Белгілі заңгер әрі Президент жанындағы Ұлттық кеңестің мүшесі Айгүл Орынбек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Qazaqstan» телеарнасына берген сұхбатына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы.
Заңгердің айтуынша, Президенттің бұл сұқбаты талайға ой салды. Сонымен қатар Президентке халықтың үні жетіп жатқанын көрсетеді.
«Оқып шықса да, жаттап шықса да, ең бастысы - Ана тілінде сұхбат берді! Халықтың талабы орындалды!
Қазақ тілінде сұхбат бермеді деп ренжіп жазғанның бірі - мен едім. Бірақ, бүгінгі сұхбатында бұның да себеп-салдарына тоқталып, түсіндіріп берді.
Ең бастысы - Адам құқығы! Жаныма батқаны «үтік басылып» қорланғандар еді… «Азапталып жатқан адамдар жайлы білемін, адамдардың видео-үндеуі маған жетті. Әлеуметтік желіні оқып отырамын» деп атап өтті Тоқаев. Бұл біраз әлеуметтік желі қолданушыларына жауап болды!
«Біздің және Сіздің жазғаныңызды Президент оқи ма өзі?»,- деп сұраушылар көп еді! Президенттің бұл сөзі - талайға ой салды, әсіресе Президентке өтірік ақпарат беретін шенеуніктер білсін, Президентке халықтың үні әлеуметтік желімен жетеді!
Президент өз сөзінде «Шаш ал десе, бас алатындардың» бар екенін де айтып өтті! Кінәлілер мен қылмыскерлер заңды жазасын алатынын да шегелеп айтты. Иә, ешкім жазасыз қалмау керек!», - деп жазған ол өзінің facebook парақшасында.
Сондай-ақ ол Мемлекет басшысының көп дүниеге назар салып отырғанын айтады. Алайда Президенттің тапсырмасын орындауға келгенде құлықсыздық танытатындар көп.
«Мемлекетке опасыздық жасаған басшылар да, қаланы өз пайдасына қиратқан қарақшылар да - заңды түрде жазасын алсын! Оларды ешкім ақтап жатқан жоқ!
Алаңда қолына ту ұстап, жазықсыз атылып, нан алуға шығып жараланып, кінәсіз азапталып жатқандарды жақтап жатқанымыз - кейбір министрлерге ұнамай, тіпті жақпай жатыр!
Оларға салсаң бәрі - террорист, ақ-қарасын ажыратпай жатып ұрып-соғып, үтікпен қорлау - бұл енді ешкімнің миына сыймайтын жайт.
Иә, бүгін Президент көп жақсы дүниелерді айтты! Бірақ… орындалатын кезде ақсатып, Президенттің беделіне нұқсан келтіріп жатқан министрлер де бар!
Расында… Идеологиямыздың кері кетіп, лаңкестерді құрметтеп еліміздің төрінде, тіпті мінберлерде сайрап, заңды белшесінен басып жүргізіп қойған - қолында құзыреті бар құзырлы органдар! Ол үшін бейбіт халық кінәлі емес! Заңның орындалуын бақылайтын және қадағалайтын құзырлы органдардың өзі - Заңды орындамайды! Орындамақ түгілі, бағынбайды! Құқықтық нигилизмнің жоғарылауына ең бірінші «жұлдыз таққандар» жол береді! Халықты азаптап, қорлау - Мемлекетті, Президентті қорлаумен тең!
Иә, Мемлекет - бәрімізге керек,бірақ мемлекет сол халықтан құралатынын ұмытпайық!», деп атап өткен заңгер өз жазбасында.