$ 494.87  520.65  4.91

«Almaty steklo» зауытының иесі бизнесінің жартысын Болат Назарбаев тартып алғанын мәлімдеді

Кәсіпкер Болат Назарбаевқа ай сайын 250-300 мың доллардың айналасында ақша беріп отырған.

«Almaty steklo» зауытын құрған кәсіпкер Әзім Абдуллаев кәсібіне экс-президенттің інісі Болат Назарбаев рейдерлік шабуыл жасап, тең жартысын иеленіп алғанын айтады. Әйнек бөтелке, банкі шығаратын зауыт Алматы облысы Қарасай ауданы Жармұхамбет ауылында орналасқан. Болат Назарбаев зауыт ашылған 2016 жылдан бері Абдуллаевпен бірге жарғылық капиталдағы 50 пайызға ие, деп жазады Азаттық.

Ақпаратқа қарағанда, Болат Назарбаев 31 наурызда Азим Абдуллаевқа ресми хат жіберіп, иелігіндегі акция пакетін үшінші тарапқа – Руслан Шалин деген азаматқа сыйға беретінін хабарлаған. Осы мәселені шешу үшін 6 сәуірде құрылтайшылар жиынын өткізуді ұсынған деп айтылады.

6 сәуірде «Болат Назарбаевтың акцияларын сыйға алдым» деген азамат Руслан Шалин адвокатымен бірге Almaty steklo зауытына келді. Бірақ жұмысшылар оны сұрақтың астына алып, ішкі кіргізбеді. Жұмысшылардың сөзінше, «шыны өндірісінен хабары жоқ жаңа құрылтайшы келсе, зауыт жабылып не тоқырауы» мүмкін.

35 жастағы Руслан Шалин экс-президенттің інісімен таныс-біліс екенін растады. Үлесін алғаны жөнінде келісім-шарты барын да айтады.

- Біз жиын өткіземіз дедік. Құрылтайшы Әзім Абдуллаевпен жиын мәселелерін ақылдасуға келдік, - деді Шалин.

Бірақ Болат Назарбаев үлесін не себепті сыйға тартқанын ашып түсіндірмеді. Біраздан кейін адвокатын ертіп кетіп қалды.

Зауыт қызметкерлері де жұмыс орнына оралды. Басшылық журналистерге өндіріс маңын, зауыттың жұмысын көрсетті.

Зауыт өкілдері Назарбаевтың өкілдері келетінін БАҚ-қа алдын ала хабарлаған еді. Зауыт директоры Азим Абдуллаевтың сөзінше, мәселе зауыт салынып біткен 2016 жылы басталған.
- Қалай бітті, солай шабуылдар басталды. Бізді, мені түрмеге қамамақ болды. Менде басқа амал қалмады. Бірден зауыттың жартысын атына шығарып, бізге тиіспеуі үшін қомақты қаржы бердік. Қысым күшті болды. Оның бәрін Болаттың ұлы Нұрбол Назарбаев ұйымдастырып, басқарып отырды, - дейді Абдуллаев.

Абдуллаев олардың зауыттың жерін алуға, салуға, ашуға көмектеспегенін айтады. Оның сөзінше, "Абдуллаевтар отбасы Болат Назарбаевқа ай сайын 250-300 мың доллардың айналасында ақша беріп отырған".

- Болат Назарбаевпен жұмыс істегеніме 15 жыл болды. Содан бері сауып келе жатыр. Жалпы көлемі 60 миллион долларға жетеді. Беретін ақшамыз жетпей қалғанда боқтап, тауып кел, түрмеге қамаймын деп қорқытатын, - дейді ол жайлы Әзім Абдуллаев.

Әзім Абдуллаевтың айтуынша, арақ-шарап шығаратын «Шалқар-17» деген зауытына да Болат Назарбаев бірге иелік еткен, биыл ғана өзіне қайтарған. «Қайтару үшін 5 миллион доллар ақша бердік» дейді. Қарасай ауданында орналасқан «Бахар» мейрамханасында да Назарбаевтың үлесі бар. деп айтылады. Кәсіпкер «мейрамхананы анамыздың есімімен Бахар деп атағанбыз» дейді.

Абдуллаев отбасы наурыздың соңында Болат Назарбаев пен Нұрбол Назарбаевтың әрекетіне байланысты Бас прокуратураға, Ішкі істер министрлігіне шағым түсірген. Әзірге жауап келмегенін айтады.

Азаттық тілшілері құқық қорғау органдарынан зауыт басшылығының шағымдарына байланысты түсініктеме алуға тырысып жатыр.

Әзім Абдуллаев қазір кәсібін Болат Назарбаевтан өзіне толық қайтарып алғысы келеді. Ұзақ жылдар бойғы "қорқытумен беріп келген ақшаның" да өтеуін сұрамақ.

Болат Назарбаевтың компанияларын біріктіретін Prime capital holding Азаттық қоңырауын көтермеді. Компанияның сайты да істемей тұр. Оның өкілі ретінде шыны зауытына келген Руслан Шалин Болат Назарбаев қайда деген сұраққа жауап бермеді.

Қазақстанда кейінгі кезде "экс-президенттің туыстарынан жылдар бойы құқай көрдік", "рейдерлік жасады" деп мәлімдеме жасаушылар жиіледі. Қамауда отырған Parmigiano Group мейрамханалар желісінің негізін қалаушы, Esentai City жобасының авторы Алмас Әбдіғаппаров пен оның жақындары Болат Назарбаевтың адамдарының бизнесін тартып алғанына шағымданған. Әбдіғапаровтың өзі өзінің қамауда отырғанын да сонымен байланыстырады.
Әзірге Назарбаевтың отбасы оқиғаларға түсініктеме бермеді. Қаңтар оқиғасынан бері экс-президенттің туыстарының кейбірі ұсталды, кейбірінің қайда екені белгісіз.

Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің өмір бойғы төрағасы құқығынан айырылған соң жақын туыстары ірі қызметтерден шеттетілген.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары