17.03.2022, 16:20

Антикор Қайрат Сатыбалдының әйелін қамауға алды

Бұған дейін Баян Мақсатқызы Гүлмира Сатыбалдының рейдерлікпен айналысатыны туралы айтқан еді.

YEDILOV ONLINE телеграм-каналы Қайрат Сатыбалдының әйелі Гүлмира Сатыбалдының қамауға алынғаны туралы ақпарат таратты.

Гүлмира Сатыбалды – кеше ғана ұсталған Қайрат Сатыбалдының әйелі, олардың бір ұл, екі қызы бар.

Бұған дейін Баян Мақсатқызы Қайрат Сатыбалдының әйелі Гүлмира Сатыбалдының рейдерлікпен айналысатыны туралы айтқан еді. Оның айтуынша, Гүлмира кәсіпкер Тұрсын Алагөзовтің компаниясын рейдерлік жолмен тартып алған.

Тұрсын Алагөзовтен тартып алынған аталмыш компанияға «Maxi чай», «Sevens», «Перво квас», «Aloe» шырыны сынды сауда маркалары кірген.

«Менен бұл рас па, шын мәнінде қалай болды?» деп жиі сұрайды. Біз бұл сұрақтарға жауап беруге, тиісті ақпараттарды ұсынуға дайынбыз. Оның барысында даулы фамилиялар аталатын болады. Бұл оқиғаға азаматтарымыз таңғалады деп ойламаймын. Өйткені мұндай жағдайға елімізде жүздеген кәсіпкер тап болып, белгілі адамдар қысым жасағандықтан, сотқа шағымдана алмаған. Мен Galanz Bottlers компаниясын рейдерлік жолмен тартып алған адамдар мен олардың сыбайластарының барлығының аты-жөнін атаймын. Жақын күндері тергеу органдарына бизнесті тартып алуға байланысты барлық қажетті дәлел беріледі», – деп жазған Баян Мақсатқызы өзінің инстаграм парақшасында.