Көптеген сарапшылар Мемлекет басшысы Тоқаевтың кешегі сұқбатында да көпшілікті ойландырып отырған маңызды сұрақтарға шегелеп тұрып жауап берілді деп бағалап жатыр. Мәселен белгілі режиссер Талғат Теменов президенттің ашық әрі нақты жауаптары халықтың қанатына жел бітіріп, үміт отын жаққанын айтады.
«Тоқаевтың үш жылдан бергі уақыт ішінде кең ауқымды қоғам, әлеумет, идеология, тіл мәселесі, еңбекқорлық, Отан сүйгіштік жайында айтылған кең ауқымды сұқбатын бірінші рет көрдім. Риза болдым. Өйткені бұл сұқбат тікелей қазақ тілді қоғамға арналды. Көпті ойландырған сұрақтарға шегелеп тұрып жауап берілді. Жауаптары халықтың қанатына жел бітіріп, үміт отын жақты. Дер кезінде берілген сұхбат болды», - дейді Талғат Теменов Skifnews.kz ақпараттық порталына берген сұхбатында.
Сондай-ақ режиссер Тоқаевтың «Әке туралы ой-толғау» кітабы мен оның негізінде кино түсіруге қатысты өз пікірін білдірді.
«Біріншіден, ол кітапты Тоқаев президент болмай тұрып жазған. Оны адам ретінде, тұлға ретінде жазған деп олаймын. Өз басым шығарманы оқыған жоқпын. Бірақ оқырман ретінде Кемел Тоқаевтың аса дарынды жазушы, үлкен шығармашылық иесі екенін жақсы білемін. Ол - қазақ әдебиеті саласына детектив жанрын алып келген жазушы. Яғни қазақ детективінің іргетасын қалаған тұлға.
Кемел Тоқаевтың жазған шығармалары осындай жаңашылдығымен құнды болып отыр. Әлі де жұрт білмей жатқан дүниелер бар деп ойлаймын. Бірақ, өкінішке қарай, осы уақытқа дейін бірде бір режисердің, бірде бір сценаристің Кемел Тоқаев туралы кинолары, деректі фильмдері бары жайлы естімеппін. Арнайы кино түсіру туралы бастама осы олқылықтың орнын толтырар еді», - дейді Теменов мырза.
Сондай-ақ ол Кемел Тоқаевтың жеке фильмге лайық тұлға екенін айтады.
«Түсіруге әбден болады. Қаншама патшалар туралы, корольдер туралы фильмдер болды. Брежнев, Қонаев туралы өте тамаша кинолар бар. Осы арқылы тарихта өз бағасын алған ұлылардың ұлағатты өмірі мен жүріп өткен жолы, атқарған еңбегі ұлт жадында сақталып жатыр. Осындай дәстүрмен азаматтарымыз өз ақшаларына фильм түсіреміз деп жатса, қуана қолдаймыз. Онда тұрған не бар?
Бірақ болашақ туында Президенттің әкесі туралы болғаннан кейін қойылатын талап та, жұрттың көргісі келетін дүниесі де басқаша болатынын сөзсіз. Әр кәллада бір қиял. Біреулер ұнағысы келер, осы себептен түсіргісі келер. Дей тұрғанмен өнердің қай түрі болсын болғаны жақсы. Тек оны идеологияға, саудагерлікке, творчестволық коррупцияға айналдырмаса болды. Өйткені өнердің сан-салалы болғаны дұрыс. Өз басым режиссер ретінде де осындай болғанын қалаймын.
Жалпы қай драмматургтың айтқанын, кімдердің түсіргелі жатқанын нақты білмеймін, егер өз ақшаларына түсіреміз десе, онда тұрған не бар? Түсірсін. Көрейік.
Қалай болған күнде де жақсы дүниенің өмірге келгенін қолдаймын. Әрі сондай тамаша дүние боларына да сенемін. Жақында Әди Шәріп туралы кино түсірілді. Өте жақсы кино болып шықты. Әди де сол Кемел Тоқаевтың замандасы, ол да соғысты басынан өткізген көзсіз батырлардың бірі. Егер киноның бойында адамгершілік, адалдық, тазалық, Отан сүйгіштік, адами қасиеттер болса, мен кез келген киноны қолдаймын», - дейді режиссер.
Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын Instagram, Telеgram, facebook, twitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.