Қаңтарда бейбіт шерумен басталған наразылық акциялары бұзақылар мен деструктивті топтардың араласуымен жаппай тәртіпсіздіктерге ұласты. Мұның арты үлкен қантөгіске ұласып, орны толмас өкінішке ұрындырып кетті. Кеше Мәжіліс төрінде осы қаңтар оқиғасына қатысты тергеу жұмыстарының есебі тыңдалды. Күштік құрылымдардың басшылары депутаттардың алдына шығып, ашық есеп берді. Саясаттанушы Расул Жұмалының айтуынша, бұл атқарушы биліктің халықа талабымен санаса бастағанының белгісі. Оның айтуынша, бұған дейін көптеген оқиғалардың сыры ашылмай, зерттеу нәтижелері ашық айтылмай келген, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы.
«Негізінен алғанда кешегі есеп көңілден шықты. Әрине, бір мәлімдемемен бұл мәселе толықтай шешіле қалды, барлық сұраққа жауап табылды деген ойдан алақпын.Тергеу амалдары оңай жұмыс емес. Шынымен үлкен қиындық болды қаңтар оқиғаларында, көптеген жасырын жағдайлар болды, тергеу амалдары, менің ойымша, әлі де жалғасын табады. Бірақ сол қаңтар оқиғалары аяқталғаннан кейін президент те, үкімет өкілдері де мәселені шешеміз, жауаптыларды, кінәлілерді жауапқа тартамыз, уәде берген болатын. Демек, мәселелердің анық-қанығын анықтайтын боламыз деген сөздерінде тұрғанын көріп отырмыз.
Қазір осындай жұмыстың жүргізіліп жатқаны, алғашқы қорытындыларының шығарылуының өзі жақсы нышан. Әрине, кейбір астыртын тұстары болады. Бұған дейін де біздің тарихымызда Жаңаөзенмен байланысты, желтоқсанмен байланысты сыры, құпиясы әлі де ашылмай келген қиын сәттер болды ғой. Сол кездерде жылы жауып қоюға тырысқаны бәрімізге де мәлім. Жауапсыз қалған қылмыс ерте ме, кеш пе, жалғасын табады. Сондықтан кез-келген қиыншылық орын алғанда оның себептеріне, жалпы тұстарына назар аударғаны өте маңызды. Жалпы қаңтар оқиғасына байланысты есеп беру отырысы Тоқаевтың, оның сенімді тобының мәселенің анық-қанығына жетудегі әрекеттерін көрсеткен саяси жиын болды. Мәжілістің, Парламенттің өзінің атына, затына сай әрекеттерді бастағаны көңілге қуаныш ұялтты. Бұрын Үкіметтің ұсынаған ұсынысына қол көтеріп, оны қабылдай салып, көз жұма отырушы еді. Ал қазір халықты, елді мазалаған ащы сұрақтарды көтеріп, ашып көрсетеді. Бұл тұрғыда, меніңше, Парламент белсенді, табанды әрекеттерге көшкен сияқты. Менің ойымша бұл да бір жақсы көрініс. Себебі елді мазалаған көптеген проблемалар бар, соны қайтадан жылы жауып қою емес, соның барлығын Парламентте ашып, көтеруі жақсы нышан. Осындай жақсы бастаманың көтерілуіне көңілім толып отыр», дейді Расул Жұмалы.
Сарапшының пікірінше, қаңтар оқиғасы қазақ тарихында болмаған әрі ешкім күтпеген жайт болып отыр.
«Өте бір қиын сәт болды. Осыған дейін отыз жылда біз ұрынып көрмеген ауқымды жағдай болды. Осындай қиын сәтте жекелеген адамдардың тарапынан да, ресми құқық қорғау органдарының тарапынан да қателіктер кетті. Жасыратыны жоқ, қаңтар оқиғасы әуеліде қымбатшылық, жұмыссыздық, газ бағасының өсуі сияқты заңды талаптар қойған халықтың экономикалық-әлеуметтік жағдайға наразылығынан болды. Әу баста бейбіт шеру болған. Одан кейін оны бүркемелеп отырып, бейбіт шерушілердің артына жасырынып, түрлі көлеңкелі күштер арам пиғылдарын іске асырды деуге болады. Алматыда ойран салған күндерді, Алматыдағы әкімшілік ғимараттарды өртеп, басып алып, қаншама адамға, бизнеске зақым келтіруді бейбіт шеру деп айтуға келмейді.
Сол секілді құқық қорғау органдарының тарпынан да кеткен қателік бар. Барлығын толықтай жалпылама қаралап болмаса барлығын жалпылама ақтап алу анық-қанығына жетудің жолы емес. Шерушілердің барлығы бейбіт шерушілер болды, олардың барлығын жаппай босату керек, бәріне кінәлі билік деу дұрыс емес. Арандату мәселесі де болғаны рас. Айдап салу, қару қолдану, тонау, мародерлік бәрі болды. Оны біз қалай жоққа шығарамыз? Сондықтан бәрін жалпылама айтып, ешқандай кінә болған жоқ деп айтсақ, ешқашан ақиқатқа жетпейміз», - дейді ол.
Сондай-ақ ол қаңтар оқиғасы кезінде қасақана бұрмалушылық, арандатушылық сияқты әрекеттердің болғанын айтады. Әрі бұл әрекет екі тараптан да болған.
«Құқық қорғау органдарының тарапынан да асыра сілтеушілік болды. Бәлкім, қылмыстық әрекеттер де болған шығар. Ол бойынша да тергеу амалдары жалғасып жатыр. Бұл жерде бұрмалау болған шығар. Президент бейбіт халыққа оқ атыңдар деген жоқ. Бұл – интернеттегі боттардың халықты шатастыруы. Мұндай бұрмалаушылық, айдап салу, арандату сияқты әрекеттерге қайта берілмеуіміз керек. Жекелеген әскерилер, сарбаздардың ағаттық жібергені я болмаса ұсталған азаматтарға асыра күш қолданғаны, оларды азаптап қинағаны сияқты мәселелердің барлығы зерттелуі керек. Ешқандай былыққа жол берілмеуі керек. Осындай мәселелер дәлелденуі қажет. Әлгіндей былықтарға жол берілген болса, олар барлығының алдында жауап беруі тиіс. Бұл – кез-келген адам үшін негізгі принцип Конституцияның талабы. Кез келген азамат, ол мейлі, құқық қорғау органдарының қызметкері бола ма я болмаса қарапайым халық бола ма жасаған әрекеті үшін заң алдында жауап беруі керек. Демократия деген аузыма не келеді, соны бөсу, ойыма не келсе, соны істеу деген нәрсе емес қой. Демократия деген заңға бағыну. Дүкенді тонау, әкімшілікті өртеп жіберу демократия емес. Бұл – шектен шыққандық. Қоғам да осы мәселеге түсіністікпен қарау керек. Арандатушыларды, тонаушыларды, қарақшыларды ақтаудың ешбір қажеті жоқ. Соғыс әрекеттері болып жатқан Украинаны алып қарайық. Онда осындай ел басына күн туып жатқан қиын сәтте тонап жатқан украиндықтарды қалай жазалап жатыр? Ағашқа байлап қойып жазалауда. Бұл – ақтауға келмейтін әрекеттер. Ал бізде тонаған қарақшыларды ақтау керек, онда тұрған не бар, басқалары да тонап жатыр деген түсінік қалыптасқан. Мұндай қате түсінікпен қоғам ретінде алысқа бара қоймаймыз. Ақты ақ, қараны қара деп үйренейік.
Бізге керегі – қаңтар оқиғаларының бұдан кейін қайталанбауы. Салдарына ғана емес, кім алып келді, қалайша болды, тек қана экономикалық, әлеуметтік дағдарыс па, әлде соның артында жасырынған бір топтар бар ма деп себептеріне үңілу қажет. Бұл қаңтар оқиғаларынан кейінгі бірінші есеп емес, бұған дейін де қаншама іс тындырылды. Бәлкім, тасада қалған да шығар. Президент Тоқаевтың билік тізгінін толықтай қолына алуы, олигархтардың тізгінделуі, олигархтардың ақшасы аударылуы үшін Қазақстан халқына қорының құрылғаны, сыртқа заңсыз шығып кеткен қазақтың ақшасын елімізге қайтаруы, Қорғастағы былықтарды тыю, ұлттық компаниялардағы былықтарды ауыздықтау сияқты шаралар айналдырған бір-екі айдың ішінде іске асырылды. Осындай әрекеттердің қисынды жалғасы ретінде қарастырып отырмын.Бұдан кейін де үшінші, төртінші қадамдары болады деп күтейік», - деді сарапшы.