Ресей президенті Владимир Путин Украинаның шығысындағы Донбасс аймағын қорғаймыз деген желеумен арнайы әскери операция бастайтынын мәлім етті.
"Ресей Украинада ядролық қару бар екенін жоққа шығармайды. Ремей Украина аймағын басып алуды жоспарлап отырған жоқ. Жағдай шешуші әрекеттерді талап етеді. Ресей Украинадағы барлық халықтың өзін егемен болуға деген құқығын қолдануына маңыз береді. Ықтималды қантөгіс толықтай украин режимінің мойнында болады" дер келтірді Путиннің сөздерін ТАСС агенттігі.
Кейбір ақпарат құралдары Киевте оқ даусы естіліп жатқанын мәлім етті.
Бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин Донбасстағы өздерін тәуелсіз деп жариялаған "Донецк халықтық республикасы" мен "Луганск халықтық республикасының" егемендігі мен тәуелсіздігін мойындау туралы жарлыққа қол қойған.
"Донецк халықтық республикасы" мен "Луганск халықтық республикасы" – Украинаның шығысында орналасқан Донбасс аймағына кіретін Донецк және Луганск облыстары аумағында өзін тәуелсіз деп жариялаған сепаратистік мемлекет. 2014 жылы Украинадағы саяси дағдарыс барысында жаңа үкіметке қарсылық ретінде пайда болған. Тәуелсіздіктерін 2014 жылғы 12 мамырда жариялаған. Содан бері кешегі күнге дейін олардың тәуелсіздігін ішінара тәуелсіз деп танылған Оңтүстік Осетия республикасы ғана мойындаған. Біріккен ұлттар ұйымы, Еуро одақ, Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы секілді халықаралық беделді ұйымдардың ешбірі сепаратистік республикалардың тәуелсіздігін мойындамаған.
Украина билігі сепаратистік мемлекеттерді Ресей федерациясы басып алған Донецк және Луганск облыстарының бір бөлігі деп таниды. Ресей болса, Донбасстағы қарулы қақтығысқа қатысы барын жоққа шығарады. Украина конституциясына сай, "ДХР" мен "ЛХР" иелік ететін аумақ Украинаның мемлекеттік егемендігі әрекет ететін аймақ болып саналады. Қазіргі уақытта сепаратистік республикалар бұрынғы Донецк пен Луганск облыстары аумағының үштен бір бөлігін бақылайды. Өздері екі облыс аумағына тұтас иелік етеміз деп есептейді. Қос республика да Украинада террористік деп танылған.