Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана клубының» Еуразия дамуының басты мәселелерін талқылауға арналған халықаралық сарапшылық алаңы отырысында сөз сөйледі, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Қоры ұйымдастырған іс-шараға әлемнің түрлі елдерінің экономика, саясат және халықаралық қатынастар саласындағы 50-ден астам жетекші сарапшылары қатысты.
Қ.Тоқаев Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында халықаралық жағдайдың негізгі үрдістеріне қатысты өз ойымен бөлісті. Сенат спикері ірі державалардың ұлттық стратегиялық мүдделерінің бұрынғы қырғи-қабақ соғыс кезіндегі екі саяси жүйе мен идеологиялық блоктар арасындағы бәсекелестікті ауыстырғанын атап өтті.
«Көпполярлылық қайтарымсыз үрдіске айналды», деді Қ.Тоқаев. Қытай кедей мемлекеттен «шын мәнінде жаһандық әлемде тағы бір экономикалық және саяси полюске айналды». БРИКС, ШЫҰ, АСЕАН сияқты өңірлік ұйымдардың рөлі айтарлықтай өсті.
Қ.Тоқаев жоғары технологияның қарқынды дамуы тұрғысынан кибер қауіпсіздіктің жай-күйі туралы алаңдаушылық білдіре келіп: «Тәуелсіздігіміздің алғашқы күндерінде біз Facebook, Twitter және басқа да әлеуметтік желілердің қаншалықты таралымда болатынын елестете де алмаушы едік», – деді. – Ал «араб көктемінен» кейін «интернет-революция» түсінігі пайда болды. АҚШ-тағы Д.Трамптың президенттік сайлаудағы күтпеген жеңісі дәстүрлі БАҚ-тан әлеуметтік желілердің артықшылықтарын анықтап берді».
Сенат Төрағасының айтуынша, АҚШ президентін сайлау осы күздің басты саяси оқиғасы болды. «Д.Трамптың жеңісі – ұлтшылдық мемлекеттердің ішкі саясатындағы үстем жаңа құбылыс ретінде халықаралық қатынастар жолына шыққанын көрсетті деген қорытынды жасауға мүмкіндік береді», – деді Қ.Тоқаев.
Әлемдегі күштердің қайта бөлінуін талдай отырып, Қ.Тоқаев Сирия, Ливия, Йемен және Ирактың негізгі шиеленіс ошақтары ретінде жаһандық күн тәртібіндегі басты мәселеге айналғанын атап өтті. «Осы жағдайда, Сирияға өз әскерін енгізу арқылы Таяу Шығыстағы стратегиялық бастаманы қолға алған Ресейдің геосаяси рөлі айтарлықтай артты. Бұл аймаққа Иран да өз ықпалын күшейтті», – деді Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы.
Төраға БҰҰ-ны реформалау перспективаларына ерекше назар аудара келіп, жаңа Бас хатшы A.Гутеррештің алдында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің үйлестірілген жұмысын қамтамасыз ету міндеті тұр деп санайтынын білдірді. Өйткені, Кеңес, Сирия мен Украинаға қатысты белгілі келіспеушіліктерге байланысты «ұжымдық сана» рөлін атқаруды тоқтатқан болатын.
Төраға: «Қазақстан алдағы екі жылда Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болады. Бұл БҰҰ-ның негізгі органындағы біздің күн тәртібімізді ілгерілетуге мүмкіндік береді. Қазақстан, Сирия мен Украинаны қоса алғанда, әлемдегі қазіргі замандағы негізгі мәселелер бойынша БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде дауыс беретін болады», деді.
Кейінгі ширек ғасырдағы үш қаржы дағдарысын туындатқан әлемдік нарықтағы сілкіністер туралы айта келіп, Қ.Тоқаев экономикалық мәселелерді саясаттан тысқары ететін мүлде жаңа, шын мәніндегі инновациялық қадамдарды пайдалануға шақырды.
Ғылыми-техникалық салаға қатысты болжамымен бөліскен Төраға: «Таяудағы ширек ғасырда бүкіл әлем толықтай өзгеріске ұшырайды. Адамдардың тек тұрмысы ғана емес, олардың дүниетанымы да өзгереді. Технологиялық тұрғыдан локомотив ретінде ең дамыған аз ғана мемлекеттер алға озып кетеді. Оның артынан ғылыми-техникалық жетістіктерді көшіруге және игеруге қабілетті орташа дамыған елдер ілеседі. Бірақ мемлекеттердің негізгі бөлігі әлемге қауіп тудыратын барлық зардаптарымен бірге жол жиегіне шығып қалуы ықтимал», деді.
Келешегі зор интеграциялық жобалардың ішінен Қ.Тоқаев Қытайдың 2013 жылы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Астанада алғаш рет жария еткен «Жібек жолының экономикалық белдеуін» бөліп айтты. «Қазақстан өзінің аумағында осы стратегиялық жобаны табысты іске асыруға барынша күш-жігерін жұмсайтын болады. Дәл осы мақсатқа қол жеткізу үшін ауқымы мол «Нұрлы жол» бағдарламасы қолға алынып отыр», деп атап өтті Парламенттің жоғарғы палатасының басшысы.