыл түрде шешілуі тиіс. Жауапты тұлғалар атом электр станциясы құрылысына қатысты сұрақтарға дипломатиялық жолмен жауап беруден неге жалтаратынын түсінбеймін. Ашық айту керек қой: таза ядролық энергиясыз біз инвестицияны айтпағанда, бүкіл экономикадан айырыламыз. Аймақтағы көшбасшылықты жоғалтамыз. Бізге таза ядролық энергия өте қажет", - деді Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Расын айту керек, АЭС мәселесі қоғамда біршама қарсылық тудырып отырғаны белгілі. Алайда аталмыш сала мен энергетика мәселесінен хабары бар мамандар АЭС салудың қажеттілігін айтудай-ақ айтып келеді. Мәселен, солардың бірі - осы саланың білгірі, "ҚазАтомӨнеркәсіп"  компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев. Ол осыдан біраз бұрын журналист Арманжан Байтасовтың Youtube каналына берген сұхбатында елімізде Атом электр станциясын салудың не үшін қажет болып отырғанын айтып берген еді. 

Оның айтуынша, АЭС мәселесі ең алдымен алда келе жатқан энергетикалық дағдарыстан шығу үшін қажет. "Кеңестік кезеңде елімізде екі энергетикалық сақина деп аталатын көптеген көмір станциялары салынды. Біріншісі республиканың солтүстігінде орналасқан, ол елдің солтүстік бөлігін түгел энергиямен қамтамасыз етті. Сонымен қатар оңтүстік сақинасы басқалармен қатар Орталық Азияның оңтүстік республикаларын электр энергиясымен қамтамасыз етуге арналған. Бірақ мәселе бұл станциялардың көпшілігінің жұмыс істеп тұрғанына 40-50 жылдан асқан, ал көмір зауытының пайдалану мерзімі 25 жылға есептелген. Ал біздің тәуелсіздігімізге қазір 30 жыл толды. Сол себептен, бүгін бізде энергетикалық дағдарыстан шығудың бір ғана жолы – атом энергиясына көшу" , - дейді Мұхтар Жәкішев.

Өз сұқбатында АЭС мәселене қатысты тағы бір маңызды мәселе бар екеніне тоқталып өтеді. Ол - 2023 жылдан бастап ЕуроОдақ елдері аумағында қабылданғалы отырған "Карбон салығы" туралы заң.

Мұхтар мырзаның айтуынша, аталмыш заң климатына кері әсер ететін энергия көздеріне қосымша құн салығын қосу мәселесін көздейді. Атап айтар болсақ, мұнай, мырыш, алюминий, мыс және тағы басқа шикізат көздері үшін айыппұл төленеді. "Негізінен шикізат экспортына арқа сүйейтін Қазақстан үшін мұның әсері айтарлықтай болуы мүмкін. Яғни экспорт табысынан түсетін ақшаның қомақты бөлігінен қағылады. Мен қазір Қазақстанда атом энергетикасы туралы бастамалардың көтерілуіне бірінші кезекте осы жайт себепкер болды деп ойлаймын. Үкіметтің мәселе көтеруі, Қ.Тоқаев мырзаның Қазақстан ішінде өндірілетін электр энергиясындағы таза қуаттың үлесін арттыру идеясы осындай стратегиядан туған шығар", - дейді Жәкішев мырза. 

Сондай-ақ ол АЭС салудың экономикалық тұрғыдан тиімді екенін атап өтеді. Айтуынша, АЭС салу арқылы еліміз қолданыстағы энергия көздерінің инфрақұрылымын тарифті көтермей-ақ жаңғырта алады. 

"Бұл идеяның тағы бір ұтымды тұсы – қолданыстағы энергия көздерінің инфрақұрылымын тарифті көтермей-ақ жаңғыртуға мүмкіндік туғызуы мүмкін. Сонымен бірге келешегі бар деп жүрген жаңа саланың дамуына яғни майнинг дегеннің дамуына жол ашылады. Өйткені майнинг компаниялары әлеуетті энергия тұтынушы. Бірақ төлем қабілеті өте жоғары. 

Жалпы елімізде АЭС салу жобасы КСРО кезінде де болған. Балқаштың маңындағы Үлкен кентінде АЭС салу идеясы болған. Кейін көмірге көштік те, ол аяқсыз қалды. Ал Балқаштың маңындағы тау-тау боп үйілген көмірдің күлі қазір қоршаған ортаға желмен тарап жатыр", - деп атап өткен ол АЭС-тің қауіпсіздік мәселесіне де тоқталып өтеді. 

Оның айтуынша, қазіргі реакторлардың қауіпсіздігі өте жоғары деңгейде.

"Радиологиялық салдарды алға тартып жүргендер бар. Әлеуметтік желіде атом саласының "білгірлері" көбейіп кетті. Саланы жете білмейтін адамдарға ол айтқан уәждер салмақты сияқты көрінуі мүмкін. Ал нағыз маман оны оқыса, күлуі мүмкін. Шешім сондай ойлардың жетегінде шығарылса, дұрыс болмас еді. Бірақ қалай десек те, соңғы шешімді халық айтуы керек.

Жалпы айтар болсам, қазіргі реакторлар жер сілкінісіне де, цунамиге де, тіпті ұшақ келіп соғылса да апат болмайтындай етіп жасалған", - деп атап өткен болатын. 
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары