04.03.2022, 12:20

«Парламентті кейбір депутаттар арзан пиярға айналдырып алды» - журналист

Негізі Парламент отырып алып, айқайлап, ұрандататын жер емес. Бұл жерде елдің тағдыры шешіледі. Ұлттың болашағы айқындалады.

Парламент заң шығарушы орган. Екі палаталы бізде. Сенат пен Мәжілістен тұрады. Күні кеше елді шулатқан жер туралы заң жобасы – сол жерде бекіген. Тұңғыш Президент туралы заң тармақтарын да депутаттар сол жерде бір ауыздан қолдаған. Байқоңырды Ресейге жалға беру туралы бастаманы да сол жерде заңмен тас түйін қылып «бекіткен» солар. Ресейдің қолайына жағатын жердің асты мен үстінің байлығы да сол жерде ратификацияланған. Көп қой тізе берсем.

КОНСТИТУЦИЯДАН 7-баптың 2-тармағын АЛЫП ТАСТАП, МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ТУРАЛЫ ЗАҢ ҚАБЫЛДАУ айта-айта жауыр болған тақырып. Бұл заңды да қабылдаған "Халық қалаулылары" болатын.

Енді сұрақ: Депутаттар неге дәрменсіз? Олар неге халықтың сөзін сөйлемейді? Неге моп- момақан?

"Сен тимесең, мен тимен бадырақ көз" деп енді қашанғы жүрмек? Жауап біреу ғана: Оларды халық сайлаған жоқ. Халық сайламағасын беделден жұрдай. Партиялық жүйемен сайланғандықтан билікке жалтақтайды. Соның сөзін сөйлейді. Қарсы келмейді. Баяғы кеңестік КПСС- тен еш айырма жоқ. Бәрі бір адамға жіпсіз байланған... "Шылбырды үзіп кету" қайда?

Сондықтан кейбір депутаттардың жан айқайы құмға сіңген судай жоғалады. Айтпақшы біздің Парламент жүз пайыз "Нұр Отанның" шекпенінен шыққан. Партяның бір "гайкасы" босап кетсе "оппозициялық партия төрағалары жылай да алады, қайғыра да алады... Өңін де өзгерте алады...

Негізі Парламент отырып алып, айқайлап, ұрандататын жер емес. ( Бұл жерді арзан пиярға айналдырып алғандар бар).

Бұл жерде елдің тағдыры шешіледі. Ұлттың болашағы айқындалады . (Көп депутат оңай жолмен келіп жұмсақ креслоға қонжия қалғандықтан оны сезінбейтін тәрізді).

Президент Тоқаев «Жаңа Қазақстан» құрамыз деп уәдесін берген. Алайда ескі жүйе әлі сол қалпында. Сол кездегі "әуен" әлі шырқалып тұр. Бір дирежердің орнын екіншісі алмастырды бар болғаны...

Кеше ғана орнын босатқан Бекболат Тілеухан мен Дариға Назарбаевның орнына Саясат Нұрбек пен Аманжол Әлтаев депутат болып келгенін БАҚ шулап жазып жатыр. Біреу қолдап, біреу қарғап жатыр Мәжілісті.

Бұл ескі жүйедегі әдіс-айла еді ғой "Ат тұяғын тай басатын". Адамдар сүт пен нанның кезегіне тұрғандай, Мәжілісте де кезегін күтіп резервте тұратын партия мүшелері болатыны жасырын емес. «Күтушінің» кім екені, депутат болуға лайық па, лайық емес пе, оған бас қатырып жатқан ешкім жоқ. Халық қалай ма, қаламай ма оған да пысқырып жатқан бірі жоқ. Міне, осыдан барып Парламентке халықтың көңілі әбден қалған. Билікке де...

Айтайын дегенім, Мәжіліс жаңашылдыққа ұмтылама десем, ескі сүрлеуден шығатын емес. Баяғы сарын. Баяғы кеп. Бұл болмайды ағайын.

Билік халықпен бір болғысы келсе, Тоқаев халықтың көңілінен шығамын десе,«ескінің көзін көрген», «тәрбиесін алған», жалтақтары мен жағымпаздары көп Парламент таратылуы тиіс! «Жаңа Қазақстан» жаңа саясатты бастауы керек. Билікте, бәрі де жаңаруы уақыт талабы. Ал Парламент депутаттарын халық өзі сайламай, ештеңе де өзгермейді.

Бір кездері «Нұрлы өмірім», «Нұр Отаным» деп ала өкпе болып шапқылаған депутаттар, енді «кепкасын ауыстырып» «Аманат» деп шулағаннан «аспаннан шұға» жаумайды.

Журналист Нағашыбай Қабылбектің facebook парақшасынан